«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Батырдың есімі ардақталса…

Бірде “Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясын” алып, оны ақтара бастадым… Көзіме бұрын-соңды мен естімеген Павел Семенович Свечников деген Кеңес Одағының Батыры жайлы дерек бірден түсті. Өзі біздің Шал ақын ауданының Коноваловка ауылында 1926 жылғы 9 қаңтар күні туған деген дерек тағы бар. Бұл Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында болған жағдай.

Павел Свечников біздің жерлесіміз болса, біз оның ерлік істері жайлы неге білмейміз? Осы ой менің аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың табалдырығын аттауыма себеп болды. Өкінішке қарай, бұл мекемеде батыр жерлесіміз жайлы ешқандай дерек табылмағандықтан, аудандық мұрағатқа атбасын бұрдым. Менің мәселемді мұқият тыңдап алған мұрағат қызметкерлері өтініш жаздырып алды да, араға күндер салып қолыма Павел Свечников жайында анықтама ұстатты. Свечниковтер отбасы біздің өңірге өткен ғасырдың басында (1909-1910) Самара губерниясынан көшіп келіп, Коноваловка ауылын мекен еткен. Сол жылдары Самара губерниясынан қоныстанған өзге шаруалар қазіргі Городецкий ауылының іргесін қалап, 1929 жылы “Свободная степь” ұжымшарын құрған. (Өлкетанушы-педагог Қ.Мұқанов. “Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы”).

Коноваловка ауылының жері шаруашылығын өркендетіп, ерінбей еңбек етем деген адамға өте қолайлы болған. Міне, осындай өңірде Свечниковтердің тұрмыстары өрге басып, орташа ауқатты отбасылардың қатарында күн кешкен. 1926 жылы Павел Есіл өзенінің жағасында орналасқан Коноваловкада дүниеге келген.

“Менің әжем бізге ауылдағы кулактардың дүние-мүлкін тәркілеген кезең жайында деректер айтатынды. Сонда Свечниковтерді Коноваловкадан арбамен әкетті деп отыратын”, – деді көп жылдар бойы кеңес, партия органдарында абыройлы қызмет атқарған зейнеткер Анна Сенькина. Соған қарағанда аштық аранын ашып, ауқатты адамдардың мал-мүлкі тәркіленген кез Свечниковтердің Қырғызстанға көшуіне себеп болған.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Павел Қырғыз КСР-нің, Сакулук ауданындағы Қызыл ту елді мекенінде жетінші сынып бітірген көрінеді. Әкесі майданда ауыр шайқастардың бірінде ерлікпен қаза табады. Оның кегін алу үшін Павел майданға сұранып, әскери комиссариатқа бірнеше рет арызданады. Содан 17-ге толғанда жасына жас қосып, 1943 жылдың қаңтарында майданға аттанып, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетеді.

Павел Свечниковтің майдан жолдары жайлы Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының бөлім меңгерушісі Михаил Мелехиннің ақпаратынан білдім. Онда 1943 жылдың 17 қазанында Павел Свечниковтің Украинада неміс басқыншыларының танкілеріне қарсы кескілескен майданда ерлікпен көзге түскендігі туралы айтылған.

Павел Свечников майдандағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған. “Қызыл Ту” және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Украина жеріндегі Черкасск облысының Умань қаласы маңында болған қантөгіс шайқаста неміс басқыншыларының күші басым түсіп, кеңес жауынгерлері жеңіліс тапқан. Осы шайқаста бір апта бұрын ғана он сегізге толған өрімдей жігіт ауыр жараланып, медсанбатқа жетпей көз жұмған. Ол Днепрдің жағалауында жерленген.

Бір айта кетерлігі, Павел Свечниковтің есімі солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары тізімінің арасында болмаған. Біздің қолымызда бар деректерге сүйенсек, Павел Свечников майданға Қырғызстанның Сакулук аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Сол себепті ол біздің облыстың тізіміне енбей қалған сыңайлы.

Біздер, шалақындықтар, қан майданда дұшпанға қасқайып қарсы аттанған, ерлік істер жасап ерекше көзге түскен Павел Свечниковтің есімін кейінгі ұрпақтың есінде қалатындай қадам жасауға тиіспіз. Батыр – халықтікі, бүтін елдікі. Оның ерлік істері тарих үшін қажет, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосар үлесі зор деген пікірмен осыған дейін Павел Свечников жайында мақалаларды аудандық газеттерге жазған болатынмын. Сергеевка қаласындағы Западная көшесін аралап кездескен тұрғындарға: “Павел Свечниковті білесіз бе? Ол кім болған?” – деген сауалдар қойдым. Үлкені де, кішісі де бейхабар болып шықты. Болат Сәрсенбаев деген жалғыз азамат қана Свечников жайында деректерден құлағдар екен. “Көтеріп отырған мәселе орынды. Батырдың есімін есте қалдыру қажет. Ойға алған іс-шара болашақ ұрпақ үшін, әсіресе, аудан тарихы үшін қажет”, – деді ол.

Өткен жылы аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру конференциясында көкірегімде жүрген келелі мәселені ақсақалдардың алдында жайып салдым. Көп уақыт өтпей аудандық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының төрағасы Совет Мұқатовтың мұрындық болуымен қырыққа жуық еңбек ардагері, зейнеткерлер қол қойған хат аудан әкімі Ербол Сағдиевқа жолданды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Коноваловка селосының тұрғындары Владимир Лебедев пен Юрий Иванов өз елді мекенінде Кеңес Одағының Батыры Павел Свечниковке арнап мәрмәр тастан белгі қойды. Жерлесіміздің ерен ерлігін насихаттауда аудандық кітапхана қызметкерлері де ерекше ынта білдіруде. Ысқақ Ыбыраев пен Павел Гончар сынды Кеңес Одағы Батырларының қатарында Павел Свечниковтің де тұруы орынды емес пе? Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Павел Свечниковтің 90 жылдығы қарсаңында оның есімін аудан орталығындағы бір көшеге берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp