Бүгінгі нарық заманында бәсекелестікпен өмір сүру – уақыт талабы. Әсіресе, жастар үшін қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Өмірге кірпіш болып қалану үшін оқу, білім, еңбек керек. Ал ол үшін елімізде жастарға барлық жағдай жасалуда.
Кез келген түлек үшін мамандық таңдау оңай емес. Осы орайда облыстық кәсіпкерлер палатасы оқу орындарымен бірлесе, түлектер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ерекше басымдық беруде. Осы мақсатпен түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Осындай кездесудің бірі аудан әкімдігінің, бизнес субъектілерінің, кәсіптік және техникалық оқу орындарының, аудандық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово орта мектебінде өтті.
– Техникалық база мен ауыл шаруашылығы өндірісі технологиясының жаңаруы аталмыш сала еңбеккерлерінің кәсіптік құрылымына да өзгеріс енгізді. Ауыр еңбекпен байланысты көптеген мамандықтар жойылуда, керісінше, өндірістік процестері механикаландырылған және автоматтандырылған жаңа мамандық түрлері пайда болуда, – деген облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Владимир Литвиненко еңбек нарығындағы жағдайға тоқталып, қатысушыларға қазіргі таңда аса қажет мамандықтар туралы айтты. Сондай-ақ, ол жастарға болашақта мамандық таңдау бойынша ұсыным берді. Барлық үміткерлер орталықтардағы және кәсіптік бейімделу кабинеттерінде орнатылған кәсіптік бағдарламалық кешен негізінде алдын ала кәсіптік бейімделу бойынша тестілеуден өтуге шақырылды.
Кездесуде болашақ талапкерлерді жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыссыздарды мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстырды. Ал ауыл шаруашылығындағы ғылыми-техникалық прогресс, жаңа техника мен технология ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне талапты күшейтетінін шаруа қожалықтарының басшылары ерекше атап өтті.
Жиында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жаңа техникаларды игеруде және ол құралдардың мүмкіндігін пайдалануда арнайы дайындықтан өтулері керек деген пікір айтылды. Сондай-ақ, өндірісті дамыту үшін еңбеккерлердің білім деңгейі жоғары болуы керек. Ауыл шаруашылығы өндірісінде жаңа мамандықтардың ашылуы жөнінде Қызылжар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Сергей Гноевых өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, шебер-қалыптаушы, кешен операторы, токарь, электрик, электрогазбен дәнекерлеуші сияқты мамандықтар қазіргі таңда ерекше сұранысқа ие. Сонымен қатар, ол аталмыш мамандықтар бойынша білім алу еш қиындық келтірмейтінін ерекше атап өтті. Бұған оқушылар облыс орталығындағы бірқатар кәсіптік білім берумен айналысатын колледж ұстаздарымен әңгімелесу барысында анық көз жеткізді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.