«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Ауа райын болжаушылардың мәліметтері бойынша облыс аумағында су басу қаупі сейілер емес. Ерте келген көктем, қардың күрт еруі бірқатар елді мекендерге қиындықтар әкелді.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқынының алдын алу мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері құрамына енген облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, төтенше жағдайды жою және су тасқыны кезінде апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатын бақылау жедел штабы құрылғаны туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Жасұлан Жұмашев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Еліміздегі су басқан аймақтарға қысқаша тоқталып өткен Жасұлан Жұмашев солтүстікте жағдай күрделі екенін жеткізді.

– Су басу кезеңінің алдында 7 елді мекенде инженерлік шаралар жүргізілді. Оның ішінде 5 елді мекенде 3220 метр арық қазылып, тазартылды. 28 наурыз бен 8 сәуір аралығында су тасқыны кезінде Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Тайынша, Қызылжар, Айыртау, Мамлют, Шал ақын аудандарындағы 15 елді мекенде тиісті жұмыстар атқарылды. 9 ауылда судың бағытын бұру мақсатында 20 километрден артық канал қазылды. 11 учаскеде автомобиль жолдарының жабындысы ашылды, – дей келе Жасұлан Жұмашев су тасқынының алдын алу мен апаттық-құтқару шараларын жүргізуге 1044 адам жұмылдырылып, 265 техника тартылғанын жеткізді. Оның айтуынша, су тасқынының салдарын жою мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің құтқарушылары көмекке келген. Жеке құрамның 270 қызметкері мен 55 техника жұмылдырылды.

Баспасөз мәслихаты барысында облыста су басудың 7 оқиғасы тіркелгені айтылды. Есіл өзеніндегі судың деңгейі Есіл ауданының – Покровка, Қызылжар ауданының Новоникольское ауылдары маңында біршама көтерілген. Алайда, қауіпті деңгейге әлі жеткен жоқ. Сондай-ақ, Есіл ауданының аумағындағы Үлкен Тораңғыл көлінен қауіп зор. Ол арнасынан асса Есіл мен Аққайың аудандарының елді мекендерін, республикалық және облыстық автожолдарды су шайып кетуі ықтимал. Аққайың ауданының аумағындағы темір жолға да зиянын тигізуі мүмкін.

Сондай-ақ,Тайынша, Шал ақын, Аққайың, Есіл аудандарында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp