Өткен жылы облыс экономикасына 128,4 пайыз өсіммен 154,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде шетел инвестициясының өсімі 60 пайыздан жоғары. Біздің облысымыз инвестициялық өсім қарқыны жөнінен республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды.
Шетелдік компанияларды өңірге тартып, облыс экономикасын дамытуда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Осы орайда өңірдің инвестициялық әлеуеті мен алда атқарылуы тиіс жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Мұхтар Наурызбайұлы, қазіргі таңда инвестициялық белсенділікті арттыруға баса назар аударылуда. Шетел инвестицияларын экономикаға тарту мәселесі де өзекті. Бұл орайда біздің облыстың әлеуеті қандай?
– Инвестиция тарту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Елбасымыз жергілікті атқарушы билік өкілдерін инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, инвестициялық ахуалды жақсартуға міндеттеген болатын. Қазіргі таңда инвестициясыз жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту қиын. Мемлекет басшысы айтқандай, шетелдік инвесторлар өңірлерде жұмыс істеуі керек. Қазіргі таңда өзіміздің ішкі резервтерімізді іздестіруде нақты жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда әлем елдері экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Экономикада тұрақсыздық байқалуда. Көмірсутегі шикізаты арзандап, металл бағасы түсті. Мұның біз үшін пайдалы жағы да бар. Өйткені, өңірде үлкен тау-кен, металлургия кешені жоқ, негізгі сала – агроөнеркәсіп. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өнеркәсіп дамуда. Инвесторлар мұнайдан күректеп ақша таба алмайтындарын түсінгендіктен, азық-түлік өнімдеріне баса мән беруде. Тамақ өнеркәсібі мен өзге де салалардың дамуына қызығушылық байқалуда. Өткен жылдың соңынан бері осы мақсатта облыста белсенді жұмыстар атқарылуда. Біз ай сайын кемінде 2-3 көлемді шаралар өткізудеміз. Биылғы жылдың қаңтар айында инвесторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Біз Қазақстанның инвестициялық картасында лайықты орын аламыз. Бұрын барлық инвесторлар Астана, Алматы қалалары мен еліміздің батысына қарай ағылатын. Коммуникация мәселесінде кемшін тұстар болса да, соңғы кезде инвесторлар теріскейге жиі келетін болды. Жоғарыда айтып өткен инвесторлар кеңесі барысында бірқатар меморандумдарға қол қойдық. Бүгінгі таңда жұмыстың нақты нәтижесі байқалуда. Қытай елінен келген инвесторлар 3 жоба ұсынып отыр. Ресей, Финляндия елдері инвесторларымен де келіссөздер жүргізілуде. Соңғы екі-үш айдың ішінде жұмыс қарқын ала түсті. Италия елінің инвесторлары 2300 гектар жер алып, өздерінің техникаларын әкелуде. Майлы дақылдар өсіруді ойластырып отырған олар көктемгі егіске қызу дайындалуда.
Облыстың инвестициялық портфелінде 25 жоба бар. Облыс әкімі әр апта сайын осы жобаларға өзі мониторинг жасайды. Мен инвестиция мәселелеріне тікелей жауапты болғандықтан, күн сайын инвесторлармен жұмыс жүргіземін. Оларға қолайлы жағдай туғызу үшін қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Италиялықтар мен финдер біздің өңірге келгенде “өзімізді үйдегідей сезінеміз” деп жақсы пікір білдіруде. Бұл шетелдік инвесторларға жасалған қолайлы жағдайдың нәтижесі деп ойлаймын.
Жалпы инвесторлар кеңесі жоғары деңгейде өтті деуге болады. Кеңес барысында инвестициялық декларацияға қол қоюды тәжірибеге бірінші болып енгіздік. Аталмыш декларация аясында облыс әкімі инвесторлар алдында өзіміздің басты міндеттерімізді айтып түсіндірді.
– Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Астанада шетел елшілерімен кездесті. Сол бизнес-ланчтың нәтижесі қандай болды?
– Өңір басшысының бастамасымен өткізілген алғашқы бизнес-ланч шетелдік дипломаттарды өңірдің инвестициялық әлеуетімен, облыс аумағында басталған ірі жобалармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Мұндай бизнес-ланч әлемдік тәжірибеде бар әрі бұл кездесу жақсы нәтиже берді деп айтуға болады.
Бизнес-ланч қорытындысы бойынша бізге 67 елшілік қызығушылық танытты. Алдағы уақытта да ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұрын Америка, Қытай, Ресей елдерінің әлеуетті инвесторларын көретін едік, бүгінде Орта Азия, Шығыс Еуропа елдерінде де қызығушылық бар.
Біздің экономикамызға Румыния, Эстония, Македония елдері қаржы құйғылары келеді. Сәуір айының соңында Қазақстан-Германия бизнес форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, облысқа Қытай, Түркия, Швеция елдерінен инвесторлар тобы келеді деп күтілуде. Күн сайын шетелдік инвесторлар тарапынан көптеген өтініштер түседі.
Жыл соңында “Қызылжар-инвест” форумын өткізу ойда бар. Даму бағытымызды айқындап, болашақты бағамдау үшін жыл сайын осындай ауқымды шаралар өткізу көзделуде. Облыста ауыл шаруашылығы, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі жақсы дамығанын айтып өттік. Бірақ арнайы инвестициялық стратегиямыз жоқ. Сондықтан бүгінде стратегиялық құжат дайындауға кірістік. Құжатта барлық аудандардың инвестициялық мүмкіндіктері сараланады. Құжат интерактивті веб-порталға салынып, шетелдік инвесторлар өңірдегі әрбір ауданның әлеуетімен таныса алады.
Өзіміз барып инвесторлардың қызығушылығын арттырмасақ, ешкім де бізге келіп инвестиция салмайды. Қазір бәсекелестік заманы. Инвесторларды өңірге тарту бойынша өзге облыстармен бәсекеге түсудеміз.
– Облыс үшін өткен жыл жемісті болды. Бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Енді қол жеткенді баянды ету бағытындағы жұмыстарға ойыссақ.
– Біздің облысымыз инвестициялық өсім қарқыны бойынша республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды. Дегенмен, бұл жетістікке біз тоқмейілсімейміз. Жүйесін тауып, жұмыс қылу үшін әлі де атқарылуы тиіс шаруа аз емес. Инвесторлардың облысқа келуінің бір себебі – географиялық орналасуымыз қолайлы.
Биылғы жылдың наурыз айында жұмыс сапарымен Түмен облысында болып, губернатор Владимир Якушевпен кездестім. Жақын арада Түменге үлкен жәрмеңкеге барамыз. Оған біздің өңірден тамақ өнеркәсібімен айналысатын 20 кәсіпорын қатысады. Осындай жәрмеңкені Қорған облысында өткізу ойда бар. Санкциялар салдарынан еуропалық, түркиялық бизнесмендер Ресей нарығынан кетуде. Біздің мақсатымыз – сол босап жатқан нарықты қазақстандық өнімдермен толтыру. Сондықтан жоғары деңгейге көтерілу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.
Қазіргі таңда шикізат мәселесінде де бәсекелестік күшті. Қытай компаниялары шикізат қоры бай Солтүстік Қазақстанның географиялық аумағы жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір екенін біледі. Бұл – облыс үшін үлкен жетістік. Олар қай жерде – пайда жақсы, сонда инвестиция салады. Мәселен, 1 доллар инвестиция салса, 3 долларға дейін табыс таба алады. Түсетін табыс салған ақшадан көп болатынына көздері жеткенде ғана өңірге келуге мүдделі болады. Қазір жеңіл жолмен жылдам ақша табудың уақыты өтті. Сондықтан алда жаңа өндіріс орындары ашылып, инвестициялық жобалар қарқын ала түседі деп ойлаймыз.
– Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатқанын көріп отырмыз. Алайда, шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс істейтін мамандар бар ма? Тіл білу де өзекті болып отырған шығар?
– Өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру мақсатында екі жүйе бойынша жұмыс істеуді қолға алдық. Бұрын жобаларға тек 10 пайыз ғана көңіл бөлініп, 90 пайызы ағымдағы жұмыстарды орындауға жұмсалатын. Бір жобамен айналысу үшін жауапты тұлғаларға уақыт шектеулі болатын. Қазір жұмыс сипаты өзгерді. Арнайы жобалармен айналысу үшін стратегиялық жоспар жасалды. Екі жақты теңестіруде 40 пайыздық көрсеткішке қол жеткіздік. Күнделікті ағымдағы жұмыс та қоса атқарылуда. Ал матрица жүйесі бойынша жауапты тұлғалар бір топ болып жұмыс істейді. Бұл үдеріс өзінің тиімділігін көрсетуде. Мамандардың тіл білу мәселесіне келер болсақ, шынын айтқанда, ешқандай қиындық жоқ. Күш білімде деп бекер айтылмаған ғой. Облыстық басқармаларда ағылшын тілін меңгерген жастар баршылық. Шетелдік инвесторлармен көбінесе ағылшын тілінде сөйлесеміз. Кейбір инвесторлардың өз аудармашылары болады.
– “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары өңірде қалай жүзеге асырылуда? Индустрияландыруға қатысты қадамдарға тоқталып өтсеңіз.
– “100 нақты қадам” – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары біздің өңірде де тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Жоспардың үшінші кезеңі индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлт жоспарындағы 54-қадам республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Дегенмен, біз өз кезегімізде бизнес клуб құруды жоспарлаудамыз. Бизнес клуб аясында барлық органдардың өкілдерін жинап, кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін ортақ талқылау болады. Кәсіпкерліктегі әкімшілік кедергілерді жою мақсатында “Кәсіпкерлер күні” жобасы қолға алынды. Жоба аясында банктер мен шағын және орта бизнес өкілдерін шақырып, екі тараптың пікірін тыңдадық. Қазіргі таңда өңірде банктермен шағын және орта бизнесті несиелендіру жақсы жүргізілуде.
Трансұлттық компаниялар арқылы инвестициялар тарту – үлкен шаруа. Ұлт жоспарының 55-қадамында Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өңдеу өнеркәсібіне ең кемінде 10 трансұлттық компания тарту, халықаралық экономикалық нысандардың жаңа мүмкіндіктері туралы айтылған болатын. Осы орайда біздің облыста Қытай елінің 3 жобасы жүзеге асырылмақ.
– Ұлт жоспарының 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар зәкірлік инвесторлар тарту туралы айтылған. Осы мәселеге қатысты қандай пікір білдіресіз? Жалпы өңірде туризм саласына инвестиция тарту мүмкін бе?
– 57-қадам бойынша туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда. Қазақстанда бес туристік кластер бар. Зәкірлік инвесторды өңірге тарту үшін барлық инфрақұрылым жасалуы тиіс. Облыста инфрақұрылымның дамуы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Өткен жыл соңында жүргізілген сараптама бойынша қазір аталған мәселемен барынша айналысудамыз. Біздің ең басты жетістігіміз туризм кластерін дамытуда табиғаты әсем, көрікті Айыртау ауданын “Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына” енгіздік. Сұлу мекен – Айыртау өзге туристік аймақтардан еш кем емес. Әрине, мұны дәлелдеу үшін көп еңбектендік. Осы мақсатта Бурабай, Зеренді, Айыртау бағыты бойынша тұжырымдама жасалды. Туризм кластерін дамытуда мемлекет тарапынан қосымша инвестиция тартылады деген ойдамын. Айыртау ауданын туристік аймақ ретінде бәсекеге қабілетті етуге барынша күш салатын боламыз. Қазіргі таңда туристердің көбі саяхатқа жеңіл көлікпен шығады. Сондықтан жеңіл көлікпен туристік сапарға шығатындар үшін жол белгісін, арнайы көлік қоятын орындар мен қоқыс салатын жәшіктер орнату бойынша жұмыс атқарылуда. Қазір Қазақстанның керуеншілер клубымен әріптестік байланыс орнаттық. Мамыр айында Айыртауда туристік маусым ашылады. Онда бірқатар шаралар өткізіледі.
62-қадамға да тоқталып өтер болсам, экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған “Ұлттық чемпиондар” белсенділігін жүзеге асыру көзделген. Бизнес-көшбасшыларды айқындау ноу-хау трансфері үшін біліктілік орталықтарын құру мүмкіндігін береді. Бұл қадам бойынша “Ұлттық чемпиондар” белсенділігіне ішкі мониторинг жүргізілді. “Ұлттық чемпиондарға” кірудің өзіндік шарттары бар. Алайда, бұл тізімге енетін өңірде үлкен кәсіпорындарды табу қиын. Бірақ біздің облыстан екі кәсіпорынға сұраным берілді. “Ұлттық чемпиондар” тізіміне енген кәсіпорындар “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” акционерлік қоғамы бойынша қаржылық ресурстарға қол жеткізеді. Ал Ұлт жоспарындағы 63-қадам ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстанда екі жетекші инновациялық кластер – Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі бар. Бұл кластерлермен белсенді жұмыс істейміз. Осының аясында облыста екікүндік үлкен инновациялық конкурс өтеді. Тренерлер келіп, студенттер үшін дәріс оқитын болады. Қазір стартап жобаларды жүзеге асыру үшін бизнес-инкубатор құруды жоспарлаудамыз. Оны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында құру ойда бар. Жалпы, дамыған елдерде университет барлық инновациялық жобалардың ұстаханасы болып саналады. Инновациялық жобаларды жүзеге асыруда жақсы мамандар табу көзделуде.
– Еуропалықтардың мәдениеті, экономикасы мен менеджментінің деңгейі бір басқа. Ал біздің Ресей елімен өзара ұқсастығымыз бар. Еуропалық инвесторларға қарағанда, ресейліктердің көптеп біздің өңірге келуінің басты себебі географиялық жақындығымыз ғана болмаса керек.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда біздің жер қолайлы. Экологиялық таза, мол өнім алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда Ресейдегі ең ірі “ЭФКО” басқарушы компаниясы облыста майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Бизнестегі экономикалық өрлеуді көрмесе, олар бұл жобаны жүзеге асырмас еді. Ал Қазақстан тарапынан барлық жағдай жасалуда. Инвесторлар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Техникаларды шекарадан өткізуде кедендік рәсімдеу тегін жүргізіледі, сондай-ақ, шетелдік мамандарды жұмысқа тартуда Үкіметке салық төленбейді. Жоба құны 20 миллион доллардан жоғары болса, мемлекет қаржының 30 пайызға дейінгі мөлшерін қайтарады. Өзге елдерде инвесторларға мұндай жағдай жасалмаған. Бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, көмек ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
