
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жергілікті “Құлагер” хоккей командасының спортшыларын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен құрылған “Құлагер” хоккей клубы аз уақыттың ішінде спортсүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерді. Шайбалы хоккейден өткен ел біріншілігінде 54 ойын өткізіп, 97 ұпайға қол жеткізген “Құлагер” командасы 132 және 107 ұпайы бар “Арлан” мен “Бейбарыстан” кейінгі үшінші орынға ие болды. Ал плейоффта “Теміртау” командасын жалпы есепте 0:3 есебімен тізе бүктірсе, атыраулық “Бейбарыстан” кездесулер сериясында 4:1 есебімен жеңіліс тауып, чемпионатты жүлделі үшінші орынмен аяқтады.
– Сіздер биылғы маусымда алға қойған міндеттерді орындап, жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов спортшылар мен жанкүйерлер алдында сөйлеген сөзінде. – Чемпионатқа қатысқан командадан мұндай толағай табысты ешкім де күтпеген еді. Бұл – кез келген жас команданың қолынан келе бермейтін жеңіс. “Құлагер” бірнеше ойыннан кейін-ақ қарсыластары үшін қауіпті командаға айналды. Ел біріншілігіндегі үздіктердің қатарынан көрініп, қола медаль иегері атанған ұжымды үлкен жеңісімен құттықтаймын!
Сондай-ақ, өңір басшысы біздің хоккейшілеріміздің жеңісі бүкіл команданың, клуб басшыларының, жаттықтырушылар жұмысының, барлық жанкүйерлердің қызу қолдауының арқасында қол жеткізген жетістік екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі “Құлагер” клубының 31 хоккейшісіне біріншілік жүлдегерінің медалін тақты. Және хоккей клубының өкілдеріне алдағы ел біріншілігінде көш басынан көрінуге тілектестік білдірді.
Хоккейшілерді облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев, спорт ардагерлері Виктор Бондаренко мен Александр Мерк, облыстық күрес федерациясының вице-президенті, облыстың қазақ күресінен тұңғыш спорт шебері Бауыржан Құлжанов құттықтады. “Біздің өңірімізде 30 жылдан бері тоқырауға ұшыраған хоккей спортына қайта жан бітті. Былтырғы жылға дейін дәл осындай командамыздың болатынына сенген де жоқ едік. Бүгінгі күні жастардың сүйікті орындарының бірі – Спорт сарайы да біздің мақтанышымызға айналды. Мұның барлығы – ел Президентінің және облыс басшылығының арқасы”, – десті олар.
Ал облыстық команданың ізбасарлары – “Құлагер – 2006” және “Құлагер – 2008” хоккей клубтарының ең жас мүшелері Арнұр Қайсар мен Кирилл Козлов ағаларына болашақта клубтың абыройын арттыруға уәде берді.
Команда капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильгиз Нуриев пен қақпашы Джон Мюррей командаға қолдау білдірген облыс басшысына, жаттықтырушылар штабына, жанкүйерлерге алғыстарын жеткізді. “Қиын маусым болды. Тек сіздердің қолдауларыңыздың арқасында алға ұмтылдық. Жеңіске жетуге талпындық. Біз сіздер үшін ойнаймыз. Әрине, өкініш те бар. Келесі маусымдарда жеңістің биік тұғырынан көрінуге тырысамыз”, – деді Ильгиз Нуриев.
Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.