
Ащыкөл ауылының тұрғыны Иван Гоцак – өзін елге тек жақсы қырынан таныта білген жан. Ол әке жолын қуып, ширек ғасырға жуық егіншілік кәсіппен айналысып келеді. Осыдан 24 жыл бұрын оның әкесі Иван Гоцак “Совхозный” атты шаруашылықта директордың орынбасары қызметін атқарып жүріп, өз кәсібін ашуға бел буған екен. Қиындықтан қорықпаған Иван Иванович ашқан шаруашылық Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бірінші тіркелген қожалық болып табылады. Бүгінгі таңда баласы әкеден мұраға қалған осы бір кәсіпті абыроймен жалғастырып келеді.
Иелігіндегі 2700 гектар алқапқа дәнді дақылдар егіп, соның ырысын көріп отырған Иван Гоцак мол өнім алу үшін ғылыми жетістіктерге жүгінеді екен.
– Егістік жылдың төрт мезгілінде де ылғал жинау қажет. Мысалы, қазіргі жаңбыр келесі жылға ылғал қорын жинауда. Жұмысың алға басу үшін жер, техника және ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану қажет. Жерді деңгейлі түрде өңдеймін, техниканы жаңартамын, ғылыми жаңалықтарды пайдаланамын. Ал жанымдағы жігіттер – кілең сынақтан өткен, сенімді мамандар. Бәрі тәжірибелі. Өздері – агроном және зертхана. Егер ору барысында егіннің тым ылғалдылығын көрсе, мені тоспайды. Өздері не істеу керектігін жақсы біледі, – дейді “Гоцак” шаруа қожалығының басшысы Иван Иванович.
Шаруа қожалығында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың барлығы – Ащыкөл ауылының тұрғындары. Ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер оларды адал еңбектері үшін жоғары бағалайды.
– Володя Гуровский, Нұрлан Жақсыбаев, Виктор Харченко – сенімді жігіттер. Біздің қожалықта жұмысқа атүсті қарайтындар мүлдем жоқ. Сол себепті де біз бір үйдің баласындай жұмысымызды ұрыс-керіссіз бірлесе отырып, атқарамыз, – деген кәсіпкер шаруашылығында түрлі этнос өкілдерінің еңбек етіп жатқандығын да атап өтті. Өзінің этносы украин болса, жұмысшылары қазақ, татар, поляк, орыс болып түрге бөлінгенімен, тілектері бір екен. Студент кезінде қазақ тілін әжептәуір меңгергендігін мақтана айтқан Иван Гоцак бертін келе сәл ұмытың-қырап қалғанын жасырмады. Алайда, ауызекі тілде сөйлесуге білігі жетеді екен.
– Біз – еңбек адамымыз. Ал еңбек адамына татулық пен ебіміз келетін жұмыспен айналысу аса маңызды. Отбасыммен еңбек еткенді ұнатамыз. Ұлымды да еңбекке жастайынан баулып, қара жұмыстан қашуға тыйым салғанмын. Бүгін қырман басында анам, зайыбым, қарындасым, ұлым еңбек етіп жүр, – деген Иван Гоцак қоғам үшін тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. “Еліміздегі тыныштықтың арқасында болашаққа сеніммен қарайтынымыз шындық. Осының арқасында кәсібімді кеңейтіп, жұмысты жаңғырту үшін болашаққа жоспар жасаймын, қаржы шығарып, жаңа техника сатып аламын. Мемлекетіміз де біздей еңбексүйгіш адамдарға зор қолдау танытуда. Техника алуға, егінге, жанармайға субсидия, несие береді. Бұл ауылдағы шағын шаруа қожалықтары үшін зор көмек екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес”, – дейді ол. Кәсібінің нәсібін көріп, қолдау танытып жатқан мемлекеттің дамуына Иван Гоцак та өз үлесін қосуға әзір. Округ аумағы бойынша өтетін барлық әлеуметтік, қоғамдық шараларға белсене қатысады. Әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға көмек қолын созып, олардың қамқоршыларына айналды. “Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін” деген қағидатты ұстанатын кәсіпкер жасаған жақсылығын айтып, жар салмайды. Міндеті санайды. Себебі, ол – өз елінің, шағын ауылының жанашыр патриоты.
Болат ӘМРИН.
Ақжар ауданы.