«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап өтті. Оның ішінде жаңа әлеуметтік саясат бағыты бойынша алда тұрған басты міндеттерді белгіледі.

Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық көп жағдайда жұмыс берушілердің және қызметкерлердің өздеріне тиісті құқықтары мен міндеттерді білулеріне байланысты болады. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы азаматтардың конституциялық құқықтары мен еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты тұлғалардың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында білім-біліктерін тексеру де біздің құзырымыздағы жұмыс.

Өткен жылы біз облыстың 604 кәсіпорнын тексердік. Тексеру нәтижесінде 1520 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде еңбек қатынасына қатысты – 1099, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша – 409 заң бұзушылық анықталып отыр. Жұмыспен қамту бойынша 12 заң бұзушылық тіркелді. Заң талаптарын сақтамаған 369 лауазымды және заңды тұлғаға 38,7 миллион теңге айыппұл салынып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2015 жылы өндірісте 85 оқыс оқиға орын алып, 86 адам зардап шекті. Оның ішінде 10 адам мерт болды. Қалғандары ауыр, орташа және жеңіл жарақаттар алды. Қайғылы жағдай немесе ауыр жарақаттануға байланысты орын алған оқиғалар бойынша арнайы зерттеу жүргізіліп, мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатында шаралар белгіленді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары өз ұйғарымдарының орындалмауына байланысты сот органдарына 28 материал жіберді. Сот органдары барлық материалдар бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымын міндетті түрде орындау жөнінде процессуалды шешім шығарды.

Жаңа экономикалық жағдайда еңбек нарығын еңбек қатынастарын реттеуге бейімдеуге, жұмыс берушілерді бизнестің дамуына ынталандыруға және жұмыс орындарының сақталуына ықпал етуі керек екенін баса айтып өткен жөн. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Еңбек кодексінде жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу жеңілдетілген. Екінші жағынан қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделеді. Бекітілген кестеге сәйкес облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы Петропавл қаласы мен барлық аудандарда жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша жұмыс берушілер, жұмысшылар, кәсіподақ ұйымдары, кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен көшпелі семинар-кеңес өткізді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеріс жүргізу барысында да кәсіпорындар әкімшілігі мен еңбек ұжымына Кодекстің нормаларын түсіндірді.

Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекторлары жүйелі түрде азаматтарды қабылдау жүргізетінін баса айтқым келеді. Қабылдауға келген әрбір адам еңбек заңнамасының нормалары, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап алуға мүмкіндігі бар.

Мейрамбек АХМЕТОВ,

облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ақпараттық-сараптамалық қамсыздандыру секторының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp