Бүгінгі білім беру жүйесінің басты талабы – өз әрекетін нақты жоспарлай білетін, ой-пікірін жүйелей және дамыта алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Дайын білімді игеру оқушылардың ой-өрісін, сөйлеу дағдысын, сабақ барысында белсенділіктерін жетілдіруге кедергі келтіреді. Сондықтан осы мәселені шешуде оқытудың диалогтік тәсілін қолдану тиімді. Диалогтік оқыту тәсілі арқылы оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай білуге, достық көмек көрсетуге, нақты сұрақ қоюға және сыни тұрғыдан ойлана отырып, бір-бірімен пікір алмасуға, өзгенің көзқарасымен санасуға, өз ойын сыныптастарына түсінікті етіп жеткізуге үйренеді.
Оқушыларды белсенді жұмысқа тартып, тілдік ортаны жетілдіру үшін рөлдік ойындар, қадамды сұхбат, постер құрастыру, тағы басқа да әдіс-тәсілдерді қолдану өз жемісін беріп келеді. Сондай әдіс-тәсілдердің бірі – концептуалдық кесте құру арқылы топтардың жұмысын ұйымдастыруға болады. Мәселен, Ы. Алтынсариннің “Әке мен бала” әңгімесі бойынша талқылау жұмысын жүргізе отырып, ондағы кейіпкерлерді анықтатып, әңгіменің баяндалған жерін, ондағы негізгі сөздерді, оқиға немен аяқталғанын, оқушылардың оған беретін бағаларын білуге, сөйтіп балаларды өзара әрекеттестіре отырып, пікір алмасуға, ортақ ой түюге, топпен жұмыс істеуге жетелеген жөн.
“Ойлан, жұптас, талқыла” әдісі де оқушылардың белгілі оқиға желісі бойынша берілген тапсырманы бірлесе талқылап, ортақ шешім қабылдауларына, әңгімедегі немесе мультфильмдегі жағымсыз кейіпкерлерді қалай түзеуге болатын жолдарын қарастыруларына, оны өмірдегі жағдаяттармен салыстыра отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды. Мысалы, оқушыларға “Мақтаншақ қыз” мультфильмін көрсетіп, сол арқылы әр топқа тапсырмалар беру.
1-топ: Мақтаншақ қыз бен оның шешесін сипаттаңыздар.
Мақтаншақ қыздың әрекеттеріне баға беріңіздер.
2-топ: Мақтаншақ қызды қалай өзгертуге болады?
Ханның бейнесін сипаттап, әрекетін талдаңыздар.
3-топ: Осы мультфильмді бүгінгі күнмен байланыстырыңыздар.
Көрген мультфильм бойынша ой бөлісіңіздер.
Сарапшылар тобы оқушылардың берген жауаптарының толықтылығына, өзектілігіне және орындалу сапасына қарай бағалайды.
Марал ЖАНТІЛЕСОВА,
Власовка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Аққайың ауданы.