Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардың қиындықтары біздің көз алдымызда. Ел экономикасы құлдырап, жұмыссыздық ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бүгінгідей молшылық заманмен ол кезді мүлде салыстыруға болмайды. Қазір Құдайға шүкір, ел экономикасы да, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы да жақсарып келеді.
Тәңір берген Тәуелсіздіктің арқасында біз қазір дамудың даңғыл сатысына көтерілдік. Ел жағдайы жақсарып, әлемдік деңгейдегі экономикасы дамыған мемлекеттермен иық түйістіруге жарап қалдық. Бұл Елбасымыздың сындарлы саясатының, бір тудың астында жұдырықтай жұмылған қазақстандықтардың ауызбірлігінің арқасында жүзеге асқан игілікті іс деп білемін.
Марқұм жолдасым Ерғали Нұрмағанбетұлы Үкіметке қарап қол қусырып отырмау керектігін түсініп, ел экономикасын көтеруге бір адамдай атсалысқан жөн деген байламға келді. Жұбайымның бастамасымен 1994 жылы “Әсем” шаруа қожалығын құрдық. Ол кезде небәрі 130 гектар жеріміз ғана болатын. Қажетті техникаларды жалға алып, біраз қиналдық.
Өмір болған соң қызық пен қуаныш қатар жүреді. Өзінің ұрпағына аманат етіп қалдырып кеткендей жұбайым қожалықты құрғаннан кейін көп кешікпей о дүниелік болды. Барлық жауапкершілік маған жүктелді. Балалар ол кезде жас болатын. Сондықтан босаңсымай белді бекем буып, шаруаны өз қолыма алдым. Жолдасымның ісін әрі қарай жалғастырып, ұятқа қалмау үшін барынша тырыстым. Балаларым да ержетіп, ел қатарына қосылып, маған қолқанат болды.
Бүгінде өткен күндерді еске алсам, көрген қиындықтарымыздың аз емес екенін түсінемін. Еңбекке деген ерекше құлшыныстың арқасында, әлде Құдайдың бізге көрсеткен шапағаты ма, әйтеуір, ісіміз алға басып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біздің шаруашылықпен айналысқанымызға 22 жыл болды. Қазіргі таңда 2 мың гектар жеріміз бар. Бидай, арпа, рапс, зығыр егеміз. Ақанбарақ ауылының 30 адамын жұмыспен қамтудамыз. Орташа еңбекақы – 65 мың теңге. Жаз айларында механизаторлар одан да көп табыс табады. Бүгінде машина-трактор паркі жаңартылып, заманауи комбайндарға да қол жеткізудеміз. Барлығын қосқанда өзімізге тиесілі елу шақты техникамыз бар. Біздің қол жеткізген жетістігіміздің барлығы Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін.
Жер-Анадан нәр алған ата-бабамыз ежелден егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқан. Сондықтан бұл кәсіп бізге ешқандай қиындық келтірмейді. Әрі ауыл шаруашылығы облыстың жетекші салаларының біріне жатады. Өткен жылы біздің диқандар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, саланың оң қарқынмен дамуына жағдай жасады. Солардың арасында біздің шаруашылық та бар. Орташа есеппен өнімділік гектарынан 15 центнерден айналды. Астықты уақытында жинап ала алдық. Биыл да мол өнімнен үміттіміз.
Бұрынғыдай емес, қазір еңбек ететін адамға барлық жағдай жасалуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың арқасында ауыл шаруашылығында оң өзгерістер баршылық. Өткен жылы “Даму” қоры арқылы 1,5 миллион теңге несиеге қол жеткіздік. “Алтын асық” бағдарламасына қатысып, 12 миллион теңгеге 400 бас қой сатып алдық. Мұның барлығы тәуелсіз елдің жетістігі деп білемін. Осындай қолдаулардың арқасында шаруалар еліміздің дамуына барынша үлес қосатынына менің сенімім кәміл.
Өзіміздің мүмкіндігімізді саралай келе егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысуды қолға алдық. Қазіргі таңда шаруашылықта – 657 қой, 100-ге жуық ірі қара, 250-дей жылқы бар. Мал қорасы да, жайылымдық жер де жеткілікті. 2 мың гектарға жуық жайылымдық жеріміз бар.
Уақыт бір орнында тұрмайды, біз де өзгеріп, өрісімізді кеңейтуге барынша мүдделіміз. Биылдан бастап бие сауып, қымыз өндіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Етті ірі қара өсірумен қатар, сүтті асылтұқымды сиырлар ұстау да көзделуде. Егін егіп, мал басын көбейту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу да ойда бар.
Біз әрқашан жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ерекше назар аударамыз. Егер олардың жағдайы жақсы болса, еңбекке деген құлшыныстары да оянады. Жұмыскерлерге ғана емес, ауыл тұрғындарына да қолымыздан келгенше қолдау көрсетеміз. Бес күндік жалған дүниеде бір-бірімізге қол ұшымызды созып, барынша қамқор болғанға не жетсін! Тұрғындардың отын-шөбіне қарайласып, мектепке де шама-шарқымыз келгенше қолдау білдіреміз. Әсіресе, жас спортшылардың түрлі жарыстарға қатысуына демеушілік жасаймыз. Өйткені, бүгінгі жастар – ертеңгі болашағымыз. Аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында мектеп асханасында 21 баланы тегін тамақтандырамыз.
Елбасымыз өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауында еңбек адамдарының беделін арттыру қажеттілігіне назар аударған болатын. Осы орайда шаруа қожалығы ашылған уақыттан бері бізбен бірге жұмыс істеп келе жатқан алдыңғы қатардағы механизаторлар Қаратай Бірімжанов, Қайрат Рашев, Михаил Дмитриенко, Дмитрий Зеленов есімді азаматтардың еңбегін бағалап, оларға Қостанайдағы “Сосновый бор” шипажайына жолдама алып бердік. Алдағы уақытта тағы басқа жұмысшыларды да осылай демалдыратын боламыз.
Бүгін мен жалғыз емеспін. Үлкен ұлым Асан Городецкий ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істейді. Ал кіші ұлым Аслан шаруа қожалығында маған қолғабыс етеді. Ұлдарымның азамат болып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отырғанына аналық көңілім дән риза. Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін әрқашан жұмыс істеуге дайынбыз.
Светлана АТЫМТАЕВА,
“Әсем” шаруа қожалығының басшысы.
Шал ақын ауданы.
