Өндіріс цехының бригадирі Наиль Хамидулин – Петропавл қаласындағы темір-бетон дайындаумен айналысатын “СевКаз Родник” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті мамандарының бірі. Оның бұл цехта жұмыс істегеніне – 21 жыл болған.
Темір-бетон құю оңай шаруа емес. Өз ісінің шебері қандай жұмыс сеніп тапсырылса да, жауапкершілікпен тыңғылықты орындайды. Бригадир болғандықтан, қасындағы көмекшілерінен сапалы еңбекті талап етеді.
– Серіктестікте жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Осы уақыт аралығында білмегенімді үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқаныма өзімді бақытты сезінемін. Ал қазіргідей экономикалық қиын жағдайда бәріміз де бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Сондықтан мен еліміздің гүлденуі жолында әрі қарай да аянбай еңбек ететін боламын, – дейді ол.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
