«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НӘЗІК ТЕ ҚАЙСАР ЖАН

“Ұстаздық – ұлы тұлға” дегендей, ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін мамандық. Ерік-жігері мықты, табанды адам ғана бұл мамандықты меңгере алады. Біздің тәжірибелі әріптесіміз Ғазиза Қожағұлова – ұлағатты ұстаздықты таңдаған осындай жандардың бірі.

Кәсіби қазақ тілі пәнінің оқытушысы 40 жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде жүздеген студенттер мен курсанттарға терең білім беріп, күш-жігерін жұмсап келеді. Өзіне тән табандылығының, еңбекқорлығының арқасында кафедрамыздың бастығы Ғазиза Қожағұлова Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанды.

Ұстаздың бойында әйелге тән нәзіктік, сезімталдық, талғампаздық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттермен қатар, ер-азаматқа лайық қайсарлық, қайраттылық та бар. Ғазиза Қайыржанқызы – білікті және тәжірибелі маман, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Дәстүрлі және заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сабақтарын жоғары әдістемелік деңгейде өткізеді, оқу үдерісінің ғылыми ұйымдастырылуына, курсанттардың кәсіби дайындығына көп көңіл бөледі. Оның сабақтарында әрқашан әскери ыңғай, жылдам шешім, дұрыс таңдалған әдіс, шынайылық басым.

Ұлттық ұлан курсанттарын білімнің асыл қазынасымен қуаттандырудан, оларды өз баласындай тәрбиелеп, үйретуден жалыққан емес. Ұстаздың өзіндік білім беру жүйесі қалыптасқан. Ол курсанттарына сабақ беру барысында сырласу, оймен бөлісу, еркін сөйлесу, тағы басқа әдістерді шебер пайдаланады. Осындай түрлендіріліп, қызықты әрі танымды өтетін сабақтарды топтың курсанттары асыға күтеді, ұстаздың әр сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдап, ұғып алуға тырысады. Ғазиза Қайыржанқызы курсанттарға ел тыныштығы үшін қызмет етудің дұрыс жолын меңзеп, болашақ офицерлерді білімді де білікті, Отанына адал болуға, өмірден өз орындарын табуға баулиды.

Ғазиза Қожағұлова жетекшілік ететін Әскери институттың тілдік дайындық кафедрасының 130-дан астам мақаласы отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды. Студенттер мен курсанттарға арналған он екі оқу-әдістемелік құралы жарық көрді.

Ғазиза Қайыржанқызы әріптестерінің пікірімен, көзқарастарымен санасып, әр кез кеңесін беруге де әзір. Бірлік болса, шешілмейтін мәселе жоқ екеніне үнемі көзімізді жеткізіп келеді. Адалдықты ту етіп, жеке басының ақыл-парасатымен кейінгілерге бағдар бере білген Ғазиза Қайыржанқызының көп жылғы іс-тәжірибесі, шеберлігі, жоғары азаматтық ұстанымы – көптеген ізбасар әріптестеріне үлгі-өнеге. Кафедра бастығының көшбасшылық қасиеті, жоғары мәдениеттілігі, турашылдығы, өз ісіне шынайы берілгендігі оның қызметте табысқа жетуінің қайнар көзі болып табылады.

Венера ЗЕЙНИНА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери институтының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp