“Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция” деп әйгілі өнер иесі айтқандай, кез келген мәдениет ошағына бас сұғатын адам көңілінің рахатын әртістерден іздейді. Бұл ретте әртістердің берері мол. Осы тұста С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі, мәдениет қайраткері Болат Мамытбековпен әңгімелескен едік.
– Болат Нұрланұлы, оңтүстік астанамыздан өңірімізге келіп, облысымыздағы қарашаңырақтың іргесін қалағандардың бірі – өзіңізсіз. Осы 15 жыл уақытта театрдың жеткен әрбір жетістігінде сіздің де еңбегіңіз бар. Ұжыммен бірге өсіп, жетіліп келесіз. Екінің бірінің маңдайына жазбаған қиын да күрделі өнерге қалай келдіңіз?
– “Мамандық таңдау – маңызды іс” деп жатамыз. Әйтсе де, адамның болашағымен тікелей байланысты сол мамандықты кез келген адам өзінің өн бойындағы қабілетімен, белгілі бір іске әуестігімен ұштастыра отырып таңдаса қателеспейді деп ойлаймын. Өйткені, мен де солай таңдаған жандардың қатарынанмын. Театр әртісі болу бала күнгі асыл арманым еді. Әртүрлі жанрдағы киноларды көріп, қабілетіне, өнеріне тәнті болған әртістердің рөлін, көрсетілім барысындағы шеберлігін мектепте өтетін мәдени шараларда, үйдегі “көрермендерімнің” алдында барымды салып, паш етуден жалықпайтынмын. Бала қиялымнан туған сюжеттер менің жан-жақты жетілуіме, алға мақсат қойып, соған жетуге талпынуыма көп әсер етті. Одан өзге әртіс болуыма төрт жасымда орын алған бірегей оқиға септесті.
Ата-анамның айтуынша, бірде қазақтың айтулы тұлғасы, өнердің дара саңлағы Асанәлі Әшімов біздің ауылдағы үйде қонақта болды. Дастарқан басында отырған оған жанымды салып, бар өнерімді көрсеттім. Бесіктен белі шықпаған, өмірдің ақ-қарасын ажырата алмайтын менің бұл талабыма қызыққан ол әкеме қарап: “Мына балаңның көзінде – от, бойында – жігер бар екен. Келешекте нағыз өнерпаз болады. Бетінен қақпай өсіріңіз”, – деді де, менің маңдайымнан сипап, батасын берді. “Батаменен ел көгермеуші ме еді?”. Аузы дуалы кісіден алған баға менің қабілетімнің шыңдалып, өнер иесі атануыма да септесті деп ойлаймын. Осылайша төрт жастағы бүлдіршін есейе келе, қазақтың ұлттық келбетін танытатын тапқырлар сайысы, шешендік өнер, жігіт сыны сынды додалардың бел ортасында жүріп, әртіс атанды. Мектепті бітірісімен Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер университетіне оқуға түсіп, оны тамамдаған соң топтастарыммен бірге марғасқа Мағжан ақынның, Ғабит пен Сәбиттің кіндігі тамған қасиетті Қызылжар өңіріне жол тарттық. Міне, бүгінде еңбек жолымды бастаған қарашаңырақпен бірге есейіп келемін.
– Театр өнерінің жілігін шағып, майын ішіп жүрген майталмандардан қалған “Сенің жаттап алғаныңды білмей қалатындай етіп ойна” деген ұғым бар. Бұл барлық әртіске қаратып айтылған, тіпті, әрбірінің ұранына айналған қанатты сөздей. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл өнерде жүрген барлық әртістің басты мақсаты, негізгі ұстанымы деп ойлаймын. Саналы көрерменнің жүрегіне жол таба білсек, ой-арманның орындалғаны да сол болар.
– Осы уақыт ішінде біраз рөлдерді сомдадыңыз. Көрермендеріңізді күлдірттіңіз, жылаттыңыз, сағындырдыңыз, салын суға кетіріп, өмірдің ақ пен қарадан құралатынын да түсіндірдіңіз. Солардың ішіндегі жаныңызға жақын рөліңіз бар ма?
