Халықтың қамы үшін үлкен іс атқарар бір сала – мектеп және оның мұғалімі. Бүгінгі ұрпақ тәрбиелеудегі міндетін анық түсінген Кеңес орта мектебінде ұжымның тыныс-тіршілігі, жетістіктері жөнінде әріптестермен тәжірибе алмастық. Аудан көлемінде өткен әдістемелік семинарда “Шағын жинақты мектепті басқару: мәселелер, ізденістер, шешімдер” тақырыбы әңгіме арқауына айналды.
Мектебіміз шағын болғанымен, жетістігіміз баршылық. Әр кабинет талапқа сай безендірілген. Оқушылардың портфолиосынан олардың жетістіктері, шығармашылық жұмыстары айқын көрінеді. Мұғалімдер бөлмесінде ұстаздар мен оқушылардың ғылыми еңбектері, төл басылымдар, әдістемеліктер, оқу-тәрбие жұмысының ісқағаздары жинақталған. Семинарға қатысушыларға олардың жүргізілу үлгілері көрсетіліп, іс-тәжірибемен бөлістік.
“Мектеп – білім мен тәрбие ордасы” тақырыбындағы тұсаукесерде педагогикалық ұжымның кәсіби білім мазмұнын үздіксіз жетілдіріп отыру жолдары, жетістіктері, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруы, шаруашылық жұмыстарының орындалуынан мәлімет беретін слайдтар көрсетілді.
Білім ордасының директоры Балапан Базарбекова шағын жинақты мектептер мәселелеріне тоқталды. Ол ұжымның ортақ мүддеге тоғысуы, ынтымақтастық көзқарасы, әр адамның өз жұмысын тиянақты істеуі, ізденісі арқылы нақты нәтижелерге жетіп жүргенін тілге тиек етті. Семинар барысында сертификатталған ұстаздар Болат Махметов пен педагог-психолог Жазира Сапарова “Шағын жинақты мектепті басқару: мәселелер, ізденістер, шешімдер” тақырыбында тренинг өткізді. Жиынға қатысушылар үш топқа бөлініп, шағын жинақты мектептерді толғандыратын мәселелерді айқындап, шешу жолдарын табуға тырысты.
Семинар концерттік бағдарламаға ұласты. Білім ордасының тарихы туралы баннерде мектеп директорынан бастап, оның түлектері жайлы мәліметтер жинақталды. Соның ішінде қазір еңбек ететін мұғалімдердің оны аталмыш мектептің түлектері екені және олардың ауылды сақтап қалуға қосып жүрген үлесі мақтанышпен атап өтілді.
Ақнұр НҰРМАҒАНБЕТОВА,
Кеңес орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Шал ақын ауданы.