Тайынша ауданына қарасты Донецкое ауылының шеткі көшелерін су алып қалды, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі. Биыл аймақта ылғал мол түсті және күннің күрт жылынуынан қар тез еріп, ағын су аталмыш ауылдың Юбилейная және Степная көшелеріне жайылған.
Сөйтіп, елді мекеннің 55 үйін су алып қалды. Сондықтан жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастыруымен 153 тұрғын осындағы және көрші ауылдағы Подольск орта мектебіне уақытша көшірілді. Сонымен қатар, 299 ірі қара да қауіпсіз жерге орналастырылды.
“Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі” және “Жедел құтқару жасағы” мемлекеттік мекемелері техникаларының күшімен ағын судың бағытын басқа жаққа бұру, бөгет жасау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандық ішкі істер бөлімі мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің 6 техникасы мен жеке құрамның 42 қызметкері су алған ауылда жұмыс істеуде. Төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша, кеше, сәуірдің 1-і күні су қайта бастаған. Қазіргі таңда баспаналарға қаншалықты зиян келгені тексерілуде.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.