«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Марат ҚОЖАХМЕТОВ: “СУРЕТШІ БОЛУ ҮШІН ТАЛАНТ ТА, ТӘРБИЕ ДЕ КЕРЕК”

Қоғамдағы әртүрлі құбылыстарды бояу тілімен баян етіп, өнерсүйер қауымды көркемсуреттің тылсым тереңіне бойлататын ғажайып құбылыс иелері – суретшілер. Содан да болар, қылқалам шеберлерінің туындыларына жұртшылықтың ықыласы ерекше. Жақында өңірімізде Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалы ашылған болатын. Оның директоры есімі өңір жұртшылығына белгілі суретші, дизайнер Марат Қожахметовпен кездесіп, аталмыш өнердің бүгінгі жай-күйі жайында әңгіме өрбіткен едік.

– Марат Тәшімұлы, заман көші алға жылжып, уақыт зымыраса да, ғылым мен техниканың көкжиегі шырқау биікке шарықтаса да суретші қылқаламының құдіретін еш нәрсе ауыстыра алмасы анық. Сіздің осындай күрделі өнерді таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен марғасқа ақын Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген ауданда өмірге келдім. Тал шыбықтай жас баланың талантты болып жетілуіне, ең алдымен, ата-ананың тәлім-тәрбиесі, содан кейін жүрген ортасы әсер етері сөзсіз. Менің өмір жолымды өнермен байланыстыруыма осы екі жайт әбден себеп болды деп ойлаймын. Оның үстіне әкем Тәшімхан сурет салуға, өмір көріністерін, табиғат сұлулығын қылқаламмен өрнектеуге әуес болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыста да зұлмат өмірдің өтінде жүріп, жауынгерлерді ерлікке, төзімділікке шақыратын әртүрлі қабырға газеттерін шығаруда белсенділік танытыпты. Осылайша әкеге қарап бой түзеп, өнерге біртабан жақын болдым. Менің бұл қабілетімді байқаған етжақындарым Петропавлдағы балалар көркемсурет мектебіне оқуға жіберді. Оны 1979 жылы жақсы бағамен бітірдім.

Мектепте оқып жүргенде осы саланың қыр-сырына үңілуді мақсат еттім. 1980 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің көркемөнер факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 1985 жылы бітірісімен туған жерім – Қызылжарға оралып, еңбек жолымды бастадым. Ол уақытта өңірімізде өнер адамдары, әсіресе, суретшілер тапшы болатын. Бірден Петропавлдағы “Ауыр машина жасау” зауытына бас суретші болып жұмысқа орналастым.

– Сөзіңіз аузыңызда, қателеспесем, зауытта бастаған еңбек жолыңыз ұзаққа созылмады ғой. Араға көп уақыт салмай өзіңіздің жеке кәсібіңізді ашып, бизнеске бет бұрдыңыз. Олай етуіңізге не себеп болды? Әлде, қатып қалған қағидаға, темірдей тәртіпке көп бағына бермейтін шығармашылық бітім-болмысыңыз ықпал етті ме?

– Жалпы шығармашылықтың адамы үнемі еркіндікті аңсап жүреді ғой. Еркін құстай қанатын кеңге сермеп, өз әлемінде, өз аспанында қалықтап ұшқысы келеді. Алайда, “Жомарттың қолын жоқшылық байлайды” демекші, шығармашылық адамның емін-еркін тыныстауына тынымсыз тірлік, қарбалас өмір көп жағдайда ырық бере бермейді.

Мен 1987 жылы Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі атандым. Ол кезде біздің өңіріміз білікті дизайнерлерден кенде емес еді. Содан кейін осы өнердің өңірімізде неге қанатын кеңге жайғызбасқа деген ой келіп, Қазақстан Дизайнерлер одағының облыстық филиалының ашылуы үшін көп тер төгіп, ақыры көздеген мақсатымызға жеттік. Міне, осыдан кейін облысымыздағы кәсіпқой суретші болуға ынталанып жүрген өнерпаздардың алдынан даңғыл жол ашылды. Дизайн саласының жілігін шағып, майын ішкен тісқаққан маман болмасам да, бір кісідей білемін. Неге өзімнің жеке дизайн-студиямды ашпасқа деген ой келді. Оның үстіне отбасымның, бала-шағамның қажеттілігін өтеуге мүмкіндіктер де молая түсер деген оймен 1988 жылы “СевКазДизайн” деген кәсіпорынды аштым. Оның тізгінін аттай жиырма екі жыл бойы ұстадым.

– Сонда қандай жұмыстармен айналыстыңыздар?

– Біздің жұмысымыздың басым бағыты жарнама саласы болды. Тиыннан теңге құраудың қамымен, бала-шағаны қатарынан кем қылмаудың амалымен жүріп, шыны керек, өнерден біраз алыстап қалғаным да жасырын емес. Клиенттеріміздің санын көбейту, жұмысымыздың сапасын арттыру, пайда көзін молайту сияқты жұмыстар мені өмірімнің мәні мен сәніне айналған өнерден көп алыстатып жібергенін байқамай да қалыппын.

– Әрине, жиырма екі жыл аз уақыт емес қой. Осы тұста атақты өнер иесінің “Өнерсіз өткен бір күнім – құмға ағызған сумен тең” деген сөзі есіме түсіп тұрғаны.

– Сіз жарамның үстіне тұз сепкендей сұрақ қойып отырсыз.

– Осыдан кейін шығармашылығыңызға түбегейлі бет бұрғаныңыз анық байқалады. Сөзіміздің бір дәлелі 2015 жылы Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалы ашылып, оның директоры болып сіз тағайындалдыңыз. Бұл облысымыздың мәдени өміріндегі жағымды жаңалықтардың бірі болды.

– Иә, бұл уақытта шығармашылығымның екінші тынысы ашылды деп айтсам, қателеспеген болармын. Өйткені, мен өз арнамды таптым. Кәсіпорын ғимаратының ішінен кең кабинет ашып, оны өңіріміздегі суретшілердің бас қосып, шүйіркелесетін, өзара ой-пікірлерімен бөлісетін орнына айналдырдық. Бұл біздің шығармашылық тұрғыдан шыңдалуымызға да тың серпіліс берді. Бүгінде Петропавлдың өзінде жиырмаға жуық кәсіпқой суретші бар. Яғни, бұл – өнерді өрістетуге шамамыз жетеді деген сөз. Филиалдың ашылуы біздің республикалық деңгейде танылуымызға да жағдай жасады. Мысалы, еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған өткен 2015 жыл біздің де шығармашылық әлеуетіміздің артуына ықпал етті. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған әртүрлі республикалық шараларға қатыстық. Оңтүстік астанамыз – Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мұражайға барып, көрме ұйымдастырдық. Шараны тамашалауға жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласынан еліміздің солтүстік өңірінің суретшілеріне деген қызығушылығын, жылы-шырайын байқадық. Бұл көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам суретші қатысты.

Бүгінде біздің өңірімізде Қазақстан Суретшілер одағына мүше он қылқалам шебері бар. Ал нағыз кәсіпқой суретшілердің саны жиырмадан асатынын айттым. Бұрын олардың шығармашылық толысуларына жағдай жасайтын қайнаған орта болмады. Суретшілердің көбі жұмыссыз жүрді. Екі қолға бір күрек таба алмаған адамның жағдайын, өнерін, шығармашылық өмірін өзіңіз де бағамдай беріңіз.

– Филиал құрылған кезде облыстық бейнелеу өнері мұражайында өңір суретшілерінің таңдаулы туындылары қойылған көрме ұйымдастырдыңыздар.

– Біздің жұмысымыздың бір нәтижесі деп облыстық бейнелеу өнері мұражайында өткен көрмені айтуға болады. Бұрын облысымызда көрмелер жиі ұйымдастырылатын. Осындай кең ауқымды көрмелердің өткізілмегеніне он жылға жуық уақыт болыпты. Оны дәстүрге айналдырып, суретшілердің жеке көрмелерін ұйымдастырып, көзі қарақты көрерменнің жүрегіне жол тартуды жоспарлап отырмыз.

Біз суретшілерден кенде емеспіз. Ізімізді басып, жетіліп келе жатқан жас суретшілеріміз де жетерлік. Шын жүйріктің шапқан сайын түлейтініндей, нағыз дарын иесі де ізденсе, оқыса ысылады ғой. Ашылғанына көп бола қоймаған Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалы жас өнерпаздардың өсіп, өз соқпақтарын табуына ықпал етері сөзсіз. Дегенмен, өрендердің өнерлерінің өрістеуіне толыққанды көмекші бола алмайды.

Бір мысал айтайын, Петропавлдың ең көрікті деген көшелерін араласаңыз, көзге оттай басылатын мазмұны шала-жансар, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жарнамаларды көресіз. Қаланың көркіне де тигізіп тұрған зияны орасан. Оларды көргенде тұрғындардың көңілін елең еткізетіндей өнер иесінің қолымен жасап шығаруға болмас па еді? Осы мақсатта “Петропавлды болашақта қалай көреміз?” деген жоба жасап, өңір суретшілерінің өзге де мәселелерін алға тартып облыс әкіміне хат жолдадық. Өңір басшысы жылы қабылдап, өтінішіміздің орындалуына, жалпы қылқалам шеберлеріне жан-жақты жағдай жасауға уәдесін берді.

– Өңірімізде жас суретшілердің шоғыры қалыптасып келеді. Қаладағы өнер колледжіне бара қалсақ, дарынды суретшілердің өсіп келе жатқанын аңғарамыз. Осыған қарап ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісін байқауға болатындай.

– Үстіміздегі жылдың қараша айында Алматыда Қазақстан Суретшілер одағының пленумы болады. Одаққа мүшелікке үміткер ретінде өңірімізден үш кісіні ұсынып отырмыз. Олардың қатарында С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының талантты суретшісі Ғалия Қожахметова да бар.

Талай дарынды қанаттандырған қасиетті Қызылжар өлкесінен ақиық ақындар да, қаламы қарымды жазушылар да, мықты суретшілер де шыққан ғой. Уақыт пен уақытты жалғап тұрған сол нәзік жіпті үзіп алмай, бүгіннен болашақтың ұландарына табыстау – біз сияқты өнер адамдарының міндеті. Болашақ суретшілердің алдында, енді келетін уақыттың алдында жүзіміз жарық, беделіміз биік болу үшін қазірден бастап қолға алу қажет. Өңірімізде өзіңіз тілге тиек етіп отырған өнер колледжі, одан өзге М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде дизайн кафедрасы жұмыс істейді. Аталмыш колледжді соңғы 7-8 жыл ішінде жүзден астам студент бітірді. Олардың біреуінің өңірімізде қалып, жұмысқа орналасқанын естімеппін. Көбі еліміздің өзге өңірлеріне немесе Ресейдің қалаларына жұмыс іздеп кетеді. Одан өзге көркемсурет мектебі бар. Онда да талантты суретшілер өсіп келеді. Міне, облыс әкімінің атына осы сауалдарды да жолдадық. Біздің өтінішіміз аяқсыз қалмай, Ерік Хамзаұлы өнер колледжінің басшылығына көркемсуретшілердің еліміздің өзге өңірлеріне барып, тәжірибе алмасулары жөнінде тапсырма берді. Міне, ұрпақ сабақтастығы мәселесін осындай болашақта көл-көсір жемісін беретін жұмыстардан бастау керек деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жүзеге асыруды көздеп жүрген мақсаттарымыз көп. Қаламыздағы ең көрікті – Қазақстан Конституциясы көшесін заманға сай ұлттық нақышта безендіру керек. “Тәуелсіздік” стелласының жанынан ертегі қалашығын салып, халқымыздың келбетін танытатын тарихи тұлғалардың, аңыз жырлардағы кейіпкерлердің мүсіндерін қоюды ойлап жүрміз. Ат төбеліндей аз ғана қазағы бар Қызылжардан қазақылықтың иісін шығару керек.

Жеке шығармашылығымда да ізденістер бар. Жақында марғасқа Мағжан ақынның “От” өлеңін оқып отырып, көз алдыма өлеңнің мазмұнымен үйлесетін картина елестеді. Бүгінде сол картинаны салу үстіндемін. Суретті әркім-ақ салуы мүмкін, алайда нағыз сыршыл суретші болу табиғи таланттың үлесіне тиесілі. Алла берген дарын мен қажымас еңбек тоғысқанда ғана нағыз шығармашылық адам қалыптасады екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp