«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚТАН ТҰТАТЫН БАСШЫ

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында кеңестік дәуірдің қабырғасы сөгіле бастады. Бұл заман тарихта еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік қиын кезеңі ретінде белгілі. Алайда, халық болашаққа деген сеніммен қолында бар асыл қазынасын жоғалтып алмауға тырысып, тіршіліктерін жалғастырды. Сол жылдары өзінің жоспарлы әрекеттерінен, мақсаттарынан тайынбағандардың қатарында бүгінгі Уәлиханов ауданындағы №2 Кішкенекөл орта мектебінің ұжымы да болды.

Алмағайып заманда ұжым басқарудың өзі оңайға соқпады. Сол жылдары демократияның көрінісі ретінде әр ұжымға басшы сайлау жүргізілді. Бұл тәртіпке №2 Кішкенекөл орта мектебі де ілесті. 1988 жылы 50 адамнан құрылған ұжым дауысқа салып, көпшіліктің тілегімен мектептің директоры қызметіне Тұрлыбек Оспанов тағайындалды. Тұрлыбек Темірғалиұлы ол кезде тарих пен құқық негіздері пәндерінен сабақ беретін жас маман болатын.

Тұрлыбек Оспанов қызметінің алғашқы күнінен бастап бар күш-жігерін мектепке арнады. Алғашқы жылдары заманның ызғарына мойымай, білім ошағының жылдар бойы қалыптасқан абыройын сақтап қалуды ойласа, кейін ел егемендігінің тұғыры нығайған сайын аталмыш мектепті заман талабына сай дамытуды көздеді. Осы жылдары әріптестері оны сауатты, жаңашыл, жігерлі, ұйымдастырушылық қабілеті зор, еңбекқор басшы ретінде таныды.

Ел егемендігінің алғашқы жылдары қазақстандықтар үшін оңай болған жоқ. Халық жалақысын ала алмай, тұрмысы нашарлап, жұмыссыздық етек алып тұрған кезде аталмыш мектептің де жағдайы қуанарлықтай емес еді. Дегенмен, аудандағы ең үлкен мектеп ғимаратын жергілікті биліктің ешбір қолдауынсыз сақтап қалу ұжымға үлкен міндет болды. Сол кезде мектепте еңбек ететін ер адамдар өз қызметінен бөлек жұмыстар атқарып, жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеді. Кейбіреулер мектептің жылу жүйесін қатырып алмау үшін жертөледен шықпай, күні-түні еңбек етті. Отындық ағашты ұжым өзі дайындады. Қар тазалау күнделікті жұмыстың бірі болып кетті. Қыстыгүндері есік-терезелер қымталып, кейбір оқу кабинеттері жабылып, бір қабатта топталып жұмыс істеуге тура келді. Осының бәрін басқарып, ұжыммен тіл табыса білген Тұрлыбек Темірғалиұлының еңбегі зор. Ал тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде бұл мектепті жауып, орталықтағы екі мектепке оқушылар мен мұғалімдерді бөлеміз деген қысыр әңгіме айтылған кезде директор ұжымымен бірге бұл ұсынысқа тойтарыс берді. Егер сол кезде Тұрлыбек ағамыз табандылық танытпаса, бүгінде ол мектептің орнында үйілген көң-қоқыс жататынына күмән жоқ.

Мемлекетіміздің жағдайы нығайып, үкімет қаржы бөле бастаған кезде мектеп әкімшілігі шапшаң қимыл танытып, шаңырақты күрделі жөндеуден өткізетін қаржыға қол жеткізді. Аудандағы білім ошақтарының ішінде бірінші болып кабинеттерді заманауи ұйымдастыру техникаларымен, интерактивті тақталармен жабдықтаған осы мектеп. Бүгінге дейін ұжымда кадр алмасу, маман тапшылығы деген болған емес. Білікті басшы мұғалімдікке икемі бар түлектерін өз мектебіне тартудан жалықпайды. Ол жергілікті азаматтар өз елінің абыройын ойлап, жерлестеріне адал қызмет етуге дайын деген қағиданы ұстанады.

Мектеп талай қиындықты еңсеріп, қаншама сын сағаттарын басынан өткерсе де, оқушылардың тәрбиесі мен білім алу үдерісі ешқашан екінші кезекке ысырылған емес. Сабақтардың жоспары мен кестесіне үлкен талап қойылады. Әр педагогикалық немесе әдістемелік отырыс кезінде директор әріптестерінен жаңаша жұмыс істеуге талпынуды, шығармашылық қадамнан шаршамауды талап етеді. Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүреді .

Бұл мектептен білімді де еңбекқор жүздеген түлек ұшты. Олардың ішінде қазақстандық немесе шетелдік жоғары оқу орындарын тамамдап, бүгінде еліне абыройлы қызмет атқарып жатқандары қаншама?! Бұл білім ұясынан ұшқан түлектердің арасынан ондаған ғалымдар, дәрігерлер мен ұстаздар, жоғары шенді әскерилер мен басшылар, спорт саңлақтары, басқа да салалардың қызметкерлері шықты. Солардың қатарында Тұрлыбек Темірғалиұлының өз баласы Нұржан да бар. Нұржан Тұрлыбекұлы Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің механикалық математика факультетін үздік бітірді.

Аталмыш мектеп Ұлттық бірыңғай тестілеуден жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Бірнеше мәрте облыстың үздік білім ошақтарының ондығының қатарынан көрінді. Бұл – жұмысын оңтайлы ұйымдастыра білетін басшы мен шығармашылықпен еңбек ететін мұғалімдер қауымының жетістігі.

Тұрлыбек Темірғалиұлы өзінің отыз жылға жақын басшылық қызметінде көптеген игі істерді қолға алып, жүзеге асырды. Ол өзінің отбасында да үлгілі әке, мейірімді ата. Осындай тұлғасы биік адамның шәкірті болғанымды мен де мақтан тұтамын.

Болат ӘМРИН,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp