«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙРАТЫ ҚАЙТПАҒАН ҚАРТ КӘСІПКЕР

“Мен өмірге ғашықпын!” деп бастады әңгімесін Кенесары Жолдаяқов. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің жігерлі сөздері кімге де болсын күш, қайрат бергендей. Еңбекпен етене өскен оның шебер қолынан шыққан туындылары талайларды тамсандыруда.

Біздің айналамызда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әр адамның тағдыры өзгеше бір әлем. Сондай жандардың бірі – Кенесары Қасымұлы. Бүгінде ол Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұрады. 1949 жылы “Бұлақ” кеңшарында дүниеге келген бала Кенесары өмірге ерекше құштар болып өседі. “Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатын бітіріп, арман қуып Целиноградқа оқуға аттанады. 1974 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқып, білім алған балаң жігіт туған еліне оралады. Жалғыз емес, өзімен бірге Мәмила дейтін өмірлік қосағын ертіп әкеледі.

Қызмет баспалдағынан сатылай жүрген Кенесары Қасымұлы кәсібінің ыстығына күйіп, суығына тоңды десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, кеңес өкіметі құлаған тұста көп қиындық көргенін ол еш жасырмайды. Екі ұлын ержеткізіп, оқыту да оңай болмағанға ұқсайды. Бірақ жары Мәмила екеуі барлық қиындықты бірлесе жеңе білді. Кейін жұмыс бабымен аудан орталығына көшуге тура келді. Барлық ғұмырын медицина саласына арнаған зайыбы аудандық орталық ауруханада дәрігер-терапевт болып қызмет еткен. Ал өзі құрметті зейнет демалысына дейін аудандық әкімдікте құрылыс бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

Ол зейнетке шыққан соң да үйде отыра алмады. Әрине, өмір бойы еңбекпен арпалысқан адам үшін үйде қол қусырып отыру қиын. Көзі ашық, көкірегі ояу Кенесары Жолдаяқов бірде аудандық газеттен “Даму” қорының кәсіп ашуға ниет еткен жандарды қолдайтындығы жөнінде жазылған мақаланы оқиды. Сөйтіп, кәсіп ашу ниетімен бірден облыс орталығына жол тартқан. Өмірін құрылыс саласына арнағандықтан, екі қолынан өнер тамған шебер өзге кәсіпке ауысып кете алмады. ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Үкіметтің қолдауымен 2011 жылы кәсіп ашты.

Қазіргі таңда мүгедек адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеу мен кедергісіз жүріп-тұруы үшін атқарылып жатқан кең ауқымдағы шаралар өз алдына. Мемлекет басшысы кембағал жандар үшін елімізде ешбір кедергінің болмауы керектігін айтып, осы мәселеге барынша көңіл бөлуді тапсырған болатын. Осы орайда Үкімет тарапынан көрсетілген ерекше қамқорлықтың арқасында өз ісін бастаған кәсіпкер Елбасының қолдауына шексіз риза.

– Айналамызда мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Олардың қоғаммен етене араласуынан бөлек, өздігінен жүріп-тұрулары қиын. Бүгінде сал ауруына шалдыққан балалар да жетіп артылады. Сондықтан мен Үкіметтің көмегімен тақтайдан арнайы орындығы бар дәретхана жасауды қолға алдым. Бұл жасы келіп қалған кісілер үшін өте қолайлы. “Даму” қорының 150 мың теңгелік грантын иеленіп, керек-жарақ заттарды сатып алдым, – дейді Кенесары Жолдаяқов. Әрине, оның ақшаны күреп тауып жатқаны шамалы. Бір жылда шамамен 12 дәретхана жасап, сатады. Бағасы да қолжетімді. Көбінесе мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қариялардан ғана тапсырыс түсетіндіктен, сұраныс онша көп емес. “Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы” дегендей, жомарт жүректі кәсіпкер жасаған дүниесін арзан бағамен сататын көрінеді. Бұл – байлықтың емес, имандылықтың, мәрттіктің, жомарттықтың белгісі.

Кәсіпкер ісін еш тоқтатпақ емес, керісінше алға басып, дамудың даңғыл жолына түсуді қалайды. Сондай-ақ, биыл пима басатын шағын цех ашып, бал арасымен де шұғылданбақ ойы бар. Ол үшін “Даму” қорына барып, бизнес жоспарын ұсынбақ. Жасы жетпіске таяп қалған ел ағасының мұндай шешімі мені таңғалдырғаны рас. Оның себебін білмек болып, өзінен сұрағанымда, бойында ерекше бір намыстың, күштің барын аңғардым. “Ер намысы – ел намысы, ел намысы – ер намысы” демекші, Кенесары Қасымұлы үшін ар мен намыс қымбат. Әр қазақтың баласы қолынан іс келе алатынын көрсетуі тиіс екенін айтқан кәсіпкер намысқа тырысып, жұмыс істеу керек, дейді. Сондықтан уақытты босқа өткізбей, адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы болып саналатын кітаптан керегін тауып, оқуда. Оның айтуынша, ойда жүрген жобаларын жүзеге асыру үшін кітап арқылы алған білімді өмір қажетіне жарата білу керек. Биыл аталған жобаларды жүзеге асыру оның арманы. Құрған жоспары іске асып, ойлаған арманы орындалатын болса, кәсібінен түскен қаржыны қайырымдылық шараларына жұмсамақ.

Өзеннің ағысын тоқтатуға болса да, өмірдің ағысы тоқтамайтынын айтқан оның еңбекпен өрілген саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындай. Шәкірт тәрбиелеуге де ерекше үлес қосуда. Есіл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ертеңгі ел сенімін ақтар болашақ спортшыларға шахматтан сабақ береді. Сонымен қатар, балаларды дойбы, тоғызқұмалақ ойындарына баулуда. Мүмкіндігі шектеулі болса да, арманы шексіз, ерік-жігері мықты, қиындыққа еш мойымайтын ол көптеген қоғамдық іс-шараларға қатысады. Бір өзі бірнеше жұмысты атқарып жүрген оның табандылығы, еңбекке деген адалдығы – әрбіреуіміз үшін өнеге. Кенесары Қасымұлының ерік-жігерінен кембағал жандар ғана емес, дені сау, қол-аяғы бүтін азаматтар да үлгі аларлықтай.

Қазір білім саласында талап күшті. Сол себепті Кенесары Жолдаяқов өз білімін жетілдіріп, білігін арттыруда. Осы мақсатпен ол дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға түскенді. Қазір 3-курста оқиды.

– Білім алу ешқашан да кеш емес. Адам өмір бойы ізденіп, оқуы тиіс. Бүгінде елімізде білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Ол мүмкіндікті әрбіреуіміз де пайдалануымыз керек. Қай жасқа келсек те, оқу оқып, білім алу артық етпейді. Үлгерімім жақсы. Оқу қиын емес. Мұғалімдердің айтқандарын тыңдап, білмегенімді үйренудемін. Құдай қаласа, биыл екінші мамандық аламын, – дейді ол.

Бүгінде аудандық, облыстық спорттық шараларға ерекше белсенділікпен қатысуда. Әсіресе, облыстық “Ақбидай” спартакиадасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары бойынша үздіктер қатарында екенін де баса айтып өткен жөн. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде де ол аға буын өкілдері өткізетін шаралардың басы-қасында жүреді. Орайы келгенде одан сан қилы шаруаның барлығына уақыт табуының сыры неде екенін сұрадым. Өйткені, көбіміз жалт-жұлт еткен өмірдің қызылды-жасылды дүниесіне алданып, уақытты тиімді пайдалана білмейміз. Ал ол әр күнін жоспармен өткізеді. Айға, аптаға жоспар құратын Кенесары Қасымұлы әр сағатын алтын уақытқа балайды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp