«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Май зауыты салынады

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тайынша қаласында біздің өңірімізге өнеркәсіптік-индустриялық аймақ құру ниетімен келген қытайлық инвесторлармен кездесті. “Айцзю” компаниясы бұл жұмысты Ильичевка ауылында май зауытын салудан бастамақ.

“Айцзю” компаниясының президенті Айцзю Цзя Хэимен кездесу барысында өңір басшысы инвесторлардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тиісті көмектер алатынын атап көрсетті.

– Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Оның ішінде инвестицияны қорғау мен жеңілдіктер бар. Егер біз осы жобаны табысты жүзеге асырсақ, онда келешекте бұдан да зор инвестицияны тарта аламыз. Қазір мемлекеттік органдар техникалық шарттарды беру сияқты мәселелерді сөзбұйдаға салмай шешіп, барлық қажетті жағдайды жасауы керек,– деді Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімі жер қазу жұмыстарын бастап, мамыр айының соңына дейін оның “нөлдік” циклін жүргізуді, алдағы маусымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге және қондырғыларды жинақтауға пайдалануды ұсынды.

– Облыс әкімінің қолдауы нәтижесінде жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Біз енді құрылыс жұмыстарына кезең-кезеңімен кіріспекпіз. Егер мамырда бастасақ, онда жыл соңына дейін зауытты іске қосуға кепілдік береміз, – деді “Айцзю” компаниясының президенті. Айцзю Цзя Хэи компания майлы дақылдарды өңдеу жөніндегі зауытпен қатар, етті және ұнды өңдеумен айналысуға ниетті екенін айтты. Компания жергілікті жұмыс күшін тартып, қызметкерлері үшін жатақхана салмақ.

“TotalImpex” ЖШС мен “Айцзю” компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге 2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған болатын. Майлы дақылдарды өңдейтін “Тайынша май” ЖШС зауыты жобасын жүзеге асыру үшін Тайынша ауданынан жер телімі берілді, болашақ өнімді сатып алу туралы келісімшарт және кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде меморандум жасалды. Зауыт тәулігіне 500 тонна май шығаратын болады. Жобаны жүзеге асыруға 58 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылмақ.

Облыс әкімі сапар барысында Тайынша қаласындағы құрылыс алаңдарында да болды. Соның бірі – “Зерно Агро” ЖШС-нің астық қабылдау пункті. Элеватордың жобалық қуаты, шамамен, 26 мың тонна. Оны үстіміздегі жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланған.

Тайыншада “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша 300 орындық мектеп салынуда. Бас мердігер “Основание” ЖШС қазіргі таңда ғимараттың шатырын жауып жатыр. Ерік Сұлтанов бұл жұмысты жедел аяқтап, әрлеуге кірісуді тапсырды. Мектеп биылғы жылдың маусым айында ашылуға тиіс. Білім ошағы пайдалануға берілген кезде ауданда үш ауысымда оқыту мәселесі түбегейлі шешілмек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp