«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІ

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студент жастардың “Аламан – 2016” өңірлік фестивалінің жабылу салтанаты өтті. “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” әлеуметтік жобасы мен “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша облысымызға білім алуға келген студент жастар арасында өткізілген фестивальда оқуда алғыр, қоғамдық жұмыстарға белсенді ұл-қыздар анықталды.

“Серпін – 2050” бағдарламасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді. Стратегияға сәйкес дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесін шешуде оның тигізер көмегі мол. Жас буын өкілдерін жұмыс қолы жетіспейтін солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, болашақта еңбекпен қамтамасыз ету мақсаты көзделген. Бағдарлама аясында облысымызда оңтүстіктен келген 700-ден астам студент білім алуда. Аталмыш жоба былтырғы жылы педагогикалық мамандықтар арасында жүргізілсе, биыл оның шеңбері инженерлік-техникалық, ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бағыттарда жалғасып, студенттер саны екі есеге артты. “Аламан – 2016” өңірлік фестивалі осы жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін арттыру, әлеуметтік бейімдеу мақсатында екінші рет ұйымдастырылды.

Он аталым бойынша үздік деп танылған студенттер университет ректорының грамоталарымен марапатталды. Мұндай құрметке спорттық сайыстарда көзге түскен командалар да ие болды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: СҚМУ-дің проректоры Мүкәрам Тайжанова “Жалынды сардар” аталымында топ жарған 2-курс студенті Шынарай Жұмабекованы марапаттауда.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp