«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРБЕКТІҢ ТАҢДАУЫ

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің түлегі Батырбек Есімханның Жамбыл ауданының Благовещенка орта мектебіне келіп, математика пәнінен сабақ бере бастағанына екі жыл болыпты. Ол облыс орталығында қалмай, өзі түлеп ұшқан мектебіне жұмысқа орналасқанына өкінген емес.

Ауылда орта білім алып шыққан Батырбек мамандық таңдарда қинала қойған жоқ. Ата-анасының ақылын тыңдаған ол 2010 жылы ағасы Есләмбек те білім алған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді.

Ұстаз болуды алдына мақсат етіп қойған Батырбек университетті аяқтай салысымен, қалада қалуға мүмкіндігі бола тұрса да, кіндік қаны тамған Благовещенка ауылына қайтып оралды. Жас маман 6-8-сынып оқушыларына математика пәнінен сабақ береді.

– Бүгінде ауылды жерде мамандар тапшы. Кіндік қанымыз тамған ауылымыз өркендесін десек, бір үйдің баласындай атсалысуымыз қажет. Ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас болу – бізге міндет. Сол себепті, дипломыма қол жеткізген соң өзім қанат қаққан мектебіме келіп, жұмысқа орналастым. Бұл шешіміме өкінбеймін. Қарашаңырағыма маман болып оралып, тәжірибелі әрі білікті педагогтермен үзеңгі қағыстыра қызмет атқарып жатқанымды өзіме абырой санаймын, – дейді Батырбек Есімхан.

Мектеп директоры Жібек Мұрзатаева да жас мамандардың жұмысына дән риза. Оның айтуынша, білім ошағына оралып, ұстаздық жолын таңдаған 7 түлек зор ізденіспен қызмет етуде. “Соңғы жылдары мектепте еңбек етіп жатқан жас мамандардың қатары Ардақ Мұрзатаев, Батырбек Есімхан, Ақмарал Ипова және Олжас Сәбитов сынды жастармен толықты. Олар ұжымға тез үйренісіп, оқушылардың жүрегінен орын таба білді. Жұмыстарына шығармашылық ізденіспен қараған мұғалімдер аудандық және облыстық деңгейде ұйымдастырылатын сайыстарға белсенді қатысып, биіктерден көрінуде”, – дейді Жібек Тобылқызы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp