Бақытжан Сәмиева – ата-анасының тұңғыш перзенті. Сондықтан да болар, әке-шешесі оған үлкен үміт артқан. Ол мамандық таңдайтын уақыт келгенде ата-анасының жолын жалғастырып, білім саласында еңбек етуге бел буған. Осы салада 20 жыл жемісті еңбек етті.
Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылында туып-өскен Бақытжан Мағжанқызы бүгінгі таңда облыстық мәслихаттың депутаты, гендерлік мәселелер бойынша облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, “Виктория” сақтандыру компаниясы филиалының директоры және Қайсар Малғаждаров атындағы қоғамдық қордың басшысы. Міне, биікке бастайтын еңбек баспалдағы осылай жалғаса береді. Өйткені, Бақытжан Мағжанқызы – үнемі ізденіс үстінде жүретін, заман талабына сай болуға ұмтылған білікті, білімді жан.
Өзінің тікелей жұмыстарымен қатар, қайырымдылық шараларына да белсене қатысатын Бақытжан Мағжанқызының ұсынысымен осыдан 5 жыл бұрын Петропавл қаласында “Аялы алақан” әлеуметтік дүкені ашылды. Бұл дүкенде көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, шау тартқан қарт адамдардың барлығына киім-кешектен бастап, ыдыс-аяққа дейін тегін таратылады. Мұқтаж жандарға есігін айқара ашқан әлеуметтік дүкендер Жамбыл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да ашылды. Осылайша, бір адамның шарапаты жүздеген отбасыларға тиіп отыр.
Әйел адамның от басы, ошақ қасында отырып қалмай, заман талабына сай болуын үнемі насихаттап және осы бағытта жоспарлы жұмыс атқарып жүрген Бақытжан Сәмиева өз кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектерге сөзімен де, ісімен де өнеге көрсетуде. “Ұмтылған ұтады” дегендей, заман талабына сай болуға талпынған қыз-келіншектерді жинап, “дөңгелек үстелдер”, семинар-сабақтар өткізіп, кәсіпкерліктің алға басуына бағыт-бағдар береді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі жеңілдіктер жайында маңызды мәліметтер айтып, өзара пікір алмасады. Бұл – жұмыла жұмыс істеп, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асырудың бір жолы. Бақытжан Сәмиева Сәбилер үйіндегі бүлдіршіндерге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға көмектесуді өзінің азаматтық парызы санайды. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар, бірақ тұрақты жұмысы жоқ әйелдерге қолғабыс көрсету үшін 2011 жылы “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігін құруға ұйытқы болған да – Бақытжан Сәмиева. Бүгінгі таңда оның тізгіні көпбалалы ана Галина Сапконың қолында. 200-ден астам баланы қамқорлыққа алған бірлестікке, жалпы алғанда, “Алтын алқалы”, “Күміс алқалы” 35 ана мүше. Алтынқұрсақ аналар бір шаңырақ астына жиналып, қолөнермен айналысса, ұл-қыздары би билеп, өлең айтуға машықтанады. Осылайша, олар да қоғаммен біте қайнасып, өнерімен өзгелерге үлгі көрсетуде.
– Жақында маған екі жас ана келді. Үйлерінде бала күтімімен отырған келіншектер “Мектепке жол” акциясына көпшілікпен бірге қатысқысы келетіндерін айтып, осыған орай өз күштерімен концерттік шара өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді. Олардың ойын тыңдап, таразылап, жүзеге асырған кезде қайырымдылық концертінен біраз қаражат жиналды. Түскен ақшаға 25 балаға мектепке қажетті нәрселерін сатып алып бердік. Жас аналардың осындай тапқырлығына риза болдым. Көп болып, көңіл бөлсек, қамкөңіл жандарды да жақсылыққа бөлейтінімізге сенімдімін, – деді Бақытжан Сәмиева.
Отбасы мен қоғам жүгін қатар көтерген Бақытжан Мағжанқызы шаңырағының шаттығы – қызы Алмагүл. Көз қуанышына айналған жиендерінің үлкені Дариға 7-сыныпта оқиды. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық жасауды апасынан үйренген Дариға би билеп, ән айтқанда алдына жан салмайды. Бастауыш сыныпта оқитын Дияр болса есепке жүйрік.
Осы бір жүрегі нәзіктіктен жаралса да, қайсар мінезді, қайратты қарапайым қазақ қызын көрген сайын “Тастың бойында да таудың құдіреті болады” деген нақыл сөз ойыма еріксіз оралады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сурет отбасылық мұрағаттан алынды.
