Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 71 жыл толады. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыс тарихымызда өшпес із қалдырды.
Адам баласы өмірге келгелі мұндай қырғынның куәгері болған жоқ шығар. Фашист басқыншыларынан елімізді, жерімізді қорғау үшін өрімдей ұл-қыздар республикамыздың түкпір-түкпірінен майдан шебіне аттанып жатты. Елде қалған кәрі-құртаң, үлкендер мен әйелдер басқа түскен қиындыққа құрыштай шынығып, бар жұмысты өздері еңсерді. Мұның бәрі бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге болары айдан анық.
Соғыс өрті біздің отбасын да шарпып өтті. Менің әкем Едрис Бегалин 1919 жылы дүниеге келген. Оның ата-анасы Бегәлі мен Қадима Преснов ауданының Ленин атындағы колхозында тұған. 1933 жылы әкем Преснов ауданындағы Новорыбинка орта мектебінің 7-сыныбын тамамдап, Петропавл қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. Арман қанатына ілескен бозбала атамыздың сырқатына байланысты оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Атамыз қайтыс болғаннан кейін әкеміз отбасының жағдайын ойлап, ауылда қалып, тракторға отырады.
1939 жылы Преснов аудандық әскери комиссариаты әкемізді Қызыл әскер қатарына шақырып, Череповец қаласындағы 34-ші қосалқы мергендер полкіне қабылданды. Алғырлығы, талаптылығы, ұмтылысы және ер-азаматқа тән мінезімен ерекшелене білген әкеміз көп ұзамай Ленинград қаласына ауыстырылып, бөлімше командирі болып тағайындалады.
Жарқын өмір үшін жанын аямаған ол соғыстың алғашқы күндерінен бастап майдан даласында болған ұрыстар кезінде батылдық танытып, қаруластарына өнеге болғаны – біз үшін мақтаныш. Қайсарлық пен қайраттылықты қанат еткен әкеміз 1941 жылы неміс басқыншыларымен болған кезекті шайқаста жау оғынан ауыр жарақаттанады. Біраз уақыт ем-дом алған ол қайта қатарға тұрып, 1943 жылы Ленинград қаласын жау құрсауынан босатуға белсенді қатысқандардың бірі болды. Соғыстан кейін ол 1945-1960 жылдары Батыс Қазақстан облысы Жанғалы аудандық әскери комиссариатының комиссары болып қызметін жалғастырды. Кейін Қорған облысының Макушин аудандық баспаханасының директоры болып еңбек етті. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарай білетін әкеміздің еңбек жолы осылайша жалғаса береді. Ең бастысы, ол өзі араласқан жандардың құрметіне бөлене білген жаны жомарт адам еді.
Соғыс жылдары майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін бірнеше медаль, ордендермен марапатталған әкемді бүгінде сағынышпен еске аламын. Ол кішіпейіл, мейірімді адам болатын. Кішкентай кезімде мені еркелетіп, үнемі көтеріп жүретін. Мен болсам, оның жылтыраған медаль, ордендерін қызық көріп, ойнайтынмын.
Жасынан еңбекке араласып, майдан даласында шыңдалған одан сұрапыл жылдар туралы әңгімелеп беруін өтінгенде: “Жау оғынан көз жұмған қарулас достарды, отқа оранған қалалар мен қираған ауылдарды қалай ғана ұмытуға болады. Бұл – санамызда жатталып қалатын және ешқашан естен кетпейтін сұмдық көріністер. Ол туралы еске алу да, айтып беру де қиын”, – деп екі ауыз сөзбен қысқа ғана қайыратын.
Шынымен де, біреудің жалғызын, біреудің асылын жалмап, талайлардың көз жасын көл қылған соғыс зардабы қанша жанға қасірет әкелді. Бұл – елге де, ерге де сын болған уақыт. Қанша қиындық болса да, төзіп, көніп, батылдық пен батырлықтың арқасында жерімізді жаудан босатуға атсалысқан азаматтар арасында менің де әкемнің болғанын ерекше мақтан етемін.
Сәуле МҰСАБАЕВА.
Петропавл қаласы.
