Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен Тайынша ауданының Донецкое ауылы тұрғындарына шығын болған малдары үшін өтемақы төленді. Бұл мақсатқа қаржы облыс қазынасынан бөлінді. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжановтың айтуынша, мал иелерінің шығынын өтеу үшін нарықтық құнын есепке ала отырып, тәуелсіз бағалау жүргізілген. Шығынның орнын толтыруға бюджеттен 1 миллион 94 мың теңге қаржы бөлінді.
Тұрғындар атқарушы органның көмегіне ризашылық білдіруде. Солардың бірі Леонид Левицкий: “Өтемақы мал сатып алуға жетеді. Бір апта уақыт өткен жоқ, жапа шеккен тұрғындар өтемақысын алып жатыр, біз бұл мәселе жылдам шешімін табатынына күмәнданған едік”, – дейді. Владимир Дворецкий де мемлекеттің қысылтаяң сәтте қол ұшын бергеніне дән риза. Ол бұл қаржыға қозылар сатып алмақшы.
Жақын күндері өңір басшысының тапсырмасына орай Донецкое ауылының тұрғындарына су тасқыны залал келтірген баспаналарын жөндеу үшін де өтемақы төленетін болады. Сондай-ақ, “Әліби” серіктестігінің жетекшісі Нұрлан Тілеубаев судың жайылуынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына 2 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Донецкое ауылына “Қызыл Жарты Ай” қоғамының облыстық филиалы да гуманитарлық жүк жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.