Сәрсенбінің сәтінде солтүстікқазақстандық әнсүйер қауым облыс орталығындағы Жастар сарайында тоғысып, белгілі пианист Гүлдана Жолымбетованың “Біз қайта біргеміз” атты концертін тамашалады. Бұл Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің негізін салушы, Халықаралық джаз қауымдастығының құрметті мүшесі Гүлдана Жолымбетованың қасиетті Қызылжар өңіріне жасаған алғашқы сапары екен.
– Петропавлдықтар бірнеше мәрте шақырған болатын. Шынайы өнерді жүрекпен бағалайтын қауыммен кездесудің сәті бүгін түсіп отыр, – деген Гүлдана Базылханқызы концерт барысында қасиетті сахнада өткен өзінің жарты ғасырдан астам өмірі жайлы, көңілді ажарландыратын музыка әлемі туралы сыр шертіп, ойларымен бөлісті. Үнемі жаңа дүниелер іздеп, тың бастамалар ойлап жүретін өнер иесінің концертінің ерекшелігі де сол – әртүрлі музыкалық аспаптардың сиқырлы үндерінің бір-бірімен қосылып, үйлесім табуында.
Сахна шымылдығын облыстық филармонияның симфониялық оркестрі композитор Серік Еркімбековтің шығармасымен ашты. Оркестрге Сергей Имашбаев дирижерлік етті. Одан әрі концерт Джордж Гершвиннің “Рапсодия в стиле блюз”, атақты жапон композиторы Дзе Хисаисидің және Эрик Карменнің “All by myself” атты шығармаларымен жалғасты. Сахнада орындалған әрбір шығарманы толықтырып, ерекше мағына үстеп тұрған бейнероликтер көрерменнің назарын аударды.
Тек өз туындыларын ғана емес, әлемге әйгілі Моцарт, Шопен секілді ұлы композиторлардың да шығармаларын жоғары дәрежеде орындайтын Гүлдана Жолымбетова Италияның, Жапонияның, Американың ірі залдарында өнер көрсетіп, талғамы жоғары тыңдарманды өнерімен сусындатып жүр. Сан алуан халықтың салт-дәстүрі, мәдениеті көрініс тапқан шығармаларды музыка тілімен әрлеп жеткізген талант иесіне көрсетілген қошемет те өлшеусіз болды.
Концерт соңында өнер иесін әңгімеге тартқанымызда ол бүгінде Американың Лос-Анджелес қаласында тұрып жатқандығын, қазақ халқының сарқылмас ән, өнер қазынасын насихаттап жүргендігін мақтанышпен жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.