«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ МҰҒАЛІМ ТАПШЫ ЕМЕС

Ыбырай Алтынсариннің “Мұғалім – мектептің жүрегі” деген ұлағатты сөзі жадымыздан шыққан жоқ. Керісінше, қазақтан шыққан алғашқы мұғалімнің осыдан ұзақ жыл бұрын дөп басып айтқан даналығына қайран қаламыз. Бүгінгідей дамыған заманда қабілетті, дарынды, жан-жақты шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігін арқалаған ұстаздар, шынымен де, мектептің жүрегі, күретамыры. Сондықтан ата-аналар баласының заман үдесінен көрінген тәлімгерден білім алуын қалайды. Әсіресе, мектеп түлектеріне арналған білім сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеу – мұғалім еңбегінің көрсеткіші. Ал биылғы оқу жылында мектепті тамамдағалы отырған шәкірттердің әке-шешелері алаңдаулы. Олардың қобалжитын жөндері бар. Өйткені, біраз оқу орындарының маңдайалды ұстаздары конкурстық іріктеу арқылы Петропавл қаласының “Береке” ықшамауданында ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебіне қызметке орналасты. Елбасының бастамасымен бой көтерген аталмыш білім ордасында бүгінгі күні “Өркен” грантын иеленген 450 бала оқыса, оларға 130 ұстаз сабақ береді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Күлфарида Раисованың айтуынша, ұстаздар конкурстық іріктеудің ережесіне сәйкес қызметке қабылданған. Барлығы 400-ге жуық педагог байқауға қатысса, соның 130-ы өздерінің білімдері мен біліктіліктерін дәлелдеп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған. Күлфарида Бабағұмарқызы ұстаздарды қабылдау мұнымен тоқталмайтынын айтуда, мектеп 700 оқушыға арналғандықтан, оқушылар мен мұғалімдер үшін конкурс өткізіліп тұратын болады.

“11-сынып түлектері ата-аналарының алаңдауы бекер”, – дейді Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова. Оның айтуынша, облыс орталығындағы білім беру мекемелерінде бүгінгі күні кадр тапшылығы жоқ. Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысқан ұстаздарды жас мамандар мен ауылдан көшіп келіп жатқан мұғалімдер алмастырыпты. “Сондықтан кадрлық ауыс-түйіс алдағы ҰБТ-ға кері әсерін тигізеді деп ойламаймын. Биыл біздің көрсеткішіміз облыстық, республикалық нәтижеден жоғары болды, түлектеріміздің орташа ұпайы 80 балдан асты”, – деді Гүлмира Райынбекқызы. Ал директорлардың арасынан тек облыс орталығының 19-шы шағынауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ мектеп-гимназиясы мен №16 орталау мектебінің басшылары қызмет орындарын жаңа мектепке ауыстырыпты. Бөлім басшысының айтқандарына көз жеткізу үшін бірнеше мектеп директорларына хабарласып, мән-жайды сұраған едік.  

“Біздің мектептен бар болғаны төрт мұғалім кетті, олардың өзі – менің орынбасарларым. Бұрынғы қызметкерлер оқушыларға сабақ берген жоқ, әкімшілік жұмыста жүрді. Сондықтан біздің ата-аналар қынжылыс білдіріп жатқан жоқ”, – дейді Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры Күлтай Мұқанова. Ал былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеуден қала мектептері бойынша жоғары нәтиже көрсеткен Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледж жанындағы мектеп-лицейінен бес мұғалім жылы орындарын суытқан. Лицей директоры орынбасарларының айтуынша, бұл мұғалімдердің өз қалаулары, ал бүгінгі күні қызмет ауыстырған пән оқытушыларын басқалар алмастырған.

“19-шы шағынауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ мектеп-гимназиясынан директормен қоса есептегенде үш мұғалім ғана кетті”, – деді оқу орны басшысының міндетін атқарушы Әлия Әблина бізге берген жауабында.

Мұғалімдердің жаңа мектепті таңдауларының бірнеше себебі бар екен. Ең алдымен, бұл жердегі жалақы жоғары, сонымен қатар 62 заманауи кабинеті бар. Оның ішінде 18 тілдік, 6 физика, 6 химия, 9 математика, 5 биология және тарих, экология және т.б. кабинеттер соңғы үлгіде жабдықталған. Осызаманғы робототехника, нанотехнология және биотехнология зертханаларын да атап өткен жөн. Сонымен қатар, мектепте техникалық модельдеу, өнерді дамытуға арналған, психология, педагогика және ақпараттық технология дәрісханалары, сирек кездесетін кітаптар жинақталған арнайы кітапхана жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздар мен шәкірттер үшін бар жағдай жасалған. Әрине, көш басындағы білім беру мекемесінде білім алу, қызмет істеу әркім үшін арман екені сөзсіз.

“Мұғалімдерге қойылатын талабымыз жоғары. Сондықтан ұжымға келген ұстаздардың арасынан қиындыққа шыдамай, қызметін тастап кететіндер де табылады”, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшысы. Оны уақыт көрсетеді. Ендеше, өңіріміздегі білім беру мекемелері биылғы оқу жылында жаңа мектептің тасасында қалып қоймайды деген сенімдеміз.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp