«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының облыстық филиалында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жас ақындардың мүшәйрасы өтті. Оған облысымыздың барлық аудандарында және Петропавл қаласында өткен сайыстарда бақ сынап, жүзден жүйрік шыққан 14 үміткер қатысты.

Жас ақындардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқау үш аталым бойынша өтті. Алғашқы кезеңде үміткерлер патриоттық тақырыпқа жазған, бұрын еш жерде жарияланбаған шығармаларын оқыса, екінші бөлім қазақ тілінің құдіретіне арналды. Бұл кезеңде талапкерлер қазақ тілінің сарқылмас байлығын жырларының арқауына айналдырды. Қазылар алқасының мүшелері жас ақындардың шамасын осы алғашқы екі бөлімнен кейін-ақ аңғарғандай болды. Әр ауданның үкілеп топқа қосқан өрендерінің жырлары тыңдаған адамның құлақ құрышын қандырғандай әсерге бөледі.

Шешуші кезеңнің талабы бойынша жас ақындар берілген тақырыпқа лезде өлең шығару қабілеттерін танытты. “Өрілген ұйқас, мәнді сөз” деп аты айтып тұрғандай, бұл бөлімде өлең ұйқастарының шымыр, мағынасының терең болуы көзделді.

Сайыстың қорытындысында Ақжар ауданынан келген үміткер Абзал Балтабаев (суретте) бас жүлдеге ие болды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp