«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ТОҚМЕЙІЛСІМЕЙМІЗ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында дағдарысқа қарсы іс-қимылдың және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап көрсетті. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері сараланып, жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері айтылды.

Барша қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – дағдарыс кезеңінде елімізді қиындықтан алып шығу. Ол үшін барлығымыз бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, іске жұдырықтай жұмылуымыз керек.

Облыс экономикасының оң қарқынмен дамуына Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қосар үлесі зор. 2015 жылы 605 мың гектар жерге бидай, 42 мың гектарға майлы дақылдар сіңірілді. Гектар берекелілігі орташа есеппен 15,6 центнерден айналып, қамбаға 937 мың тонна астық құйылды, 28,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды.

Мемлекеттік қолдау аясында өсімдік шаруашылығына – 1,7 млрд. теңге, мал шаруашылығына 342,5 млн. теңге демеуқаржы беріліп, бұл облыс бойынша субсидияның жалпы көлемінің 12 пайызын құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 3,2 пайызға өсіп, 31,4 млрд. теңгені құрады. Оның 89 пайызы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталды.

2015 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция көлемі 2 пайызға өсті. Бұл салаға инвестиция тарту нәтижесінде машина-трактор паркі 171 бірлік техникамен жаңартылды. Осы мақсатқа 3,2 млрд. теңге жұмсалды. Қазіргі таңда қосымша жаңа техника алу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,5 пайызға өсіп, 40,7 млрд. теңгеге жетті.

Үстіміздегі жылдың маусым айында тұқым тазалау бағытындағы қуаттылығы 6 мың тонналық элеватор іске қосылады. Жоба құны – 700 млн. теңге. Мұндай кешеннің Қазақстанда баламасы жоқ. Биылғы жылдың наурыз айында “Ақ Нан Север” ЖШС-і элеватор сыйымдылығын арттыру үшін жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Кешеннің жалпы сыйымдылығы – 68 мың тонна. Инвестиция сомасы – 700 млн. теңге. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы мен “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясында 2855 бас ірі қара сатып алынды, бұл облыс бойынша сатып алынған малдың 15 пайызына тең.

Ірі қара саны – 8,5 пайызға, қой – 7,6 пайызға, жылқы – 14 пайызға, шошқа – 4,5 және құс 4 пайызға өсті. Мал шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндірудің орташа өсуі 3,5 пайыз болды. 177 мың тонна ірі қара еті экспортталды. Асылтұқымды мал саны 4,1 пайызға өсті. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары аясында 187 млн. теңгенің 31 жобасы жүзеге асырылды, 1312 бас ірі қара, жылқы және қой сатып алынды.

Қазіргі кезде 3422 бас ірі қара сатып алуға 21 келісім жасалды. Қайта өңдеуді дамыту аясында биылғы жылы ауданда “Новоишимское ауылында жасалған” брендімен 2 килограмдық қапшықтарға салынған ұн шығарылады. “Петропавл Астық”, “Береке-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жарма өңдейтін 2 цех іске қосылады. Сонымен қатар, Андреевка және Новоишимское ауылдарында тәулігіне 4 мың литр сүтті қайта өңдеумен айналысатын, жалпы сомасы 105 миллион теңгені құрайтын екі модульді цех іске қосылады.

Шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыру Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі болып саналады. Аудан бойынша 1897 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оларда тұрғындардың 34 пайызы қамтылған. Аудан бюджетіне түсімнің 60 пайызы шағын және орта бизнестен түседі. 2015 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 20 жоба жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 38 жобаға 100 млн. теңге қарастырылып отыр. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы несиелендірудің барлық бағдарламалары бойынша 108 млн. теңге бөлінді.

“Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2015 жылы ауданда 6816 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, үстіміздегі жылы 7900 шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 74 пайызға өсті.

“100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында Буденное ауылында мектеп салынып, Новоишимское ауылында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. 2015 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында №1 Новоишим, Раисовка, Ставропол орта мектептері күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 88 миллион теңге жұмсалды. Биыл аталған бағдарлама аясында ауданда 228 млн. теңгеге 4 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, 127 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Тағы бір атап өтерлігі, Возвышенка орта мектебіне де күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Рузаевка Мәдениет үйінің төбесі жаңартылып, Чистопол дәрігерлік амбулаториясының ғимаратына, орталық аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Президент Жолдауында мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатына баса назар аударылған. Бүгінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік көмек тек мұқтаждарға ғана берілуі тиіс. Осыған орай 2015 жылы 817 жаңа жұмыс орнының ашылуына, 1880 азаматтың жұмысқа орналасуына жағдай жасалды.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 23 адам орналасты, “Жастар тәжірибесіне” 14 адам жіберілді.

Биыл 1472 адамды жұмысқа орналастыру көзделуде және 817 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жас мамандар үшін жақсы демеу. Осы орайда өткен жылы 32 жас маман көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несиеге қол жеткізді. 2016 жылы 49 маманға 77 млн. теңге төлеу жоспарланған.

Жолдау жүктеген міндеттердің бірі сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту болып табылады. Тұрғындардың 91 пайызы орталықтанған сумен жабдықтау желісіне қосылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сумен қамтамасыз ету бойынша Разгульное, Целинное, Пески ауылдарында санация әдісімен жобалар жүзеге асырылды.

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру үшін ауданның 9 ауылында бес жобалау-сметалық құжаттар дайындалды. Екі ауылды жерасты сулары қорларымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді.

Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту аса маңызды міндет. Бұл мәселеге біздің ауданда ерекше көңіл бөлінуде. Барлық деңгейдегі жолдарды жөндеу мен күтуге 2015 жылы 1 млрд. 112 миллион теңге бағытталды. Демеушілердің қаржысы есебінен 7 миллион теңгеге Новоишимское ауылының ішкі жолдары жөнделді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен 226 километр жолға қиыршықтас төселді.

2016 жылы барлық санаттағы жолдарға 325,2 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша өткен жылы 40,6 млн. теңге игерілді. Биыл да сонша қаржы игерілуі тиіс. Ауылдарды абаттандыру жұмысы да оң жолға қойылғанын баса айтып өткен жөн. Бюджетке түсетін салық бөлігін ауылдық округ әкімдеріне беруде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бірқатар жұмыс атқарылуда. Соның арқасында әкімдердің өз қаражаты пайда болды. Олар бұл қаржыны, халықтың пікірін есепке ала отырып елді мекендерді аббаттандыруға жұмсайды. Өткен жылы бұл сома 8 млн. теңгені құраса, үстіміздегі жылы оның көлемі 25 млн. теңгеге жетеді. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асырудың айқын мысалы болып табылады.

Біздің ауданда экономика мен әлеуметтік салаларда нақты жетістіктер бар. Бірақ біз оған тоқмейілсімейміз. Қол жеткенді баянды етіп, Елбасы белгілеген межеден көріну үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Владимир ДУДОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы

ауданның әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp