Киім мен тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауда мал терісі – таптырмас материал. Ал қазақ қолөнерінің дәстүрлі түрлерінің бірі болып саналатын тері өңдеу ісі үлкен еңбекті, ептілікті қажет етеді. Біздің өңірімізде былғарыдан бұйым жасап, киім тікпек түгіл, бүгінде теріні илеп, оны өңдеу ісі тоқырап тұр. Көнеден келе жатқан өнердің кенжелеп қалу себебі неде?
Тері илеу жетілген өнер болса да, облысымызда онымен айналысатын адам некен-саяқ. Тіпті, өз ісінің кәнігі мамандарын қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсың. Кеңес өкіметі тұсында облысымызда тері илеумен айналысатын адамдар болған деседі. Шеберлер мал терісін ұқсатып, тон тіккен. Былғарыдан көптеген бұйымдар жасаған.
Біздің облысымызда ата-бабадан жалғасқан игі дәстүр не себепті өркен жая алмай отырғанын білу үшін бірқатар құзырлы мекемелерге хабарластық. Алдымен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына соққанымызда, олар өңірде бір ғана “Петропавл былғары зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі қара малдың терісін өңдеумен айналысатынын жеткізді. Аталмыш басқарманың өнеркәсіп бөлімінің басшысы Елена Гирцтің айтуынша, өңірде былғары өндірісінің көлемі 50,7 пайызға кеміп кеткен.
– 2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өндіріс кәсіпорындары 168491,7 миллион теңгенің өнімін шығарды. Облыстың өнеркәсіп өндірісі құрылымында өңдеу өнеркәсібі 72 пайызды құрайды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінде 121373,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Жеңіл өнеркәсіп өндірісінің физикалық индекс көлемі 81,7 пайыз. Ал “Петропавл былғары зауыты” ЖШС-іне жеткізілетін шикізат көлемінің азаюы өнім өндіруге кедергі келтіруде, – дейді Елена Гриц. Оның айтуынша, бұл мәселеде шикізаттың заңсыз жолмен Қырғызстанға, одан кейін Қытайға жөнелтілуі басты себеп болуда.
“Петропавл былғары зауыты” ЖШС-нің директоры Алексей Зарудний қазіргі таңда өзі басқаратын кәсіпорынның қуатының 15 пайызы мөлшерінде ғана жұмыс істеп тұрғанын айтты. Тек ірі қараның терісін өңдеумен айналысатын кәсіпорын қазір қиын кезеңдерді бастан кешіруде. Онсыз да өлместің күйін кешіп отырған былғары зауыты үшін жоғары бағамен шикізат сатып алу тиімсіз. Ал терімен айналысатын жекелей фирмалар шикізатты шетел асырып, көбірек пайда тапқылары келеді. Бұл орайда серіктестік басшысы қажетті шикізат өзіміздің елде өңделсе екен деген тілегін жеткізді. Көршілес Ресей мен Тәжікстанда теріні шетелге шығаруға шектеу қойылған. Ал бізде жартылай дайындалған терілер Италияға жөнелтілген. Оның айтуынша, Қазақстанда жартылай өңделген терімен жұмыс істейтін фабрика жоқ. Олар айына 260 тонна өнім шығара алады. Бірақ жұмысты жандандыру қиынға соғуда. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, жеке кәсіпкерлер теріні арзан бағадан гөрі, шетелге қымбатқа сатқанды жөн санайды.
Жеке кәсіпкердің бірі Жанболат Дәулетбаев қазіргі таңда терілер Қытайға жөнелтіліп жатқанын айтты. 15 жылдан бері теріні алып-сатумен айналысып жүрген ол айына шамамен 3-4 тонна қара мал мен жылқының терісін жинайды. Ол терілерді арнайы Алматыдан келген делдалдар сатып алатынын, кейін олар шетелге жөнелтілетінін жеткізді. Осы арада шетелге асқан терілерді өзіміздің елде де өңдеуге неге болмасқа деген заңды сауал туады. Ал бұл мәселеде әліптің артын бағу дұрыс па? Қашан жағдай түзелер деп жүргенде барымыздан айрылып қалмасымызға кім кепіл?
Илеуі қанып, бояуы сіңген былғарымен жұмыс істеуге облыс орталығындағы “Гауһар” тігін шеберханасы да дайын. Бірақ әзірге ондай мүмкіндік тумай отыр.
– Жергілікті жерде тері илеу ісі оң жолға қойылса, құба-құп. Біздің шеберлер отандық былғарыдан сырт киімдер тігуге сақадай сай. Ал қажетті шикізатты біз Түркия елінен сатып аламыз. Өзіміздің елде өңделген теріге не жетсін? Бағасы да қолжетімді болар еді. Негізі былғарымен жұмыс істеу қиын. Бұл қымбат материал. Сондықтан тері өңдеу ісімен шұғылданғысы келетін адамдар саны аз. Жартылай өңделген шикізатты іске жаратып, өзіміздің елде теріден киім мен аяқкиім, түрлі бұйымдар жасауға болады, – дейді тігін шеберханасының директоры Күлғайша Ережепқызы. Оның айтуынша, биязы жүнді меринос тұқымды қойдың терісінен ғана сырт киімдер тігіледі. Ал илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартып, езілмейді.
Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Өңірімізде өз ісін бастап, кәсібін ашуға ынталы адамдар баршылық. Әсіресе, тері илеп, отандық өнім өндіруді қолға алуды жоспарлап отырғандар аз емес. Солардың бірі – Жомарт Құсайынов. Ол облыс орталығында жақын күндері тігін шеберханасын ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар, жақында Ақмола облысының Ақкөл ауданында теріге өң беретін бояу цехы ашылмақ. Ақкөлде өңделетін терілерден Петропавл қаласында түрлі киімдер мен бұйымдар тігу көзделуде. Бүгінде “Бұлақ” жеке кәсіпкерлігі теріні жұмсарту үшін арнайы құрылғыларды сатып алуда. Жоба аясында өңделген қой, ешкі терілерінен түрлі сөмкелер, портфель, әмиян мен жұмсақ орындықтар үшін қаптама жасалады. Жомарт Шағрапұлының айтуынша, қажетті шикізат Тараз қаласынан жеткізіледі. Түрлі бұйымдар жасау өз алдына, әйелдер мен ерлерге арналған сырт киімдер де тігілмек. Бұл іске былғарымен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін Түркия елінен маман тартылмақ. Кәсіпкер Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға шексіз риза. Өйткені, 2 миллион теңгенің грантын ұтып алған ол алдағы уақытта тағы да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз бағын сынамақ.
Бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырған кәсіпкер шикізат мәселесінде ешқандай қиындық тумайтынын айтты. Ол болашақта табысты жұмыс істейтініне нық сенімді. Өйткені, біздің өңірде былғарымен жұмыс істеу кең етек ала қоймаған.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.