«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ТАЛАБЫН ҰШТАҒАН

Әрбір адам ұстаздың өнегесін, тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өседі. Ұстазға қарап бой да, ой да түзейді. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттап, тал шыбықтай иілген әр бүлдіршінді жылы шыраймен күлімсіреп қарсы алатын, қолынан жетектеп, басынан сипап, оңы мен солын танытатын ұстаз алдын көрмеген жан жоқ десем, артық айтқандық емес шығар, сірә?! Өзгенің баласын өз баласындай мәпелеп, алтын уақытын алдындағы бүлдіршіндеріне білім мен тәрбие беруге арнайтын ұстаздарды қанша мақтасақ та болады.

Сандуғаш Советқызы – мектебіміздің мақтаулы мұғалімі. Жастайынан зерек, алғыр, талапты болып өскен қыз мектепте де өзінің білімділігімен, зеректігімен көзге түседі. Ол ұстаздық жолды таңдап, Петропавл педагогикалық институтын 1989 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тамамдайды. Ұстаз содан бергі 26 жыл ішінде қаншама шәкірттің талабын ұштап, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге аяқ бастырып келеді. Сандуғаш Советқызының алдынан шыққан білімді, өнерлі, талантты шәкірттер бүгінде өмірден өз жолдарын тауып, жоғары білім алып, өз мамандықтарының майталманы болып отыр.  

“Жақсы – елдің мақтаны, жұпар гүл – жердің мақтаны” дегендей, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуден жалықпаған, адал да ақкөңіл, жүзі мейірімге толы ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім алған оқушылары оны әрқашан ардақ тұтады. Ұжымда сый-құрметке бөленіп, жан-жағына мейірім мен шуақ шашып жүретін ұлағатты жан әрқашан өз білімін жетілдіріп отырады. Өткен оқу жылында үшінші деңгейлік курсты аяқтаған ол шәкірттеріне жаңа бағытта білім берумен бірге өзінің іс-тәжірибесін жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емес.

Әр шәкірттің қамын ойлап, сырлас та мұңдас болған Сандуғаш Советқызы – мектепте ұлағаты мол ұстаз болса, үйінде түн ұйқысын төрт бөліп, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген бақытты ана, аяулы әже. “Кеңескен іс келісер, ақылы жақсы бөлісер” дегендей, мектебіміздің мақтанышына айналған ардақты ұстаз – өзінің ізін басып келе жатқан жас мамандарға үлгі-өнеге көрсетіп, жол сілтер ақылшы.

Ақмарал ДОСАНБАЕВА,

Жарқын орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp