«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫНҒА — ТОСҚАУЫЛ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұрнағы күні еріген қар суы алып қалған бірқатар елді мекендерді аралады.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылында қар суынан Гусиное көлі арнасынан асты. Соның салдарынан жақын маңайдағы аулалар мен үйлерді су басып қалған.

Құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, тұрғындар мен малдарды қауіпсіз жерге көшірген. Қазір ағынды судың арнасын бұру және сору жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұрын бұл жерде судың бұлайша кемерінен асуы болмаған.

Тайынша ауданының Келлеровка ауылында қар суы 4 көшеге жайылып, 20 үй мен 39 аула су астында қалды. Бұл көшелерден тұрғындар мен малдар алдын ала көшірілді. Ауылдың 48 тұрғыны жергілікті орта мектепке орналастырылды, ал 60 бастан астам мал мен 20 құс Келлеровкадағы шаруа қожалықтарының қораларына жеткізілді. Ауылда еріген қар суын ағызудың барлық шаралары қолға алынуда. Осы ауылға Алматы қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметінің өкілдері көмекке келді. Көшелер бойында арықтар қазылып, су айдау жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Жергілікті тұрғындар да оған қолдарынан келгенше үлес қосуда. Әзірге екі көшедегі жайылған су тартылған жоқ.

Аққайың ауданының Смирново ауылында қар суы 6 тұрғын үйді басып қалыпты. Облыс және Астана қаласы төтенше жағдай қызметкерлері елді мекеннің көшелерінен 72 мың текше метр суды сорып алды. Еріген қар суы ағатын арналарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп, топырақтан бөгет орнатылды. Жергілікті билік өкілдері мен құтқарушыларға тұрғындар және облыстың әртүрлі ұйымдары қолдан келген көмектерін көрсетуде. Мәселен, Смирново ауылындағы су тасқынының салдарын жоюға “КАСПАКО” ЖШС-і және “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ы өкілдері қатысуда.

Өңір басшысы Есіл ауданының Корнеевка ауылында да болды, мұнда үш үйді су басып қалыпты. Ондағы адамдар мен мал көшірілген, көшелерден мотопомпалармен су айдау жұмыстары атқарылуда. Үлкен Тораңғыл көлінің шлюзі тәулік бойы бақылануда, 30 тонна инерттік материалдар жеткізілген.

– Біз жақында облыстың жағдайы ең күрделі 6 ауданындағы 15 елді мекен үстімен ұшып өттік. Онда су басқан үйлерден тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілген, құтқарушылар мен техника жұмыс істеуде. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау шаралары қолға алынуда. Үкімет те қажетті көмек көрсетіп отыр. Бүгіндері 5 жасақ құрамындағы 200-ге жуық құтқарушы уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Ақмола және Қарағанды облыстары әкімдерінің қолдауы арқасында бізге қосымша сорғыларымен машиналар жеткізілді, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Өңір басшысы су тасқыны қардың күрт еруінен болғанын айтты. Биылғы жылы облыс аумағына қар көп жылғы деңгейден 2-2,5 есе артық жауған. Еріген қардың жерге сіңуіне топырақ қабатының жібімеуі де әсер еткен.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp