Мен Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылының тұрғынымын. Зейнетке шығып, үйдегі кішкентай немереме қарап отырғаныма да көп уақыт бола қойған жоқ. Ауылда өзім сияқты ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып, балдай тәтті немерелерінің әрбір қылығына сүйсініп отырған қарттар жетерлік. Олардың көбімен ауылдағы орта мектеп ғимаратындағы кітапханада жиі ұшырасамыз. Бір қызығы, біз кітапханаға бір мақсатпен – немерелерімізге оқып беру үшін ертегі, аңыз, қызықты әңгімелер жинағын іздеп барамыз.
Біз сияқты қарттарды жылы қабылдап, сұраған кітабымызды тауып беретін кітапханашы Гүлзара үнемі жанашырлық танытады. Жас маманның жұмысқа орналасқанына көп бола қоймаса да, өз ісіне берілгені, елгезектігі аңғарылады. Жастары біразға келген ақсақалдардың, ақжаулықты аналардың ежіктеп сұрағанына реніш білдірмей, керісінше, оларға дұрыс ақыл-кеңес беру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қабақ шытпай, үнемі жылы қарсы алып, сұраған кітабымыздың мазмұнына дейін жалықпай айтып беруі бізді – зейнеткерлерді қуантады. Осындай білімді, тәрбиелі жас мамандар ауылдың ғана емес, еліміздің бақытты болашағына өзіндік үлес қосары сөзсіз.
Күмісай ЭШАНҚҰЛОВА,
зейнеткер.
Мамлют ауданы.