Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыстық “Қызылжар” орталық мешітінде болып, жиналған бір жарым мыңға жуық қызылжарлықтарды мұсылман дінінің қастерлі мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтады.
– Қымбатты мұсылман жамағаты, баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күнді халық үлкен айт деп ерекше қасиет тұтады. Соңғы жылдары айт діни мейрам ғана емес, жалпыхалықтық мерекеге айналғанын көріп отырсыздар. Қазақстан – барша жұрттың тілі мен дінін сыйлаған мемлекет, әлемге татулығымен танылған ел. Бұл мереке күні еліміздің абыройы арта берсін. Әр шаңырақтан қуаныш кетпесін. Айттан айтқа жете берейік. Құрбан айт құтты, құрбандық қабыл болсын! – деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Құрбан айт намазының алдында уағыз айтқан “Қызылжар” мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай ислам дінінің қадір-қасиетіне тоқталып, оның өркендеуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізді.
Нақ осы күні Петропавл мен Булаев епископы Владимир мен рим католиктері шіркеуінің бастығы Кжиштоф “Қызылжар” мешітіне келіп, мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтады.
(Өз тілшіміз).