– Менің әрбір рөлім өзінше ыстық. Өйткені, олардың әрқайсысының сәтті шығуы үшін жанымды салдым, жүрегімді бердім. Мен сомдаған Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясындағы Қоскелдінің, Оралхан Бөкейдің “Құлыным менің” шығармасындағы көше сыпырушы шалдың, Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” туындысындағы Дуровтың рөлдерін бір-бірінен бөліп жармаймын. Олар басты немесе қосалқы рөлдер болсын, әрбірінде шығармашылық ұмтылысым мен ізденісім сайрап жатыр.
– “Журналисті аяғы асырайды” дегендей, әртісті бойындағы тамаша таланты өсіреді ғой. Сіздің сахнадан өзге асабалық қырыңызды да білеміз. Бұл табыстың көзі ме, әлде …
– Әлбетте, асабалықты табысымның негізгі көзі деп айтсам болады. “Әннің де естісі бар, есері бар” дегендей, кез келген тойдың тізгінін ұстамаймын. Оның мағынасына басты назар аударамын. Көп жағдайда қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттайтын, тойға келген меймандардың көңілін ғибраты мол әңгімелермен, тағылымды көріністермен көтеретін адал тойларды басқаруға ден қоямын. Халқымыз тойды Тәңірдің қазынасы деп біліп, қонақты құтқа балаған. Кейде сол мінезіміз аяғымызға тұсау болып жатады. Көп тойларымыз адам түгіл, Алланың қош көрмейтін ысырапшылдығымен өтуде, арақ-шарапқа да кететін қаржы көл-көсір. Той басқарудағы негізгі мақсатым да өнерден ажырамақ емес. Мен қандай іспен айналыссам да, қазақ руханиятының дамуына, қазақ мәдениетінің өрістеуіне атсалысуды негізгі мақсатым деп білемін.
– Сіздің әртістігіңізден өзге қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүретініңізді білеміз. Сауалымыз оқырманға түсінікті болу үшін ашып айтайын. Осыдан бірнеше күн бұрын облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа қайырымды жандар жайлы жазу мақсатында хабарласқанымда, ондағы мамандар сіздің есіміңізді ерекше атады. Мұндай жанашырлықты, әсіресе, осындай қиын кезеңде өзіңіз сияқты қарапайым өнер адамдарын былай қойғанда, қалталы кәсіпкерлердің өзінен күте алмайтынымыз шындық.
– Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық қой. Бір өкініштісі, соңғы жылдары халқымыздың ұлттық келбетіне қара дақ болған, естігенде жанарыңа еріксіз жас үйіретін жетімдер, қарттар үйлері көбеюде. Олардың күн сайын көздері мөлдіреген бейкүнә балалармен, қауқарсыз қарттармен толығуы – орны толмас қасірет. Оларды паналағандарға қол ұшын созып, көмек көрсету, бірінші кезекте, қалталы кәсіпкерлердің ғана емес, намысы биік, өресі жоғары кез келген азаматтың міндеті. Ата-ананың жылы алақанынсыз, мейірімінсіз өскен олар, ең алдымен, махаббатқа, ыстық ықыласқа, жылылыққа шөлдейді. Жақсы қасиеттерге құмары қанбаған баланың қатыгез болып өспеуіне кім кепіл? Бұл ретте қарапайым өнер иелерінің қолынан не келеді? Адамға рухани азық беретін спектакльдерді көрсету арқылы олардың бойларына мейірімділіктің, жақсылықтың дәнін еккіміз келеді. Бұл – біздің ұжымның қамқорлығының негізгі көрінісі. Бүгінде интернатта Бегмановтар әулетінің төрт бірдей перзенті тәрбиеленуде. Оларды мереке күндері үйге әкеліп, тамақтандырып, сыйлықтар үлестіруді әдетке айналдырғанмын. Сәбилерге отбасылық бақыттың дәмін сездіртіп, әкелік қамқорлықтың үлгісін көрсеткім келеді. Олардың мені әке деп атағандарынан қуат аламын.
– Отбасыңызға тоқталсаңыз, біздің білуімізше көпбалалы әкесіз.
– Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Әкем имам болды. Бүгін өзім де көпбалалы әкемін. Алтын асықтай ұлым және қызғалдақтай қыздарым бар. Қамқорлығыма алған әлгі балалар да менің бауыр еттерім секілді.
– Күнделік жазасыз ба?
– Әлбетте. Ол – менің сенімді серігім. Қиналғанда жанымның демеушісі де, қуанғанда көтеріңкі көңіл-күйімнің ырғағын ең алғаш болып еститін де – сол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.