«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАШИНА ЖАСАУШЫЛАРҒА – ҚҰРМЕТ ПЕН МАРАПАТ

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Машина жасаушы күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Елбасының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып белгіленген кәсіби мерекеге орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірдегі машина жасау кәсіпорындарының даму қарқынына тоқталып, тілегін жеткізді.

– Ел экономикасының маңызды саласының бірі – машина жасау. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпорындарды тапсырыспен барынша қамтамасыз етіп, отандық өнімдер шығаруда бәсекелестікті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл салаға инвесторлардың да қызығушылығы артуда. Қазіргі таңда машина жасау кәсіпорындарында заман талабына сай өнімдер шетелдік нарыққа шығуда. Жылдан-жылға тапсырыс портфелі де көбейіп келеді. Осының барлығы өз кезегінде облыс экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізеді, – дей келе Ерік Хамзаұлы жастарға бағыт-бағдар беріп, үлгі-өнеге болып отырған машина жасау саласының ардагерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.  

Бүгінде өңірде 49 машина жасау кәсіпорны бар, ал соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 16 миллиард теңгеге өскен. Осы орайда саланың даму қарқынын сөз еткен өңір басшысы облыстағы “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш”, “ЗИКСТО”, “Казнефтегазмаш”, “КазТехМаш”, “С.М. Киров атындағы зауыт” сияқты ірі өндіріс ошақтарының жетістігін айтып, бұл салада 5 мыңнан астам адам еңбек етіп жатқанын жеткізді.

Жиында машина жасау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Гүлнәр Тембаева, Ербол Әбиев, Виктор Кулаков, Александр Криволапов, Игорь Казаринов, Михаил Болдырь, Ольга Герт, Валерий Лебедев, Виктор Пушкарев сынды өз ісінің білікті де білгір мамандары Құрмет грамоталарымен марапатталса, бір топ азаматқа Алғыс хаттар табыс етілді. Ал “ТРИБО”, “Блок” ЖШС-нің атынан сөз алған Ербол Әбиев пен Ольга Герт облыс әкімі тарапынан көрсетілген құрмет пен марапатқа шынайы ризашылықтарын жеткізіп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етуге уәде берді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp