«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ АРУЫ Олимпиадада ел намысын қорғайды

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Дариға Шәкімова Қытайдың Цзяньан қаласында бокстан Азия және Мұхит аймағы елдері бойынша өткен халықаралық турнирдің жартылай финалдық бәсекесінде жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының атынан сайыстарға қатысып жүрген жерлесіміз Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған кездесулердің жартылай финалында Солтүстік Кореяның өкілі Хуй Юн Чангты 3:0 (39:37, 39:37, 39:37) есебімен жеңді. Осылайша, 28 жастағы Дариға қазақстандық қыздар арасында Олимпиада лицензиясын жеңіп алған алғашқы боксшы атанды.

Қыздар арасында 75 килограмм салмақта рингке шыққан ол бұған дейін Оңтүстік Кореяның боксшысы Ун Жангты, оның алдында ширек финалда моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатарды айқын басымдықпен жеңген болатын.

Айта кетейік, шешуші кезеңге шыққан боксшыларға Олимпиада жолдамасы беріледі. Осылайша, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Дариға Шәкімова байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Д.Шәкімова.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp