Есімдері көпшілікке таныс, кейінгі ұрпақ еңбегін құрметпен еске алатын, бүгіндері арамызда жоқ нар тұлғалы азаматтар аз емес. Солардың бірі Төке Аяғанұлы деуге әбден болады. Еңбек майданында шынығып, шыңдалған ол көзі тірі болса 90 жастың төріне шығар еді. Саналы ғұмырын елінің жарқын болашағына арнаған оның артында қалған ұрпағы бар. Сабыржан Төкеұлы әкесінің өз заманының беткеұстары болғанын мақтанышпен әңгімеледі.
– “Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел”, – деп хакім Абай айтқандай, көлдей толқып, желдей зулап өтіп жатқан жылдардың ішінде кімде-кім болсын балалық дәуренді сағынышпен еске алады ғой. Өйткені, ананың аялы алақанын сезініп, әкенің ыстық мейіріміне бөленіп өскен мен үшін ол күндер сағымға айналып барады. Бүгінгі күні өткенге көз жүгіртсем анамыз балаларын тәрбиелеу үшін үйде отырды, ал әкеміз тыным таппай еңбек етті. Соның өзінде ешкімге міндетсінбейтін болмысы бөлек азамат еді. Әсіресе, күзгі орақ, көктемгі егіс секілді жауапты науқандарда ол кісіні апталап көруден қалатынбыз. Ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан, алтын астық қамбаға құйылғанша ат үстінен түспейтін.
Әкем бұрынғы Преснов, Булаев аудандарында басшылық қызметтер атқарды. “Жақсы әкенің абыройы балаға қырық жыл азық”, дегендей, әлі күнге дейін оның көзін көргендер еңбегін бағалап, адами қасиеттерін ерекше ілтипатпен айтып жатады. Әрине, мұндайда бір марқайып қаласың. Іске татыр жақсылықтары болмаса, ол жайлы баяғыда-ақ ұмытып кетер еді ғой. Преснов ауданында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінің тізгінін ұстаған тұста көптеген әлеуметтік нысандардың салынуына ұйытқы болыпты. “Төкенің салған мектебі”, “Төке ашқан ФАП” деп айтылып жатқанда жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Әкемді көзі көрген, өңірімізге сыйлы азамат марқұм Қосыл Омаров өмірден өткенше оның алдына көмек сұрап барғандардың бетін қақпағанын есіне жиі алып отыратын. “Ауыл адамдарынан: “Төкенің қабылдауында болдым, кішіпейіл, әділ әрі іскер басшы екен, мәселемді бірден шешіп берді”, деген ілтипатты жиі еститінмін”, – деп еске алушы еді Қосыл Омаров.
Ол кездері бала болғандықтан ба, әкемнің жұмыс барысы жайлы айтқандары есімде қалмапты. Бірақ бүгінгі күні шаңырағымыздың төрінде тұрған оның орден, медальдары тынымсыз еңбектің өтеуі деп білемін. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаевтың “Қызылжар өңірінің зиялы қауымы” жинағында да әкем жайлы дерек берілген екен. Облыстың өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың есімі ұмытылмай, осылайша ұлықталып жатқаны қуантады.
– Төке Аяғанұлы жерлес жазушыларымыз – Ғабит Мүсіреповпен, Сәбит Мұқановпен де етене араласқан дегенді естідік, бұл туралы не айтар едіңіз?
– Әкем тірі кезінде менің Сәбит Мұқановтың тізесінде отырып түскен, басқа да құнды суреттерді көзінің қарашығындай сақтап жүретін. Ұмытпасам сурет 1970 жылы түсірілген. Бүгінгі күнге дейін бұл жәдігерлер – отбасылық альбомдағы құнды фотолардың бірі. Ол жылдары бала болғандықтан, біраз жайттар есімде қалмапты. Әкемнің Алматыға жолы түскенде Сәбит Мұқановтың шаңырағында болып, дәм татқанын өз аузынан естідім. Қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған жерлес жазушыларға құрметі болар, әкеміз олардың кітаптарын жинастырып, біздің де ол шығармаларды оқуымызды қадағалап отыратын. “Аққан жұлдыз”, “Ұлпан” романдарымен жақынырақ танысқанда кітап авторларының біздің шаңырағымыздан дәм татқанын сыныптастарыма мақтанышпен айтқаным есімде.
– “Әке балаға – сыншы”, дейді ғой. Халыққа қадірлі Төке Аяғанұлы ұл-қыздарына қандай ақыл-кеңес айтып отырушы еді.
– “Балам, біреудің ала жібін аттама” дегені жадымда қалыпты. Әкеміз жұртқа қадірлі болса, алдымен еңбекқорлығының, одан кейін анамыз Райханамен сыйласып өмір сүргенінің арқасы шығар. Олар екі ұл, бір қыз өсірді. Төрт немересінің де жарық дүниеге келгенін көрді. Ұрпақтарының ержетіп, есейгеніне куә болып, 76 жасында өмірден озды. Жоғарыда әкемнің еңбекті сүйгені жайлы айттым ғой. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де тыным тауып отырған жоқ. Агроном болғандықтан ба, жер баптауды жаны сүйетін. Өмірінің соңына дейін бар уақытын саяжайға арнап, көкөніс, жеміс-жидек өсіріп, немерелерінің аузына тосудан шаршаған емес.
– Еңбекке ерте араласқан Төке Аяғанұлы Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан қуанышты күнге де куә болды ғой. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жеткенін көрудің өзі бақыт емес пе?
– Әрине, азаттықты армандап, аңсап өткен елдер аз емес қой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарық қиындықтары қыспаққа алғанда “Бала күнімнен өмірдің ыстығы мен суығына шыдадым, азын-аулақ ауыртпалықтан да аман-есен өтерміз”, – деп отыратын. Айтқаны айнымай келді. Халқымыздың тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшқанын көріп кетті. Әкеміз тәубешіл адамды, балаларын да “барға тасыма, жоққа жасыма” деп үйретті. Зайыбы Райхана екеуі жарты ғасыр бірге жұптары жазылмай өмір сүріп, үлгілі ата-ана ретінде балалары мен немерелерінің ілтипатына бөленді. Қарттық өмірдің де қызығына аман-есен жетті. Сондықтан ардақтыларымызға Құран бағыштап, иман байлығын тілеп отыру перзенттік парызымыз деп білеміз. “Өлі разы болмай, тірі байымайды”, ата-анаға деген құрметіміз ешқашан ортаймайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
