«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ЕРЛЕДІ

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІV кезеңі және “Мәңгілік ел жастары – тәуелсіздік тұғыры” атты жоғары сынып оқушыларына арналған слет мәресіне жетті. Республикамыздың барлық өңірінен 576 оқушы қатысқан білім додасында Солтүстік Қазақстан облысының оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша үздік олимпиада командасы атанып, бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.

Үстіміздегі жылы дарынды балаларды мемлекет тарапынан қолдау және мектептерді дамытуға арналған іс-шараларының басталғанына 20 жыл толады. Осыған орай биылғы олимпиада оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандыру, талантты және дарынды балаларды таңдау, еліміздің зияткер әлеуетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Білім додасына қатысушылар тоғыз пән (қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдері мен әдебиеттері, Қазақстан тарихы және құқық негіздері) бойынша сайысты. Солтүстікқазақстандық оқушылар 19 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде бірінші және екінші орындардың әрқайсысынан төрт оқушыдан жеңімпаз және жүлдегер атанды, ал үшінші орынды он бір оқушы иеленді.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздар бірінші, екінші, үшінші дәрежедегі дипломдармен, медальдармен және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың атынан сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, Тайынша ауданы Вишневка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Бексейіт Мұқалықов “Үздік оқытушы”, аталмыш ауданның Яснополянка орта мектебінің оқушысы Меруерт Тілекова “Ауылдық үздік оқушы” аталымдары бойынша дипломдармен марапатталып, сыйлыққа ноутбук алды. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының Құрмет грамоталарымен 21 қатысушы марапатталса, биыл мектеп бітіретін төрт түлекке Алматы менеджмент университетінде оқуға грант табысталды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp