Ғаламтордағы дереккөздеріне сүйенсек, қазақстандықтардың көпшілігі Қытай, АҚШ, Шығыс Азия, Ресей, Түркия, Германия, Малайзия, тағы басқа мемлекеттерде білім нәрімен сусындауда. Соның ішінде отандастарымыздың 58 пайызы “алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды” жөн санап, теріскейдегі көршіміздің жоғары оқу орындарына табан тірейтін көрінеді. Оның сырын зерттеп көргенімізде Ресейдің білім ошақтарында бірқатар басымдықтардың шынымен де бар екендігіне көзіміз жетті.
Біздің түлектерді қызықтыратын ең басты артықшылық – ондағы жоғары оқу орындарына түсетіндер Ұлттық бірыңғай тест тапсырмайтынында. Онда талапкерлер мектеп бітірген аттестатын ұсынып, бұрынғы жүйе бойынша емтихан тапсырады да, өзінің білімін дәлелдесе, оқуға түседі. Бұл, әсіресе, өңіріміздегі өзге этносты ағайындарымызға қолайлы болып тұр. Олай дейтініміз Тайынша, Мағжан Жұмабаев және басқа аудандар мектептерінің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай, өздерінің тарихи Отандарына бет алады.
Облыстық білім басқармасының маманы Айгүл Оспанованың айтуынша, биыл облыс мектептерінен 3733 түлек үлкен өмірге қадам басқан. Олардың Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына – 709-ы, колледждеріне 79-ы түссе, 141 түлек сонда жұмысқа орналасқан.
Қазақстандықтар көрші мемлекеттің жекелеген университеттерімен қатар, Ресей білім министрлігінің шетелдік азаматтарға арналған арнайы бағдарламасы бойынша гранттарын ұтып алуға да құжаттарын тапсыра алады. Осындай жеңілдіктерді пайдаланған 26 мыңнан астам қазақстандық бүгінде Ресей білім ошақтарын жағалап жүр екен. Ол тізімге үстіміздегі жылы көрші елдің білім ошақтарына грантпен түскен 390 солтүстікқазақстандық та қосылған. Олардың арасында бірен-саран жергілікті этнос өкілдері де кездесіп қалады. Соның бірі Данияр есімді бозбала: “Менің Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жинаған балым еліміздің жоғары оқу орнына грантпен түсуге жетпеді. Сондықтан құжаттарымды көрші мемлекеттің білім ордаларының біріне тапсырдым. Қазір грантпен оқып жүрмін”, – дейді.
Ресейлік жоғары оқу орындарының мамандары “Бізге кім оқуға түсер екен?” – деп тосып отырмай, басқа мемлекеттердің мектеп оқушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетіні де ғаламторда тайға таңба басқандай жазылыпты. Омбы, Томск, Екатеринбург, Ухтинск, Новосибирск қалаларындағы жоғары оқу орындары осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ғана 100-ден астам қазақстандық азаматтарды өздеріне тартқан.
Алайда, біздегі білім ошақтарының басшылары да Ай қарап отырған жоқ екен. “Біз оқушылар мен ата-аналар арасында кәсіптік бағдар жұмыстарын 8-сыныптан бастап жүргіземіз. Онда қазақстандық жоғары оқу орындарының қайсысына қалай түсуге болатындығы, ҰБТ-да қандай пәнді таңдау қажеттігі, олардың әрқайсысында қандай мамандықтарға даярлайтыны, тағы басқалар жайында толық мәлімет береміз”, – деген Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Екатерина Маргелова соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері оқушылар арасында үгіт-насихат жүргізе бастағанын тілге тиек етті. Тек ондай жұмыс қалалық білім бөлімі басшысының рұқсатымен ғана жүзеге асады. Мәселен, білім ошақтарындағы идеологиялық жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаты мен облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатынан ғана 70 түлек еліміздің жоғары оқу орындарына грантпен түскен.
Жалпы біздің облыстан үстіміздегі жылы барлығы 1101 талапкер Қазақстанның және шетелдердің білім ордаларына грант ұтып алған. Соның ішінде 690 түлек еліміздің жоғары оқу орындарына тегін түскен. Олар бүгінгі заман талабына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие, еліміздің өркендеуіне септігін тигізетін мамандықтарды таңдаған. Демек, қазақстандықтардың барлығы шетелдерге кетіп жатыр деп байбалам салуға негіз жоқ сияқты.
Иә, әрбір ата-ана баласының жұрттан қалмай, сапалы білім алғанын қалайды. Бірақ ол білімнің құны қалта тесетін болса ше? Онда ата-ана көрпесіне қарай көсілері анық. Оған да нақты мысал келтіре кетейік, Еркін есімді азамат баласының облыс орталығындағы дарынды балаларға мамандандырылған білім ошағының бірін жақсы бітіргенін, бірақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне грантқа түсе алмай, қазір жылына 800 мың теңге төлеп, ақылы оқып жүргенін айтты. “Екінші балам да, Алла жазса, орта мектепті бітіреді. Оны ақы төлеп оқытуға жағдайым көтермейді. Сондықтан Ресейдің грантпен оқытатын білім ошақтарын осы бастан іздестіріп жатырмын”, – деп ағынан жарылды ол.
Халқымызда “Заманың түлкі болса, тазы боп шал” деген бар емес пе?! Міне, қазіргі жаһандану заманында әркім өзінің шамашар-қынша балаларын оқытуға тырысады. Біздің кезімізде облыс орталығындағы жоғары оқу орнына түсу дегеннің өзі бақыт болатын. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз бен Ресейдің жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттарынан бөлек, басқа да алыс-жақын шетелдердің білім ошақтарында тегін оқуға мүмкіндік бар. Осындай гранттарға биыл облысымыздың 21 түлегі ие болған. Ал Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі үстіміздегі жылы бөлген 32168 грантының 424-ін (соның ішінде “Серпін” бағдарламасы бойынша – 272) М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті иеленген.
ТМД елдерінің арасында біздің елімізде ғана бар мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасымен қаншама жас әлемнің алдыңғы қатарлы, халықаралық рейтингтер бойынша алғашқы ондықтарына енетін жоғары оқу орындарында білім алуда. Ол жоғары оқу орындарындағы білім жүйесінің әдебиет қорының байлығы, ғылыми зертханаларының мықтылығы, профессорлық-оқытушылық құрамдарының жоғары біліктілігі, тағы басқа да басымдықтарын айтудың өзі артық. Сондықтан да “Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз”, – деп ұлы Абай айтқандай, қазіргі жастар жақсыға ұмтылуда. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар орталығының басшысы Ханат Қасеновтің айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша біздің облыстан 80-ге жуық азамат білім алған. “Бастапқы кездегідей емес, қазір болашақтықтардың шетелдердегі оқуын бітірген соң елге оралып, бес жыл еңбек етуі міндетті”, – дейді ол.
Ақылы болса да, баласын шетелге жіберген, газет бетінде атын атамауымды өтінген тағы бір азаматты әңгімеге тартқанымда ол жыраққа шыққан бала ата-анасына масыл болмай, өз бетімен күн көруді үйренетінін, бірнеше тілді меңгеретінін, ең бастысы, бізде жоқ сапалы білімді сонда алатынын айтты.
Сапалы білім демекші, ғұлама ғалым әл-Фараби: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы”, – демеп пе еді? Ендеше шетелдің сапалы білімін аламыз деп жүрген жастарымыз қайда оқыса да, өздерінің Темірқазығы болар тілін, дінін, ділін ұмытпай, елін-жерін сүйетін, парасат-пайымы мол, ұлттық мүдде мен намысты жоғары қояр азамат болып өссе, игі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.