«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бюджет ақшасы қатаң бақыланады

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы денсаулық сақтау басқармасына қарасты ведомстволық бағыныстағы 6 мекемеде бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың сәйкестігі және мемлекет активтерін басқарудың тиімділігі бойынша аудит жүргізді.

Мемлекет активтерін пайдалану кезінде жалпы сомасы 227 339,2 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесі бойынша жергілікті бюджетке 849,6 мың теңге қайтарылды. Бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жүргізу кезінде 91 339,9 мың теңгенің бұзушылығы белгілі болды. Сондай-ақ, тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуде, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалануда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақшалай міндеттеме қабылдауда кемшіліктер анықталды.

“Ақжар орталық аудандық ауруханасы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жүргізілген тексеріс барысында “Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы” Заңының талаптарын бұзудың бірнеше деректері белгілі болды. Кәсіпорынның қаржылық есебінде бухгалтерлік есеп тізілімінің, соның ішінде дебиторлық және кредиторлық берешектері туралы мәліметтер жоқ. Сонымен қатар, есепті кезеңнің соңында 91 339,9 мың теңге игерілмеген. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында жалпы сомасы 57 717,0 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталып, жылдық жоспарда көзделмеген тауарларды сатып алудың, шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа уақтылы шағымданбаудың, атқару мерзімі 15 күнтізбелік күннен кем болатын мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасаудың деректері мәлім болды.

Сондай-ақ, бағалық ұсыныстарды сұрау тәсілімен дәрілік заттарды сатып алуды жүргізу кезінде біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарын ұсынбаған үміткер конкурс жеңімпазы деп танылған. Мемлекет активтерін басқаруға жүргізілген аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 37 831,0 мың теңге мүлікті тиімсіз пайдаланудың дерегі анықталды, соның ішінде жалпы құны 3 082,9 мың теңге тұратын медициналық жабдықтар сатып алынған сәттен бері мүлдем пайдаланылмаған.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның туберкулезге қарсы диспансерінің кредиторлық берешектерінің жағдайына жүргізілген аудит барысында бөлінген бюджеттік қаражаттан тыс жалпы сомасы 33 972,6 мың теңге ақшалай міндеттеме қабылдау фактілері анықталды. Еліміздің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына жүргізілген аудит нәтижесінде жалпы сомасы 2 370,8 мың теңгенің құқық бұзушылығы анықталды, бұл қаржы біліктілік санаты үшін күн сайынғы жұмыс нормасын ұзартумен үстемеақы, сыйақы, касса арқылы ақшалай қаражатпен жалақы төлемдеріне жұмсалған. Ал іссапарлық шығыстарды өтеуге, жанар-жағармай материалдарын есептен шығаруға және басқа да шығындарға жалпы сомасы 432,8 мың теңге бөлінген. Денсаулық сақтау мекемесі ғимаратын күрделі жөндеуге бөлінген бюджеттік қаражатты пайдаланудың сәйкестігін тексеру кезінде “Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы” Заңын, құрылыс нормаларын, мердігер шарттарын сақтамаудың қаржы бұзушылықтары 290,6 мың теңгені құрады.

Жүргізілген аудиторлық бақылау қаржылық тәртіпті сақтау және мемлекет активтерін, бюджет қаражатын тиімді басқару деңгейінің жетімсіздігін көрсетті. Бюджет және еліміздің өзге де заңнамаларын сақтамау салдарынан еңбек заңнамасы бұзылып, іссапаралық шығыстар, жанар-жағармайды негізсіз есептен шығару, бухгалтерлік есептілікті жүргізу, мемлекет активтерін пайдалану, мемлекеттік сатып алу жүргізу барысында тәртіп бұзушылықтарға жол берілген.

Денсаулық мекемесіне келушілердің арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша сұралғандардың 94 пайызы – кепілді тегін медициналық көмектің шеңберінде ұсынылатын дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасына, ал 97,6 пайызы көрсетілетін қызметтерге қанағаттанатындықтарын айтқан. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері тексеру комиссиясының отырысында қаралып, соған сәйкес қаулы қабылданды және аудиторлық қорытынды бекітілді, анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою туралы тексерілген денсаулық ұйымдарына нұсқама жолданды.

Еркебұлан БАҒРАМОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp