«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Деген екен …

(Басы өткен сандарда).

1987 жылы анасы Бәтима қатты ауырып, Баянғали амалсыз Алматыдан ауылға көшетiн болыпты. Анасына қарау керек, ертең бiр жағдай болып кетсе, жалғыз қалған әкенiң халi не болмақ? Астанадан аттанарда барлық ақын, жазушы ағалары, жолдастары жылы сөздерiн айтып, қимай-қимай шығарып салыпты. Өзi қызмет iстейтiн “Жұлдыз” журналының ұжымы жақсы тiлектерiн бiлдiрiп, естелiк сыйлапты. Жолдастарының атынан Серiк Тұрғынбеков өлең жазыпты.

 

Жүректiң табар дауасын,

Табиғат деген ең шебер.

Туған жер жұпар ауасын

Жұтып бiр қайтқың келсе егер.

Жол болсын деймiз, Баянжан

Жырларың жатсын жосылып.

Даусыңнан сенiң оянған

Қазақ пен қырғыз қосылып.

Қызметке адам қонақ қой,

Көңілiң көлдей, мәрт жаның.

Қырғызға кетпей, жөн-ақ қой,

Көкшеге қарай тартқаның!

Емессiң көңiл қалдырған,

Жерiңдей туған дарқансың.

Сексен көл сенiң алдыңнан

Сексен қыз болып қарсы алсын.

Көкшенiң биiк құздары,

Сол құздай бiз де қайсармыз.

Сағынған кезде бiз-дағы,

Көкшеге барып қайтармыз.

Тiлектес iнi, жақсы аға,

Жемiсiн жырдың терерсiң.

Сағынтқан кезде астана,

Өзің де жетiп келерсiң!

Ақын ағасы Ғафу Қайырбеков “Жұлдыздың” атынан, бүкiл ақын-жазушылардың, Алматының атынан арнаған өлеңiн оқып берiптi:

БАЯН – САПАР

(Iнiм Б.Әлiмжановқа)

“Жұлдыздың” кенжетайы, сүйкімдісі,

Мың күнге азық болған бір күнгі ісі.

Жан-жағын дауылдатқан, дабыл қаққан,

Келгенде қыранға ұқсап сілкінгісі.

Шабыттың шын перзенті, қол баласы,

Ежелгі жүйріктердің олжаласы.

Қызметке туған жерге шектің сапар

Қолдасын жолдың пірі, жол данасы.

Көзіңде жарқыраған болашағың,

Алдыңда – болар шағың, толар шағың.

Қалықта аспан жердің арасында

Тұрмыста саз кешпесін толарсағың!

Рахмет “Жұлдызға” еткен еңбегіңе,

Жұлдыздай шыға бер сен ел көгіне.

Оранып мауқыңды бас, бала қыран

Көк майса Көкшетаудың жөргегіне!

 

Даланың данышпаны, ол да ағасы,

Қазақтың ортасында мол бағасы.

Көкшеге қанат болып алып ұшсын

“Жұлдыздың” жырмен жазған жолдамасы!

Әрине, сендей жанды көз қия ма,

Ұқсаған бойы биік боз қияға?!

Махаббат, шапағатты қатар жинап,

Қайтарсың аман-есен өз ұяңа!

– Ойбай-ау, Ғафеке-ау, мынадай өлең арнасаңыз, біз де ауылға көшіп кетер едік! – деп жіберіпті бір қаламдастар әзіл-шыны аралас.

Сонда Баянғалиды қолтықтап кетіп бара жатқан Ғафекең:

– Айналып кетейін Баяшка, сен менің балам сияқтысың ғой, мен сені Бақытымнан кем көрмеймін ғой! Өлең деген жүректен туады, әйтпесе, әне біреулер көшіп жатса, мұндай өлең қайда-а! – деген екен. Кейiн Ғафекең бұл өлеңін “Шұбалаң” атты кiтабына енгiзiптi.

ОҚЖЕТПЕСТЕ

Ғафу Қайырбеков ағамыз Бәдеш жеңгемiзбен жылда Көкшетауға келiп демалады екен. Бiр жолы сәлем бере барғанында Баянғали ақын ағасына:

Жырлары ұялаған ел iшiне,

Көз жетпес құлашы мен өрiсiне.

Әзiлдеп айтып кеткен әрбiр сөзi,

Айналған кең даланың кенiшiне.

Сәлем бердiк Оқжетпес – Олимптегi

Ойлы өлең, өткiр сөздiң Зевсiне!!! – деген екен.

ҒАБИДЕН МЕН НӘБИДЕН

Бiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн “Палуан” деп еркелететiн Шерхан:

– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, – дейдi.

Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: “Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам”, – деп өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып: “Қалай сабаймын, Шераға?” – дейдi.

Сонда Шерхан:

– Мынаны сабау керек. Бұл “СҚ”-да местком болған. Сонда: “СҚ”-да не көп, салық көп”, – деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:

“Жылу жинап әр үйден,

Кетiп едiң Нәбиден,

Картоп та жоқ, қап та жоқ,

Атаңа нәлет Нәбиден!” – деп. Мұны сол үшiн сабау керек!

Содан: “Нәбиден құрдасымды саба”, – деп тағы бiр кездескенде айта-ды. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:

– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi, – деп тағы айтады.

Сонда Баянғали:

– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiл, Ғабидендi сабап берейiн! – деген екен.

МӘДЕНИЕТТІ ҚОЙЛАР

Баянғали Алматыда қызмет iстеп жүргенде Москвада оқитын Моңғол елiнiң жазушылары Жағдалын Лхагва, Гунсен екеуiн халық шаруа-шылығы жетiстiктерiнiң көрмесiне қыдыртып апарады. Сонда сарық қойлардың беттерi берi қарап түскен суретiн көрiп, екi қонақтың бiрi:

– Почему так снимали? Где курдюк? – деп сұрайды. Оның қазақтың құйрықты қойларын iздеп тұрғанын түсiнген Баянғали:

– Наши овцы цивилизованные, гостям не показывают свой зад! – деген екен.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp