«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИ ӘЛЕМІНІҢ ҚҰДІРЕТІ

Бұл күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына жиналған өнерсүйер қызылжарлықтардың қатары қалың болды. Олар өңірімізге алғаш рет гастрольмен келген “Астана Балет” театры ұжымының өнерін тамашалады. Еліміздегі киелі өнер шаңырақтарының бірі саналатын ұжым солтүстікқазақстандықтардың назарына “Астана Балет GALA” атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Танымал өнер ұжымының тілге тиек етер ерекшелігі сол, бағдарламаға заманауи хореографиялық өрнектер қосылған. Талғампаз қауым мұның бәрін жылы қабылдап, ерекше ықылас танытты. Музыкасын А. Амар мен Б. Га­фаров жазған, хореограф Н. Дми­­триевский қойған “Әлем” ба­летінен берілген кең құ­лаш­ты күрделі фрагменттер жүрекке шуақ ұялататын, жиылған өнерсүйер қауымды ерекше күйге бөлегені анық. Мұндағы шаттыққа толы әрі күрделі би қимылдары жанды елжіретер ерекше сырлы да сұлу сазбен көмкерілді.

Концерт барысында көрерменге тар­тылған тағы бір сый – “Gаіа” қойылымы болды. Бұл ретте залдағы қауым биді қойған хореограф Р. Ама­ранте мен музыкасын жазған сазгер Х. Таварестің таланттарына қол соқ­ты десек те болады.

Бельгиялық әйгілі хореограф Рикардо Ама­рантенің “Gаіа” атты туындысы хореография тілімен жеткізілген Жер шарының жылнамасы іспетті. Көрермен қауым Күнді айналатын Жердегі күрделі құбылыстардың сырына қанықты. Ерте дәуірдің ойшыл-данышпандары біздің әлем төрт таған – Жер, Су, Ауа және Отқа сүйенген деп білген ғой. Алайда, жер бетіндегі тіршілікті онсыз елестете алмайтын тағы бір таған бар, ол – өсімдіктер әлемі. Көктемде жаңарған тіршілікпен бірге қайта түлейтін ағаш, көк майса шөп, гүлдер болмаса өмірдің сәні бар ма? Ендеше осы бес тағанның әрқайсысы жер бетіндегі тіршілікті қамтамасыз етіп тұратын күрделі жүйені құрайды. Олардың бәрі өзара қарым-қатынасқа түсіп, бірін-бірі толықтырып, бай әрі шексіз, дарқан да ғажайып жер жәннатында тіршілік етеді. Олай болса Р. Амаранте биінің ғаламаты көрерменге осынау өмірлік қағиданы жан-жақты паш ете білді.

Екінші күні қызылжарлықтарға театрдың үздік қойылымдарының үзінділерінен құралған дивертисмент ұсынылды. Жиналған жұртшылық хореограф М. Авахри қойған “Жанай сезім”, А. Тати қойған “Арулар шеруі” қойылымдарын зор ықыласпен қабылдады.

Бір ауыз сөзбен айтсақ, “Астана Балет” театрының бұл гастролі облысымыздың мәдени өміріндегі жағымды жаңалықтардың бірі болып қана қоймай, отандық балет өнерінің қарыштап дамып келе жатқанына тағы бір көз жеткізді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp