Әр халық өзінің ата-бабасынан қалған бар жақсыны сақтап, оны әрі қарай дамытуға тырысады. Оның ішіне ұлттық тағамдарының дайындалу тәсілдері де кіреді. Осыған орай бүгін сіздерге Қазақстанда тұратын қырғыз халқының ұлттық тағамдарының ерекшеліктері туралы айтқым келіп отыр.
Қырғыз асханасы – Орта Азия мәдениетінің бар жақсысын таңдап алған, ұлттық ерекшелігімен айқындалатын асхана. Қырғыз халқының да өздерінің мерекелері мен салт-дәстүрлеріне, ырымдарына байланысты дайындалатын тағамдары бар. Салт-дәстүрлерге байланысты жасалатын мұндай тағамның кейбір түрлері қолданыстан шығып қалған. Алайда, олардың ішінде жаңа мәнге ие болып, қазіргі кезге дейін дайындалып жүргендері бар.
Ертеректе дайындалып, қазіргі кезге дейін өз мәнін жоймай, қырғыз дастарқанынан табылатын тағамдардың бірі – кёчё. Бұл тағамды әзірлеу үшін ертеректе жүгеріні, тарыны немесе бидайды кептіреді екен. Ал қазіргі заманауи тағам өндірісі түрлі дән жармаларын қажетті көлемде шығарып жатқанын айта кету керек. Бұл үй шаруасындағы әрбір әйел адамға жайлылық тудыратыны рас. Осы дайын жармаларды салып, түрлі тағамдар, соның ішінде кёчёні де дайындауға болады.
Қазанға су құйып, дәміне қарай тұз салады. Жарманы салып, піскенше отты жай қойып қайнату қажет. Ұн немесе талқанды стакандағы суға салып, іртік қалмайтындай етіп араластырып, қазанға құяды. 20-25 минут қайнату керек. Дайын болған тамақты суық күйінде де, ыстық күйінде де ішуге болады. Оған айран немесе сүзбе қосқан дәмді. Бұл тағамды жылдың кез келген мезгілінде дайындай береді.
Наркенже УТЕГЕНОВА,
үй шаруасындағы әйел.