«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ КҮРЕС — ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Халқымыздың ұлттық рухын көтерген қазақ күресі жанданып келеді. Бұл – елдігіміздің, егемендігіміздің бір айғағы. Елге қорған болатын, еліміздің даңқын шығаратын балуандар өсіп-жетілуде. Білгенге бұл үлкен қуаныш. Тайынша ауданындағы Теңдік орта мектебінің оқушылары да қазақтың төл өнері – қазақ күресінің қыр-сырын меңгеруде.

Біздің мектептің оқушыларына дене тәрбиесі сабақтарында спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Оқушыларды жарыстарға дайындау үшін шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлеріне баулимыз. Үйірмелердің жүйелі өткізілуі өз жемісін беруде.

Мен оқушыларыма қазақ күресінен жаттығу жүргіземін. Бір атап өтерлігі, оқушыларымның спорттың бұл түріне деген қызығушылығы күннен-күнге арта түсуде. Бапкер ретінде шәкірттеріме үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Аталарымызға қарап өскен біз де өскелең ұрпақ өкілдерін ұлттық өнермен сусындатуға тырысудамыз. Жеткен жетістіктеріміз аз емес. Мектебіміздің оқушылары аудан және облыс, сонымен қатар республикалық додаларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Әрине, жеңіске жету оңай емес. Жаттығу залында шелектеп тер төгуің қажет. Қазақ күресіне баулу барысында жалпы дайындық, арнаулы дайындық жаттығулары, дене дайындығы, спорттық және қозғалыс ойындары, жекпе-жекті жүргізу тәсілдерін қолданамыз. Сонымен қатар, тәжірибе мен теорияны ұштастыру қажет екендігін ұмытпаймыз. Жеткіншектерге қазақ күресінің тек айла-тәсілдерін үйретумен ғана емес, оның шығу тарихы, ел өмірінде алып отырған орны туралы айтудан жалықпаймын.

Ес білгеннен бастап, қай-қайсымыз болсын “күшті де алып болсам” деп армандап өскеніміз айдан анық. Күрес өнеріне келген әрбір қазақ баласы, жасыратыны жоқ, спорт десе, ең алдымен, аты аңызға айналған қазақтың батыр ұлы, күш атасы Қажымұқанды аузына алары сөзсіз. Кезінде әлемді аузына қаратқан ол халқының төл өнерінен сусындап, үйренгені хақ. Ендеше бүгінгі жарқын өнеріміздің балғын Қажымұқандарының тұсауларын қазақ күресі кесті. Тәй-тәй басқаннан төл өнеріміздің әдіс-айлаларын бес саусақтай біліп өскен олар өзге күрес түрлерін де жатсынбасы анық. Қазақ күресі бүгінгі әлемдік ареналардағы белдесу түрлерінің қай-қайсысына болсын жақын да ұқсас болғанымен, ұлттық спорттың шығу тарихы бөлек, оны білу әрқайсымызға міндет деп санаймын.

Тарихшылардың зерттеулері бойынша балуандардың күресі біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың ортасында, қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген халықтың өмірінің ажырамас бір бөлігі болған. Жалпы түркі халықтарының дәстүрлі спорттық жекпе-жек түрлері бір түп-тамырға ие екені сөзсіз. Қазақ күресінің басты ерекшелігі – балуандар тек тұрып күреседі. Балуан Шолақ, Қажымұқан, Боранкүл, Молдабай және тағы басқа атақты балуандардың есімдері қазақ халқының есінде мәңгілікке сақталады.

Қазақ күресі – тек мықты балуанды анықтайтын жекпе-жек қана емес, ол халықтың мақтанышы, көнеден жеткен асыл мұрасы. Ұлттық жекпе-жек түрі бұрынғы заманда әскери өнерді игеру үшін негіз болған. Қазақ жауынгерлері күреспен айналысып, күш пен ерлікті, шыдамдылық пен ептілікті дамытып келді, ал балуандардың күресі әскери шайқастың нәтижесін алдын ала болжап отырған.

Қазақта “Балағын түрініп, жеңін сыбанып күреске шықты” деген сөз бар. Яғни, ол – тік тұрып жүзеге асатын күрес түрі. Қарсыласыңды белден екі қолмен ұстауға, бір қолмен денені де қапсыра құшақтауға, белден жоғары киімнен де ұстауға болады. Сонымен бірге, аяқпен шалуға да рұқсат етіледі. Іштен шалу, өкшемен қағу, жамбас арқылы арқадан асыра лақтыру сынды әртүрлі әдістер қолданылады. Міне, осындай тәсілдердің арқасында күрескер өз күшін сынайды.

Қанат ЖҮНІСОВ,

Теңдік орта мектебінің

дене шынықтыру

пәнінің мұғалімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp