Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында республикалық “BI Жұлдызай – 2016” фестивалінің іріктеу кезеңі өтті. Мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған XI республикалық байқауға облыстық кезеңде іріктелген 60 жасөспірім қатысты.
Фестивальды “BI Жұлдызай” корпоративтік қоры 2004 жылы ұйымдастырған болатын. Содан бері ол Қазақстанның барлық өңірлерінен 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі баланы қамтыған.
Облыстағы барлық арнайы түзету мектеп-интернаттарынан іріктелген өнерпаз оқушылар хореография, вокалдық ән, аспапта ойнау, әнді ым тілінде орындау, сәндік-қолданбалы шығармашылық, бейнелеу өнері аталымдары бойынша бақтарын сынады.
Көрермендер Тайынша ауданындағы Чкалов мектеп-интернатынан келген Нұғман Назардың тамылжыта салған “Қазақстан – менің өмірім”, Есіл ауданындағы А.Игібаев атындағы орта мектеп оқушысы Ақжол Ақжанов құйқылжыта орындаған “Көк тудың желбірегені” әндерін ерекше қошеметпен қарсы алды. Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілерінен құралған “Пульс” тобының “Сенің жүрегіңнің музыкасы” биі де ерекше әсер қалдырды.
Қазылар алқасы іріктеген 16 өнерпаз республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығында өтетін іріктеудің екінші кезеңіне жолдама алды. Онда балалар үшін түрлі саяхаттар, көрмелер, отандық танымал жұлдыздармен, жаңа достармен кездесулер ұйымдастырылады.
Ақтық кезеңге шыққандар халықаралық балаларды қорғау күнінде Астана қаласында өтетін галаконцертте өнер көрсетеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: “BI Жұлдызай – 2016” байқауынан көрініс.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
