«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР” ЖАСТАРҒА СЕНІМ АРТУДА

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жергілікті “Қызылжар” футбол командасының ұжымымен кездесіп, спортшыларға ел чемпионатында жоғары нәтижеге жетуге тілектестік білдірді. Бірінші лигада өнер көрсететін команда алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Алғашқы турда сырт алаңда “Байқоңыр” клубын 0:2 есебімен тізе бүктірген жерлестеріміз, кубок жолындағы жарысты да тәп-тәуір бастады. 1/8 финалда Қостанайдың “Тобылына” қарсы ойнайды.

– Жыл сайын чемпионат басталар алдында команда мүшелерімен кездесу жақсы дәстүрге айналды. Өткенге көз жүгіртіп, алда бағындырар межені бағамдаймыз. Былтыр “Қызылжар” төртінші орынға тұрақтады. Бұл жаман нәтиже емес, бірақ мақсатымыз одан биік. Биыл Премьер-лигаға шығу міндеті қойылып отыр, – деді Ерік Сұлтанов. Өңір басшысы командаға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Соның ішінде жаттығу сапалы жүруі үшін материалдық-техникалық базаны жаңарту көзделуде.

Команда құрамындағы өзгерістер мен “Қарасай” стадионында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары туралы клуб президенті Григорий Лория баяндады. Былтырғы құрамнан алты ойыншы ғана қалған. Футболдың жілігін шағып, майын ішкен майталман футболшылар Роман Нестеренко, Әли Әлиев пен Евгений Аверченко жастарға жол сілтеп, алаңға бастап шықпақ. Петропавл футбол мектебінің жарық жұлдыздарының бірі Евгений Аверченконың араға біраз жыл салып, командаға қайтып оралуы жанкүйерлерді қуанышқа бөлері сөзсіз. Клуб басшысы стадионның көрермендерге арналған орындықтары жаңартылып жатқанынан да жиналғандарды құлағдар етті.

Бас бапкер Владимир Фомичев чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиындары сәтті өткенін хабарлады. Петропавлда Спорт сарайының ашылуы футболшыларға да көп көмек болған екен. Бір ай бойы команда физикалық дайындықтарын залда шыңдаған. Бапкер жанкүйерлердің сенімін ақтауға күш салатындарын жеткізді. “Жергілікті “Құлагер” хоккей командасы ел чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль жеңіп алды. Ендігі кезек футболшыларда. Біз кем дегенде күміс медальға қол созамыз. Чемпионатта топ жарып, Премьер-лигаға шықсақ тіпті жақсы”, – деді ол.

“Қызылжардың” қақпашысы әрі капитаны Роман Нестеренко мен жартылай қорғаушы Әли Әлиев те сенім үдесінен шығуға уәде беріп, Ерік Хамзаұлына ала доп пен 7-ші нөмірлі футбол жейдесін сыйға тартты. Спортшыларға ақжолтай тілегін жеткізу үшін сөз алған соғыс ардагері Степан Башкиров Петропавл футболының жұлдызды кезеңі – 2000-шы жылдарға шолу жасады. “Ол кезде біздің команда жүлделі орын үшін ғана ойнайтын, оған облыс әкімінің орынбасары ретінде Ерік Хамзаұлы, сіздің көп еңбегіңіз сіңген еді. Енді тұралап қалған футболды қайтадан көтеруіңіз керек”, – деп тоқтады жасы тоқсанға келсе де спорттан қол үзбеген ардагер.

Команданың негізін жиырманың ар жақ, бер жағындағы жастар құрап отыр. Петропавлдық Виктор Гунченко, Әділ Серғалиев, Александр Соколенко мен Тимур Мульдиновке мол сенім артылуда. Уалид Хишри, Бошко Ступич, Сергей Струков есімді үш легионер де көңілден шығарлық ойын көрсетуі тиіс. “Қызылжар” өз алаңындағы алғашқы кездесуін бүгін, сәуірдің 16-сы күні ақтаулық “Каспий” командасымен өткізеді. Кездесу сағат 16-да басталады.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp