Баяғыда Тәуелсіздік алсақ деп армандайтынбыз. Тәуелсіздік қиял, түс сияқты көрінуші еді. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болсақ, өз жеріміз өзімізге тиесілі болса, өзімізге өзіміз қожа болсақ, қазба байлығымыз, рухани қазынамыз өзіміздің меншігіміз болса деуші едік. Сол келді. Бірақ өзгерген еш нәрсе жоқ.
Осынша ұлан-ғайыр жерді алып қалу үшін не керек еді? Жаудан қайтпайтын Жалаңтөс батырлар керек еді ғой. Сол батырлардың бүгінгі ұрпағы біз емеспіз бе? Сол өжеттік, сол батырлық, қасқайып қарап тұрып әділін көзге айтатын қазақ қайда қалды? Неге біз адамгершілікте де, кісілікте де, ұтымды ой айтуда да ұсақталып барамыз? Әлде шын мәнінде Абай айтқандай, заманға иленіп кете беретін ұлттың ұрпағымыз ба? Рас, кешегі Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың “Оян, қазақ!” деп тастаған ұрандары, айтқан сөздері ойымызда жаңғырып тұр. Білеміз де олардың өсиетін орындамаймыз. Соңғы жылдары пендешілікке, ұсақтыққа ұрынып бара жатқанымыз қабырғамды қайыстырады. Әрине, бұған біреулер: “Неге бүйтіп айтады?”, “Жақсылықты көрмей ме?”, “Әлемнің өркениетті отыз мемлекетінің көшіне ілесіп келеміз”, – деп қарсы пікір айтуы мүмкін. Ал кісілік, адамгершілік, ұлттық сана жағынан қай орындамыз? Міне, мәселе осында. Біз осы жағынан ақсап келеміз. Мұны жөндеуге бола ма? Үміттенесің. Қазақтың кешегі ірі-ірі мінездері біржолата жоғалып кетпеген шығар. Оянар. Ол үшін басқа бір ұран керек сияқты. Басқа бір идеология керек сияқты. Негізі, біздің идеологиямыз мықты болу керек.
Қазақ үшін ақша да, алтын да, байлық та, үлде мен бүлдеге оранып жатқан тоқшылық та қымбат емес. Ең қымбаты – ұлттық намыс.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург.
(“Ана тілі” газеті,
4 наурыз 2016 жыл).
