
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты республика, өлке жұртшылығына етене таныс. Шәкірттерге саялы білім ордасы болған, ұстаздарына еңбек даңқын әкелген осы қасиетті қарашаңырақтың іргесі қаланғанына 80 жылдай уақыт зыр етіп өте шығыпты-ау…
Алдымдағы аға-апам, менен кейінгі іні-сіңлілерімді әкем осы интернатта оқытты. Үйде қалған мен әкеме: “Мен де қалада оқимын”, – деп талай әлек салғаныммен, бұл мектептен маған білім алудың сәті түспеді. Бірақ қарашаңырақта ұзақ жылдар қызмет ету бақыты бұйырды.
Өзім 40 жылдай еңбек етіп келе жатқан қасиетті білім орасының тарихы тереңде жатыр. Сондықтан үлкен мерейтой қарсаңында мектептің тарих тарауларын еске салып өтуді парызым деп білемін. Мектеп тұңғыш 1935 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды. Алғашында 13 топ, 8 сынып болады. Ұжымда жоғары білімді 4 ұстаз, орта білімді 6 мұғалім еңбек етті. Өкінішке қарай, ұстаздар туралы мәлімет жоқтың қасы, тек Ақмола облысының Талапкер ауылының тумасы Шаймерден Садықовтың география пәнінен сабақ бергені ғана белгілі. Ал 1936 жылы мектеп-интернат оқушылары үшін есімі аңызға айналған физика пәнінің мұғалімі Шамиль Хұсаинов қаладағы педтехникумды бітірісімен осы мектепке жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққанға дейін бүкіл ғұмыры осы мектепте өтті.
1936-37 жылдары мектеп Сталин, Дзержинский (қазіргі Интернационал, Алтынсарин көшелері) көшелерінің қиылысындағы 2 қабатты ғимаратқа көшеді. Осы кезде мектеп “Калинин қазақ орта мектебі” болып аталады. Оның ең алғашқы директоры Насыр Темірұлы Шығай деген кісі болады. Осы кезде мектепте Н.Мұсабаева, А.Ертаев, С.Халықов, К.Биболов, Н.Жамшин, М.Ибраев, С.Бейсенбаев сияқты ұстаздар сабақ береді. Бірінші директордың не суреті, не ол жайында деректер сақталмаған. Осы алғашқы түлектердің ішінен партия, шаруашылық, кәсіподақ органдарында көп жылдар басшылық қызметте болған Мінайдар Жақыпов, Мәукен Сәдуов, бұрынғы атақты дипломат Мәлік Фазыловтың есімдерін ерекше атауға болады. Бұлар – елеулі еңбектерімен тарихта аттары қалған тұлғалар.
1938 жылы мектепке Ғали Тілеулин директор болып келеді. Аз уақыт өткен соң “халық жауы” деген жаламен ұсталып кетеді де, көп кешікпей атылады. 1956 жылы 24 тамызда Түркістан әскери округінің шешімімен қылмыстық ісінің жоқтығына қатысты ақталады.
1940 жылы басшылыққа Айтмұхамбет Темірбаев тағайындалады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Сталинградтан Прагаға дейін 7 гвардиялық армияның 763-полкінің құрамында соғысады. Курск түбіндегі шайқасқа, Днепр үшін ұрысқа қатысады. Алайда, 1945 жылы Берлинді алу қарсаңында жолда қаза табады.
1941-1943 жылдары мектеп басшылығына Нағима Сарсенова келеді. Соғыс уақытының қиындыққа толы күндері білім ордасына да салқынын тигізді. Жағарға отын, киерге киім, ішерге тамақ тапшы. Сонда да оқу-тәрбие жұмысына нұқсан келтірмей, балаларды тоңдырмау үшін отты өзі жағып, шәкірттеріне жағдай жасады. Кейін қызмет бабымен Көкшетауға ауысып, партия-кеңес қызметінде еңбектеніп, зейнетке шығады. Үкімет тарапынан еңбегі жоғары бағаланып, “Құрмет белгісі”, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталады.
1943-45 жылдары мектеп тізгінін Жанахмет Ақпанбетов алады. Ол – Сәбит Мұқановтың “Мөлдір махаббат” шығармасындағы Бәтестің (Бәтиманың) өмірлік жары. Мектептің кейінгі директорларының бірі – Ғалым Хамзин осы кісінің тұсында білім алыпты.
Соғыс аяқталған соң мектеп басшылығына Томск қаласындағы мұғалімдер курсын бітірген жас маман, майдангер Мәті Құсайынов тағайындалды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Р.Азаматова, З. Хусаинова, Ғ.Ибраев, Х.Ибраева, Е.Дәрібаев сияқты ұстаздар соғыстан кейінгі қиын уақытта еңбек етті. Осы оқу орнынан зейнетке шыққан олардың бүгінгі күні бәрі де өмірден озды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, кейін республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Мақтай Сағдиев, өңірімізге танымал азаматтардың бірі Жақсылық Ысқақов, т.б. осы ұстаздардан білім алды.
1947 жылы еліміздің бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов Петропавл қаласына сапары барысында қаладағы жалғыз қазақ мектебіне арнайы келіп, жағдайының мәз еместігіне көзі жетеді. 1949 жылы облыстық партия комитетінің нұсқауымен Мәжікен Ғаббасов мектепті басқаруға жіберіледі. Жас жігіт жұмысқа зор ынтамен кіріседі. Қыс мезгілінде оқушылар отын жағып, оны тасып, қиындық көріп жүргенін білгеннен кейін М.Ғаббасов “ЗИМ” заводымен дереу байланысқа шығып, жылу жүйесін қосады. Оның тұсында В.Курилов, К.Қасымова, К.Жүсіпова, Ғ.Ақбидаев, Г.Есболова, А.Қалиева, тағы басқа да ұстаздар еңбек етті.
1952 жылы мектепті 21 түлек бітіреді. Олардың ішінде Оразгелді Баймұратов, Нұрғазы Нұралин, Айтмұқан Малдыбаев сияқты көрнекті ел тұлғаларымен қатар, Жоғарғы Кеңес Президиумының бөлім меңгерушісі болған Райхан Есмағанбетова сияқты білімді шәкірттер мектепті бірыңғай “5”-пен бітіреді (Бүгінгі тілмен айтқанда, “Алтын белгі” иегерлері ғой). Е.Хайретдинов, С.Әлімбаева, А.Мұқанов сияқты шәкірттердің аттестаттарында бір ғана “4” шықты (“Күміс медаль” иегерлері).
Қабдөш Қалиев 1953 жылы директорлыққа тағайындалады. Қабдөш Қалиевтің тұсындағы түлектердің арасында математика ғылымының кандидаты Қ.Айсин, экономика ғылымының кандидаты К.Мәдиев, сол сияқты өңіріміздің еңбек ардагері Болат Сағындықов, Серік Әбілқасов, Серік Мусиндей нар тұлғалар бар. Болат ағамыз күні бүгінге дейін мектептің құрметті қонағы, қол үзбей келіп тұрады.
Өмір бір орында тұрмайды. Еліміздің өркендеуімен қатар, қаладағы қазақ мектебінің де оқу-тәрбие жұмысы ілгеріледі. Осыдан хабардар облыс жұртшылығы балаларын қалаға оқуға әкеле бастайды.
1960 жылы Калинин қазақ орта мектебі “№2 облыстық қазақ мектеп-интернаты” мәртебесін алады. Ауыл еңбеккерлері, оның ішінде озат механизаторлардың, сауыншылардың, көпбалалы отбасылардың балалары осы мектепте оқу мүмкіндігіне ие болады. Тамақ, киім-кешек тегін берілетін, күні бүгінге дейін “Интернат бізді жеткізді” деп ризашылықпен еске алып жүретін шәкірттерді көп кездестіремін.
1960-1962 жылдары мектеп-интернатқа Жасұлан Нұрпейісов директорлыққа келді. Ол, алдымен, ауыл балаларының орыс тілін үйренуіне назар аударып, пән сағаттарын көбейітті. Оқушылардың белсенділіктерін арттыру үшін өздік басқару кеңесін құрды. Сонымен қатар, мектеп балалары үшін жазғы лагерь ашты. Осындай жаңалықтардың жаршысы бола білген Жасұлан Нұрпейісов кейін еңбек жолын СҚМУ-де жалғастырып, ғылым кандидаты болды, профессор дәрежесіне жетті. Бүгінгі күні – бейнетінің зейнетін көріп отырған қадірменді қария. Жасұлан Қасымұлының тұсында М.Мырзатаева, Б.Темірболатов, Е.Кузнецова, Қ.Жаманбаева, С.Ысқақова, Ж.Сүлейменова Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атағын иеленді. Өйткені, олардың ұстаздық жолдағы еңбектері орасан еді. Ал жас мамандар Р.Жақыпова, З.Қадырова, Д.Айтбаева, К.Айтбаева, Ш.Оспанова, Г.Тайболатова ізденімпаздықтарымен көзге түсті.
Ғалым Даниярұлы кейін қалалық атқару комитетіне қызметке ауысады. 1971-73 оқу жылдары Маташ Рамазанов пен Еркін Біләлов сияқты азаматтар аз уақыт директорлық қызмет атқарды. Осы кезде А.Біләлова, А.Ниязова, Ш.Шандрова, М.Нұржауыпова, А.Абдразакова, Г.Браилко сияқты ұстаздар және 1973-74 оқу жылында Ғалым Даниярұлы Хамзин өз орнына директорлыққа қайта келгеннен кейін Г.Сүгірәлиева, А.Жолаушинов, З.Балсейітова секілді жастар еңбек жолына араласады. Бұл – оқушылардың өздік басқару кеңесінің дүркіреп тұрған кезі. Жақсылық Жұмашев, Қайырбек Оразов, Роза Ермишева, Қосшығұл Байматов секілді оқушылар өздік дайындықтағы оқу сапасын, бос уақытты дұрыс пайдалану, мемлекеттің мүлкін көздің қарашығындай сақтау мәселелерін көтеріп, сынып сағаттарын да өткізетін.
Жыл өткен сайын балалармен толығып отыратын мектеп-интернат жеткіншектерге тарлық етті. Ғалым Даниярұлы жаңадан мектеп-интернатының ғимаратын салуды көздейді. Бірақ ол небәрі 44 жасында өмірден өтіп, арманы аяқсыз қалады. Парасаты мен келбеті келіскен байсалды, әр сөзі салмақты Ғалым Даниярұлы ұжымда білімді, абыройлы басшы болды. Ол кісі мектептің тазалығын ерекше қадағалайтын. Жас мұғалімдермен жиі әңгімелесіп, жұмыс барысын сұрап отырушы еді. Орынды жерде әзілдерін де айтып қоятын. Әсіресе, ел ішінен келген өнерлі, әнші, домбырашы, биші балаларға ерекше зер салушы еді. Өңірімізге танымал күйші Серікбай Құсайыновтың өмірінің біраз белестері қазақ интернатында өткені белгілі. Оның басқаруымен интернат балаларының домбыра ансамблін құруға Ғалым Даниярұлы зор үлес қосты. Түрлі мерекелерде өнерлі балалардың ән-биін ұжым тағатсыздана тосатын, олар бірнеше мәрте концерттік бағдарламалармен облыстық теледидарға да шықты.
Сол кездегі музыка пәнінің мұғалімі Әмина Мұсабаеваның да еңбегін ерекше атап өтуге болады. Мектеп тарихында тұңғыш рет екі дауыста хор ұйымдастырды. Сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі өз жұмысына өте жауапты әрі ұқыпты қарайтын Жақсылық Мұқажанұлы мен Ғалым Кәдірәліұлының да директордың сенімді серіктері болғанын айта кеткен жөн.
Ғалым Кәдірәліұлы мектеп басшылығының тізгінін 1977 жылдан бастап қолына алды. Осы жылдары билік өкілдері интернаттың ғимаратын қаланың сыртына салуға рұқсат берді. Сөйтіп, 1980 жылы мектеп бүгінгі мекенжайына (Семашко, 2) көшті. Жаңадан 17 кабинет, үлкен кітапхана ашылды, спорт, акт залы, кәсіби білім беретін шеберханалар, көлік сыныбы, жылыжай, ату тирі іске қосылды. Осы жылы мектеп мұражайы ашылды. 1985 жылы мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтың есімі берілді. Ғалым Кәдірәліұлының тұсында 10 “Алтын белгі” иегерлері шықты. Үздік шәкірттер Ф.Құсайынова, Н.Тіленшина, М.Төлентаева, Қ.Талипова, М.Ақмағамбетова, А.Дайырова, А.Баженова, А.Алиясова сияқты жастар бүгін де еселі еңбектерімен ел алдында абыройлы. Ғалым Кәдірәліұлы қарамағында істейтін жас мұғалімдерге лайым қамқоршы еді: Бірнеше ұстаздардың пәтер алуына көмегі тиді. Интернаты үшін белі бүгіле еңбек еткен, шәкірттерінің ризашылығына бөленген Ғалым Кәдірәліұлының кейінгі өмірі де бәрімізге мәңгілік ғибрат.
Ал 1986 жылдан бастап мектебімізді басқарған Қарақан Сейітұлы оқу орнының материалдық базасының нығаюына зор еңбек сіңірді. Мектеп ұжымында ұстаздық тәжірибелері мол Т.Сәрсенбаев, Н.Нұрахметов, Ә.Мәжитов, Е.Бекмурзин, Е.Әбілдина сол кісінің тұсында еңбекке араласты. Қарақан Сейітұлы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын сыныптар ашты. Оның алғашқы түлектері өз өңірімізде, республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Ол кісі қызметке келгенде, мектептің маңайы сүреңсіздеу еді. Бір көктемнің сенбілігінде жоғары сынып оқушыларына мектеп алдына, сыртына көшеттер отырғыздырды. Бүгіндері олар жайқалып, терең тамырлы ағашқа айналды. Өзі еккізген жасыл желекті тамашалап тұрудан жалықпайтын еді, марқұм.
1991 жылдың жаңа оқу жылында мектеп директоры болып осы мектептің түлегі Жақсылық Мұқажанұлы Ғалиев келді. Осы кезде ұжымға Р.Жүсіпов, Б.Маженов, Р.Бекмағамбетова, А.Әкімжанов, З.Ескендіров, Н.Вепренцев, Ү.Сандыбаева, Р.Сәрсекеева, Р.Айтжанов, А.Жамалиева, Қ.Абдрашева, А.Ахметова, Н.Көшербаева, С.Жолдасбаева, Ә.Мұхамеджанов, К.Рахметова, Р.Исина, Ж.Сыздықова, С.Мұқашева, Р.Исахметова, Д.Қоспанова, И.Шакирова, т.б.ұстаздар келді.
1992 жылы бұрынғы мектеп-интернат “Қазақ реалды гимназиясы” мәртебесін алды. Әрине, білім берудің жоғары сапасына жетсе ғана мектеп мәртебесі өседі. Осы ретте ұлттық педагогиканы үйрету, туған тілді, өз тарихымызды тереңдетіп оқыту, бір сөзбен айтқанда, жалпы ұлттық сана мен ой-өрісін қабыстыра білім беру қолға алынды. Осының нәтижесінде оқушылар қазақ тілі пәнінен облыстық, республикалық олимпиадаларда зор нәтижеге қол жеткізді. Ботагөз Сәдуақасова, Фарида Тұяқова, Жанар Рамазанова, Айнаш Тұяқова, Әсел Рахиева, Гүлзат Смағұлова сияқты шәкірттер мектептің мерейін биікке көтерді.
Оқу үдерісінде гимназия екі бағытты таңдады. Бұл білім берудің қатарласқан екі жолы болды. Бір бағыт – гуманитарлық, ал екіншісі – жаратылыс-математикалық пәндер шоғыры. Осы ретте гуманитарлық сыныптарда аталмыш пәндер тереңдетіліп оқытылды да, 9-сыныпта “Аударма” курсы, ал математика жағынан “Математика-бағдарлама”, “Нарықтық экономика заңдылықтары” атты курстар енді. Сол секілді мұғалімдердің іскерлігін арттыру мақсатында әдістемелік бірлестіктердің ғылыми бағдарламасы жасалынып, нәтижеге жұмыс істеу идеясына үлкен талап, зор үміт, биік мақсат қойылды.
1999-2000 жылғы оқу жылы күтпеген жерден үлкен жаңалықпен ашылды. Республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының келісімімен қазақ реалды гимназиясы “Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты” мәртебесін алды. Ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақты саналы, білімді азамат етіп тәрбиелеу ұстаздарға бұрынғыдан да зор міндет жүктеді.
2003 жылы мектеп директорлығына бүгінгі басшымыз Күлжан Төкенова келді. Жаңа басшы мұғалімдердің өз ісіне жауапкершілігін, оқытудың озық тәсілдерін шығармашылықпен ұштастыра білуін, әрбір сабаққа мұқият әзірлігін, білімін тереңдетіп, байытып отыруын қатты талап етті. Соның нәтижесінде оқушылардың облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу үрдісі қалыптасты. Америка, Швеция, Оңтүстік Корея, Ресей, Түркия, т.б. шетелдерде ғылыми жобалар қорғалып, бірнеше оқушы грант иегерлері атанды. 2005 жылы қазақ тілі және әдебиеті облыстық зертханасы ашылды. Онда облыстың 16 тәжірибелі ұстазы еңбек етеді.
Күлжан Жұмашқызы басқарғаннан бері мектеп қабырғасынан 39 “Алтын белгі” иегерлері шықты. Бұл жақсы – көрсеткіш, “Дарынның” алғашқы түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбектерімен көзге түсуде.
Уақыт керуені тынымсыз алға жылжуда. Қалай десек те, талайлардың басына пана болған, білім нәрімен сусындатқан бұл қарашаңырақтың иелері – ұстаздар. Алдында мөлдіреп отырған жасөспірімнің қиялын шарықтатып, арманын айшықтауға себепші болатын да осы кісілер. Биылғы оқу жылында да бірнеше өрімдей жастар қатарымызға қосылды. Болашақта мектептің мәртебесін көтеріп, саналы ұл-қыз тәрбиелеуде олардың да үлестері зор болмақ. Білімнің қарашаңырағы әлі де талай мыңдаған азаматтарды тәрбиелеуде бүгінгі табыстарынан айнымайтынына сенімдімін.
Әлия МАЛДЫБАЕВА,
ардагер ұстаз.