Қазақстан халқы тiлдерiнiң ХVII облыстық фестивалiнiң аясында өртсөндірушілер арасында семинар болды.
Шарада “Өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметi” мекемесi басшысының орынбасары Серiк Дүйсембеков қызметкерлерді облыстық фестивальдың ашылуымен құттықтап, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Тіл үйренушілердің қазақ тілін меңгеру барысындағы “ҚАЗТЕСТ” жүйесінің маңызы мен атқаратын рөлі, құрылу тарихы, қазіргі жай-күйі, сондай-ақ, даму бағыты туралы сөз қозғаған семинар “ҚАЗТЕСТ жүйесі және мемлекеттік тіл” деген тақырыпта өткізілді. Аталмыш жүйе бойынша тест тапсыру, оның деңгейлері, бағалау қағидалары, оқу-әдістемелік құралдары, диагностикалық тестілерде жазып көру мүмкіндіктері, “ҚАЗТЕСТ” сайты туралы да кеңінен сөз болды.
Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап 8 айға жоспарланған қазақ тілі курстарында 50 өртсөндіруші тегін білім алуда. Оқыту курсы аяқталған соң олар білімдерін пысықтап, “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша сынақтан өтеді. Ал қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің офицерлік құрамы қатысқан осындай семинарда тағы 100-ден астам қызметкер өз білімдерін тексеруге ниет білдірді.
Жазира ҚҰРМАНОВА,
“Өрт сөндіру және апаттық-құтқару” жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы.