Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі. Бәріміз де қырдың көк майсасында тай-құлынша тебісіп өстік. Ауылдағы еркіндік, табиғат анамен етене араласқан өмір адамның азаматтық тұлғасының қалыптасуына әсер ететіні шындық. Мың бұралған ақ қайыңдардың ортасында етегін бірнеше көл көмкеріп жатқан Сәбит ауылын білмейтіндер аз. Алып жазушымыз Сәбең туған бұл топырақтан оның ізін басқан талай інілері де қияға қанат қақты. “Солтүстік Қазақстан” газетінің оқырмандарына өзінің өткір мақалаларымен таныс журналист Қошан Қали да осы ауылдың саф ауасын жұтып өсті.
“Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі”, деп келетін тіркес бар. Ақыны ғана емес, қазақтың көбі шынымен де, ауылда дүниеге келген. Бірақ қалаға табан тірей сала сол туған топырағын ұмытып кететіндер бар. Тіпті “артта қалған”, “сасық” деп менсінбейтіндерді де көріп жүрміз. Тоқырау жылдары тұралап қалған ауылдарына қол ұшын беріп, шама-шарқынша көмек жасап жүрген абзал азаматтар да жоқ емес. Бар, бірақ аз.
Қошан Тортайұлы сонау 1977 жылы облыстық баспаханаға қызметке орналасқан кезден бері қалада, алайда, көңілі кіндік қаны тамған Сәбитке әр кез алабұртып тұрады. Ауыл не көрмеді? Жолдың да, ауызсудың да машақатын тартты. Осы әрбір қиыншылық оның арқасына аяздай батып, мәселе шешілмейінше тағат таппайтынын аңғардым.
Өлі разы болмай, тірі байымас. Сәбиттегі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш тастың ұсқынсыз кейпін көңілі қош көрмей, өзі бас болып, әрбір ардагердің есімі жазылған мәрмәр тақта орнатқызды. Зыр жүгіріп, Сәбит негізгі мектебінің де жабылып қалмай, бала оқытуын жалғастыруына ықпал еткенін естіп жатырмыз. Бүгінде аудан және облыс басшыларынан ауылдың жолын жөндеп беруді сұрап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Әр азамат туған ауылына дәл осылай жоқтаушы болса, халық үдере көшіп, елді мекендеріміз қаңырап бос қалмас еді.
Заман ауысып, идеология өзгергенімен еш өзгермейтін қағидалар болады. “Адамды адам еткен – еңбек”. Бұл тіркес қай заманда да, қай мағынада алсақ та өзектілігін жоймақ емес. Журналистің қызметіне де байланысты. Біреу туралы мақала жазу үшін сол адамның кейпіне еніп көруің керек. Ол көрген қиыншылықты бастан өткермеген тілшінің жазғаны шынайы шыға қоймайды. Қошан Тортайұлының мектеп бітіре сала қалаға қашпай, ауылда қалып, алдымен механизатор, кейін малшы болып қара жұмыс істеуі оны шыңдай түскені анық.
Бала кезінде мерзімді басылымдарды үзбей оқып, өзі де жазғандарын хатпен ол кездегі “Ленин туы”, “Лениншіл жас” газеттеріне жолдап тұрды. Жазғаным жарық көріп жатса, өзім ғана емес ауыл болып қуанушы едік, деп еске алады. Журналист болсам деген балалық арманы біртіндеп өмірлік мақсатына айналды. Облыстық баспаханада істей жүріп, “Ленин туы” газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде үнемі мақалалар жазып тұрды.
Кейін 1978 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, артынша облыстық газетке қызметке алынды. Содан бері табаны күректей 35 жыл тапжылмастан осы басылымның отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Петропавл қаласында қазақ мектептерін ашу ісіне де ұлтжанды азаматтармен бірге атсалысты.
Сын түзелмей, мін түзелмейді. Қошан Қалидың сыни мақалаларын оқи отыра, осындай ой түйесің. Әсіресе, қазақ тілінің жарнамалардағы жағдайына алаңдап, қате көрсе ескерту жасап, бір әріп болса да түзетуге атсалысып жүр. “Қатеден қашан құтыламыз?” айдарын қалт жібермейтін оқырман оның қазақ тілін мазақ қылғысы келгендермен қаншалықты күрес жүргізіп жатқанын бағамдай алады.
Қазір қалалық “Қызылжар нұры” газетінде аға тілші қызметін атқаратын ол шаһардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қылмыспен күрес, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қалам тербеп жүр. Әсіресе, шеткері жатқан шағынаудандардың шұрқ тесік жолы, тазаланбайтын қары, уақытында шығарылмайтын күл-қоқысы да газет бетінде сан мәрте сыналды. Қаламын қару еткен журналистің мақалаларының арқасында көптеген мәселелер шешіліп те жатыр.
Зымыраған уақыт жеткізер емес. Кеше ғана редакция табалдырығын жігіт болып аттаған әріптесіміз 1 сәуір күні алпыстың асуын бағындырғалы отыр. Бірақ бұл ер-азамат үшін бағынған бір белес қана деп білген жөн. Аттан түсуге әлі ерте.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.