«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОПЖАРҒАНДАР ақтық кезеңге жолдама алды

Астана қаласында мектеп оқушыларының пәнаралық және шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға арналған турнир ағылшын тілінде өтті.

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының оқушылары аталмыш олимпиаданың 10 аталымында 19 медальды қанжығасына байлады.

Турнир академиялық дәстүрлі жарыстардан өзгеше ұйымдастырылды. Оның мақсаты оқушылардың бойындағы бар қабілеттерін ынталандырумен қатар, олардың жаңа, сапалық бағытта ашыла түсуіне жол көрсету болды. Сондай-ақ, оқушылардың қосымша және шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға арналды. Олимпиаданың құрылтайшысы мен атқарушы директоры Америка Құрама Штаттарының азаматы Даниель Бердычевский болды.

Ағылшын тілінде өткен сайысқа Қазақстан мен Қырғызстанның әртүрлі мектептерінен үздік жарыс-сөзшілер, әдебиетшілер, пәнаралық байқаулардың білгір оқушылары жиналды. Әр команданың құрамына үш оқушыдан топтасып, олар төрт кезеңге бөлінген (Debates, Collaborative Writing, Collaborative Challenge, Collaborative Bowl) тапсырмаларды орындады. Эссе жазу, жарыссөз, тесттер мен викториналар шешуге құрылған тапсырмалар оқушылардың өз-өзіне деген сенімін, шешендік қабілеттерін арттырып, ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталды. Оқушылар тапсырмаларды орындау барысында өздерінің ағылшын тіліне қаншалықты жетік екендіктерін дәлелдеуге тырысты.

Турнирде ерекше ахуал қалыптасып, оған қатысқан оқушыларға байқаудың белгісі ретінде лама жұмсақ ойыншығы сыйға тартылды.

Ақтық кезеңге шыққан командалар Тайланд елінің астанасы Бангкокте үстіміздегі жылдың маусым айында бақ сынайды.

Алида МАКИНА,

облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp