Биылғы су тасқынымен күресте солтүстікқазақстандықтар жалғыз қалған жоқ. Ішкі істер министрлігінің шешімімен еліміздің басқа аймақтарынан күш жұмылдырылып, көмек көрсетілді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, бүгінде су тасқынынан туындаған қиындықтар артта қалды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің Қызылорда мен Жамбыл облыстарындағы және Астана мен Алматы қалаларындағы жеке құрамдарынан 137 құтқарушы, 35 техника, 10 мотопомпа, 12 жүзу құралы, 2 жылжымалы су сору стансасы тартылды. Олардың көмегімен өміріне қауіп төнген 17 адам құтқарылды, 780 тұрғын апатты жерден уақытша көшіріліп, 1884 мал қауіпсіз жерге шығарылды.
Құтқарушылар күні-түні су тасқыны зардаптарын жою және алдын алу үшін бірлесе қимылдап, тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетті, сонымен қатар қиын сәтте халықпен бірге болып, оларға апаттық жағдайларда қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Біріккен күш су тасқынына тойтарыс берді, қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Көмекке келген құтқарушылар үйлеріне оралуда.
Өткен сенбі күні комитеттің үш бөлімшесінен келген құтқарушыларды жергілікті әріптестері салтанатты түрде шығарып салды. Қызылорда қаласынан келген аумақтық апаттық-құтқару жасағының 20 жауынгері Есіл ауданының Петровка ауылындағы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орын алған төтенше оқиғаларды жоюға, су жайылған Есіл ауданының Алқа ауылынан тұрғындарды көшіруге, Покровка-Корнеевка тасжолында қалған техникалар мен адамдарды қауіпсіз жерге орналастыруға үлкен қолғабыс жасады. “Сіздер өз міндеттеріңізді соңына дейін орындадыңыздар. Тұрғындар сіздерді жақсы сөзбен еске алатын болады. Жерлестерімнің атынан алғысымды білдіремін”, – деді Петровка ауылдық округінің әкімі Өтеген Жүсіпов.
Астаналық және алматылық 53 құтқарушы тұрақты мекендеріне Рублевка ауылынан аттанды. Олар Тайынша, Шал ақын және Аққайың аудандарының елді мекендерінде азаматтық қорғаныс шараларын жүзеге асырған болатын. Құтқарушылар Донецкое ауылында орын алған төтенше оқиғаның ортасында болып, Степное, Городецкое, Жанажол және Аққайың ауданының бірқатар ауылдарында топан сумен күресті.
Дүйсенбі күні өзге өңірлерден су тасқынымен күреске көмекке келген құтқарушылардың соңғы легі жолға шықты. Жамбыл облысынан жеткен 50 құтқарушы Қызылжар ауданындағы елді мекендерде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізген болатын. Осындағы құтқарушыларды шығарып салу шарасына облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев қатысып, көктемгі су тасқыны зардаптарынан облыс халқын қорғауға белсенді атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, олардың кәсіби біліктілігінің арқасында апаттар уақтылы ауыздықталғанын жеткізді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Атығаев әріптестерінің қиын сәтте қол ұшын бергеніне ризашылығын білдіріп, олардың өз қызметтерінде адалдық пен батылдықты ту еткенін мақтан етті.
Төрт өңірден келген 137 құтқарушының әрқайсысына облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Алғыс хаты салтанатты түрде табыс етілді.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
баспасөз хатшысы.